Accessibility links

Флорида штатында қару сатуды шектеу шараларын мақұлдады


Атыс қаруына бақылауды күшейту талабымен акция өткізіп тұрған мектеп оқушылары мен ата-аналары. Флорида штаты, АҚШ, 17 ақпан 2018 жыл
Атыс қаруына бақылауды күшейту талабымен акция өткізіп тұрған мектеп оқушылары мен ата-аналары. Флорида штаты, АҚШ, 17 ақпан 2018 жыл

АҚШ-тың Флорида штатының заң шығарушы органы орта мектеп қызметкерлеріне қару алып жүруге рұқсат беретін заң жобасын сәрсенбі күні мақұлдады.

Бұл заң жобасы Поркленд қаласындағы Марджори Стоунман Дуглас мектебінде 17 адам ажал құшқан қарулы шабуылдан кейін үш апта өткенде мақұлданды. Заң жобасында қарастырылған негізгі баптардың арасында 21 жасқа толмаған адамдарға қару сатуға тыйым салу, қару сатып алуға тапсырыс жасаған адамға оны үш тәуліктен соң ғана беру, дүркіндете оқ атуға арналған тетік орнатуға тыйым салу және мектеп қабырғасында оқушыларды қорғау үшін қару қолдану құқығына ие болған мектеп қызметкерлерін қару пайдалануға үйрететін арнайы бағдарламалар ұйымдастыру туралы ережелер бар. Қару ұстау құқығы берілетін санатқа мектеп әкімшілігі өкілдері мен қызмет көрсетумен айналысатын жұмыскерлер енгізілген, бірақ мұғалімдерге қару беру көзделмеген.

Флорида заң шығарушыларының бұл шешімі мектеп оқушылары мен ата-аналардың қару сатуға шамалы шектеу қойылған штат аумағында атыс қаруына бақылау шараларын күшейтуге бағытталған қуатты кампаниясының нәтижесінде қабылданған. Әдетте қару сатуды шектеуге қарсылық танытып келген консерваторлардың көбі осы жолы заң жобасын мақұлдап дауыс берген.

XS
SM
MD
LG