Accessibility links

Тәжік-өзбек қатынасында жылымық орнады ма?


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) ресми сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті әуежайда күтіп алды. Душанбе, 9 наурыз 2018 жыл

Бүгін Шавкат Мирзияев Душанбеге барды. Бұл 1991 жылдан бергі кезеңде Өзбекстан президентінің көршілес Тәжікстанға жасаған екінші сапары. Жиырма жыл ішінде екіжақты қарым-қатынаста бір-біріне қырын қараған кездер де болды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев наурыздың 9-ы таңертең Тәжікстанға алғашқы мемлекеттік сапармен барды. Душанбе әуежайында оны Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және өзге де ресми тұлғалар күтіп алды деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі (Озоди).

Екі күнге жалғасатын сапар барысында қол қою жоспарланған 25-тен аса құжаттың арасында өзбек-тәжік мемлекеттік шекарасының жекелеген тұстары туралы шарт және екі елдің азаматтарының өзара сапарына қатысты келісім бар деп хабарлады Өзбекстан президенті баспасөз қызметі.

Кей бақылаушылар Өзбекстан президенті болып сайланғалы бері Душанбеге алғаш мемлекеттік сапармен келген Шавкат Мирзияевтың осы сапарын "тарихи" деп атап жатыр. Бұрын Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың тұсында көршілес екі елдің арасы нашарлап кеткен еді.

2016 жылғы қыркүйекте Өзбекстан басшылығына келісімен Мирзияев Орталық Азиядағы көршілерімен қарым-қатынасты жақсартуға басымдық берген. Бұл оңай шаруа емес еді, өйткені 2016 жылы дүние салған Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов өз елі Совет одағы құрамынан шығып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Орталық Азиядағы төрт мемлекетпен өле-өлгенше араз болып өтті.

Тәжікстанға сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті әуежайда ұлттық киімде қарсы алып тұрған тәжік жастары. Душанбе, 9 наурыз 2018 жыл
Тәжікстанға сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті әуежайда ұлттық киімде қарсы алып тұрған тәжік жастары. Душанбе, 9 наурыз 2018 жыл

Мирзияев 2017 жылы Түркіменстан, Қазақстан мен Қырғызстанға барып қайтқан, бірақ ол өткен жылы Тәжікстанға келмеген еді. Кей болжамдар бойынша, Мирзияев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен жүздескенге дейін Ташкент пен Душанбе арасындағы біраз мәселені шешіп алу қажет болған. Ал, бәлкім, екі елдің достық қарым-қатынаста болатынына көз жеткізгенге дейін біраз уақыт керек болған шығар.

Бұған дейінгі Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынасты нашар, тіпті шиеленіскен деп сипаттауға болады, бірақ Каримов ел басқарып тұрғанда барлық көршілерімен арада ұстанған саясаты осы шамалас болды. Шыныменен, іс жүзінде өзбек пен тәжік арасы мүлде нашарлап кеткен еді. Кей кездері екі елдің үкіметтері бір-бірінің мүдделеріне ашық түрде қарсы әрекет етті.

ЖАУДЫ ЖАСЫРУ

Өзбекстан мен Тәжікстан өкіметтерінің, нақтырақ айтсақ, Каримов пен Рахмонның араздығы Тәжікстандағы 1992-1997 жылдары болған азамат соғысы кезінен бастау алады.

Каримов тәжік үкіметінің Ислам жаңғыру партиясы (ТИЖП) бастаған оппозиция топтарымен күресін қатты қолдады. 1992 жылы қыркүйекте ол Душанбеде өткен Дүниежүзі тәжіктерінің форумына хат жіберіп, "өзбектер мен тәжіктер арасындағы жақындық ортақ салт-дәстүрге және мәдени ұқсастыққа негізделгенін" айтқан. 1992 жылғы желтоқсанда Өзбекстан Жоғары кеңесі Тәжікстанның үкімет күштеріне, әлі билікке толық келмеген жаңа басшы Эмомали Рахмонға (ол кезде фамилиясы Рахмонов болған) көмектесу үшін әскери батальон жіберу туралы шешім қабылдаған. Өзбек әскері Тәжікстанға барып, үкімет жасағына қолғабыс тигізіп, азамат соғысы біткенше сол жерде болды.

Каримов Тәжікстанда "исламшылардың" билікке келгенін қаламады және бұл көзқарасты қолдағандар көп болды. Тәжікстан армиясы Бірінші бригадасының командирі, полковник Махмұд Худайбердиев те тәжік оппозициясына, соның ішінде ТИЖП-ға қарсы болды. 1997 жылғы маусымда Мәскеуде қол қойылған Тәжікстандағы Бейбітшілік келісіміне сәйкес, үкіметтегі орындардың 30 пайызы оппозиция өкілдеріне берілуі тиіс болды.

