Accessibility links

Мирзияевтың Тәжікстанға "тарихи" сапары басталды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пенТәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 9 наурыз 2018 жыл
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пенТәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 9 наурыз 2018 жыл

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев наурыздың 9-ы таңертең Тәжікстанға алғашқы мемлекеттік сапармен барды. Душанбе әуежайында оны Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және өзге де ресми тұлғалар күтіп алды деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы.

Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, екі күнге жалғасатын сапар барысында 25-тен аса құжатқа қол қою жоспарланған. Олардың арасында өзбек-тәжік мемлекеттік шекарасының жекелеген тұстары туралы шарт және екі елдің азаматтарының өзара сапарына қатысты келісім бар.

Кей бақылаушылар Шавкат Мирзияевтың Тәжікстанға осы сапарын "тарихи" деп атап жатыр. Бұл Мирзияевтың Өзбекстан президенті болып сайланғалы Душанбеге алғашқы сапары. Мирзияевке дейін билік басында тұңғыш президент Ислам Каримов болған жылдары көршілес екі елдің арасы нашарлап кеткен еді.

Оқи отырыңыз: Тәжік-өзбек қатынасында жылымық орнады ма?

Өзбекстан президентін ресми қарсы алу шарасы Ұлттар сарайында өтті. Рәсімнен кейін Эмомали Рахмон мен Шавкат Мирзияев бетпе-бет жабық есік жағдайында кездесті.

Ресми ақпаратқа сәйкес, жоғары деңгейде өткен келіссөздер барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы, көлік-коммуникациялық, туризм, мәдени-гуманитарлық және аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, екі ел азаматтарының өзара сапар шегу тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланбақ.

Сонымен бірге Эмомали Рахмон мен Шавкат Мирзияев екі елдің бизнесмендерінің форумына қатысады. Бүгін кешке "Кохи-Борбад" мемлекеттік кешенінде екі мемлекеттің өнерпаздарының қатысуымен "Достық кеші" гала-концерті өтпек.

Наурыздың 10-ы күні Мирзияев Тәжікстан парламенті төменгі палатасының төрағасы Шукурджон Зухуровпен және тәжік үкіметінің жетекшісі Кохир Расулзодамен кездеседі деп жоспарланған.

Шавкат Мирзияевтың Тәжікстанға мемлекеттік сапары қарсаңында тәжік-өзбек шекарасында сегіз автокөлік және бір темір жол бақылау-өткізу бекеттері жұмысын қайта бастаған.

XS
SM
MD
LG