Каримов пен Худайбердиев мұны өздерінің жеңілісі деп қабылдады. Худайбердиев әскерін жинап, 1997 жылғы тамызда Тәжікстан астанасында марш өткізді. Бірақ бүлікшіл полковниктің бетін қайтарды. Әскерімен қоса жоқ болып кеткен ол тек біраз уақыт өткеннен кейін қайта бас көтерді.

1998 жылғы 4 қарашада Махмұд Худайбердиев солтүстік Тәжікстанға шабуыл жасады. Бірақ төрт күннен соң шегінуге мәжбүр болып, сосын қайта жоқ боп кетті.

Тәжікстан армиясы Бірінші бригадасының командирі, полковник Махмұд Худайбердиев
Тәжікстан армиясы Бірінші бригадасының командирі, полковник Махмұд Худайбердиев

Оның Өзбекстаннан келіп, қайтадан сол елге кетіп қалғаны айтпаса да түсінікті еді. 12 қарашада Тәжікстан парламентінде сөйлеген сөзінде Эмомали Рахмон қарулы жасақты Ислам Каримовтың қолдап отырғанына дәлел бар деп мәлімдеді.

"Бүлік ұйымдастырып, жасақтарға көмектесу арқылы Өзбекстан басшылығы бүкіл Тәжікстанды бақылауына алғысы келеді", - деді Рахмон.

Ресми Ташкент Худайбердиевпен байлансы бар деген сөзді үзілді-кесілді жоққа шығарып, өзін "тәжік содырларына көмектесті" деп айыптаған Душанбеге реніш білдірді. Ізінше Өзбекстан "қаржылық себептермен" Тәжікстандағы батальонын қайтарып, оның бір бөлігін Тәжікстанмен арадағы шекараны күзетуге қойды.

1999 жылғы 16 ақпанда Ташкентте бірнеше жарылыс болды. Каримов үкіметі "бұл шабуылды исламшыл экстремистер ұйымдастырды" деп мәлімдеп, қудалауды бастады: мыңдаған мұсылманды түрмеге қамады, мыңдаған адам бассауғалап шетелге қашты.

1999 жылғы мамырда Тәжікстанның орталығындағы Тавил-Дара таулы ауданында атыс болды. Бұл кезде елде әлі қарусыздану науқаны жүріп жатқан, сондықтан ресми тұлғалар "бейбіт келісім тағы бұзылатын болды" деп қауіптенді. Үкімет оқиғаның жай-жапсарын анықтау мақсатында атыс болған жерге өкілдерін жіберді. Олар оқиға орнында бірнеше мың өзбектің жүргенін айтты. Тәжікстан үкіметі оларды "босқындар" деп сипаттады.

Олардың көбі Тавил-Дараға Өзбекстандағы қуғын-сүргіннен қашып келген. Азамат соғысы кезінде Тавил-Дара тәжік оппозициялық күштерінің бекінісі рөлін атқарған, ал 1999 жылғы мамырда ТИЖП күштеріне қосылған Жұма Намангани деген атпен белгілі өзбек бүлікшісі осында келіп тығылған.

Өзбекстан үкіметі жариялаған амнистияға байланысты кей өзбек топтары елге қайтуды ұйғарса, кейбірі Тәжікстаннан кетуден бас тартып, соның салдарынан шыққан өзара жанжалдың соңы атысқа ұласқан.

Картадағы Тәжікстан мен оған көрші елдер
Картадағы Тәжікстан мен оған көрші елдер

Тәжікстанда сол жылы тамыздың басында қарусызданудың соңғы кезеңі басталуы тиіс еді, сондықтан үкімет пен оппозиция Намангани мен оның адамдарына елден кету туралы талап қойды. Ал олар болса тау асып, Қырғызстанға өтіп, тамыздың басында сондағы бір ауылды басып алған. Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметтері Тәжікстанды қарулы жасақты ауыздықтауға шақырды, тәжік билігі қарулы топтың Тәжікстаннан бармағанын және өздерімен еш байланысы жоғын айтумен болды.

Қырғызстан билігі қарулы топ кепілге алған ауыл азаматтары мен әскерилерді босату үшін әлгілерге ақша төлеуге мәжбүр болды. Кетіп қалған содырлар артынша бұрынғыдан әлдеқайда көп болып қайтып оралып, Өзбекстандағы Ислам Каримов режимін құлатуды мақсат ететін "Өзбекстан Ислам қозғалысын" (ӨИҚ) құрғандарын мәлімдеген.

Ақыр соңында тәжік үкіметі ӨИҚ тобының Тавил-Дара ауданына жайғасып алғанын мойындап, оларды Ауғанстанға шығарып жіберуге күш салған.

Каримов Тавил-Дарада ӨИҚ жасағының көзін жойып жібермегені үшін тәжік үкіметіне қатты ашуланды. Әйткенмен, әділін айту керек, азамат соғысы кезінде талқандалған Тавил-Дараны толық бақылауда ұстауға Тәжікстан үкіметі әскерінің әлі қауқары жетпейтін. Каримов ӨИҚ қайтып оралады деп мәлімдеген. Айтса айтқандай, 2000 жылы ӨИҚ содырлары Қырғызстанның оңтүстігі мен Өзбекстанның шығысындағы кей елдімекендерге шабуыл жасады. Тәжікстан өз жеріндегі ӨИҚ базаларына шабуыл жасаудан бас тартты.

Өзбекстан Тәжікстан және Қырғызстанмен арадағы шекара бойына мина орнатуды ұйғардым, соның кесірінен ұзақ жылдар бойы бейбіт тұрғындар минаға түсіп қаза тапты я мертікті. 2009 жылғы қарашада Өзбекстанның Тәжікстандағы елшісі Шокосим Шоисламов өз үкіметінің шекарадағы миналарды алып тастау жоспары жоқ екенін мәлоімдеді.

"Таудағы бұл миналардың ешкімге зияны жоқ және жай адамдардың ондай адам аяғы жетуі қиын жерлерге баратын еш жөні жоқ. Ол жерге шекараны заңсыз қиып өткісі келетіндер ғана барады. Міне соларға қарсы Тәжікстанмен шекараның кей бөліктеріне мина орнаттық", - деді елші.

2001 жылғы қарашада Ауғанстанда Наманганидің көзі жойылды. Худайбердиевтің қайда екені белгісіз. Дегенмен, Тәжікстан басшылығы соңғы жылдары бірнеше рет оның Өзбекстанда жасырынғанын айтқан. 2013 жылғы қарашада тәжік тікұшақтары өзбек жеріне "адасып" еніп кеткенде олар Худайбердиевтің жаттығу лагерін іздеп барған деген болжамдар айтылған.

"ТЫҢШЫЛЫҚ"

Өзбекстан түрмелерінде тыңшылық айыбымен отырғандардың көбі – "Тәжікстан мүддесіне тыңшылық жасаған" деп қамалғандар. Олардың арасында әйелдер де көп. Кейбірі, мәселен, 2017 жылы тамызда "тәжік үкіметі пайдасына тыңшылық жасаған" деген айыппен 10,5 жылға бас бостандығынан айырылған 36 жастағы Алана Ким тәрізді баласы бар аналар. Өзбекстан мемлекеттік телеарналары елдегі "тәжік шпионажы" туралы бірнеше хабар берген.

Тәжікстан Өзбекстан тәрізді "тыңшылық" жасағаны үшін көп адамды соттаған жоқ, әйткенмен бұл елде де соған ұқсас бірнеше оқиға болған. 2010 жылы Тәжікстанның "Сангтуда-1" және "Нурек" су электр стансалары туралы ақпаратты Өзбекстанға бергені үшін этникалық өзбек Боймурад Анаров сотталған.

НАШАР КӨРШІ

Ташкент пен Душанбе жылдар бойы бір-бірінің атына сын айтып келеді.

1998 жылғы 30 қарашада Махмұд Худайбердиевтің Тәжікстанға шабуылдарына көмектескенін жоққа шығарған президент Ислам Каримов "Қырғызстан мен Өзбекстан шекарашылары тапқан есірткі көлемі тәжік үкіметі мен құқық органдарының заңсыз есірткі саудасына қатысы барын дәлелдейді" деп мәлімдеген.

Тәжікстан Өзбекстанның шекараға өз бетімен демаркация жүргізіп, тәжік үкіметіне хабар берместен бақылау мұнаралары мен шекара бекеттерін тұрғызғанына сан мәрте наразылық білдірген.

Екі елдің үкіметтері де бір-бірінің шекара әскерін мал ұрлау тәрізді шекара бойындағы қылмыстарға қатысы бар деп айыптап келеді.

Өзбекстан "Тәжікстанның алюминий зауыты Өзбекстанның ауасын, өзендерін ластады" деп мәлімдеген. Бұған қоса Тәжікстан мен Өзбекстанды ұзақ жылдан бері дүрдараз етіп отырған су дауы мен су энергетикасы мәселесі тағы бар.

Екі елдің үкіметтері де бір-бірін жау етіп көрсету ісінде тым әріге дейін барды, оның бәрі мемлекеттік телеарналарында көрініс тауып жатты. Сондықтан, Мирзияевтің Тәжікстанға баруға асықпауы - көрші екі ел арасындағы тоңды жібіту үшін едәуір уақыт қажет болатындығымен байланысты болуы ықтимал деген ойға жетелейді.

(Мақалада айтылған пікірлер Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG