Accessibility links

Орталық Азиядағы су электр станцияларын салу машақаты


БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун Тәжікстанның Нүрек су электр станциясында жүр. (Көрнекі сурет)

Мамыр айынан бастап Орталық Азиядағы су электр станциялары туралы көп айтыла бастады. Тұрғындар ғана емес, көктемгі қардың еруін бақылап, үйлер мен фабрикаларға жарық беру мәселесін талқылаған шенеуніктер де осы тақырыпты қозғады.

Таулы аймақта орналасқан Қырғызстан мен Тәжікстан үшін бұл тақырып үнемі өзекті мәселе болып қала бермек. Гидроэнергетикалық мүмкіндіктері зор болса да, бұл екі елдің қолын кедейлік байлап отыр. Алайда соңғы уақытта гидроэнергетика проблемасын Өзбекстан басшылары жиі қозғап жүр.

Өзбекстан көп жылдар бойы Қырғызстан мен Тәжікстанда ірі су электр станцияларын салуға қарсылық білдіріп (арасында қоқан-лоқы да жасап) келген еді, енді алдағы онжылдықта гидроэнергетиканы дамытуға 4 миллиард 350 миллион доллар жұмсайтынын мәлімдеді.

Мамыр айының басында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бұл елдің қалпына келтірілетін қуат көздерін дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеді. Маусымның басында Мирзияев Өзбекстандағы су энергетикасын дамыту бағдарламасына қол қойды. Бағдарлама бойынша, 2021 жылға дейін 18 жаңа су электр станцияларын салу және бұрыннан бар 14 станцияны жаңарту жоспарланған, оған шамамен 2 миллиард 650 миллион доллар жұмсалмақ.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Өзбек басылымдары су электр станцияларының көлемі (шағын, орташа немесе үлкен) мен олардың қай жерде салынатыны туралы көп жазбады, бірақ президент Мирзияев елдің солтүстігіндегі Сырдария облысына барғанда сол өңірде қуаты 15 МВт шағын станция салынатынын айтты.

Ұзақ мерзімді бағдарлама туралы есептерде 2030 жылға дейін гидроэнергетика саласындағы басқа жобалардың да іске асатыны айтылған, оған шамамен 1 миллиард 700 миллион доллар жұмсалмақ. Өзбекстанның бұл бағдарламасы бойынша, осы жобалардың бәрін бітіргенде гидроэнергетика елдегі энергетикалық баланстың 15,8 пайызын құрайтын болады (қазір ол 12,7 пайызын құрап отыр).

Сонымен 2 миллард 650 миллион доллар мен 1 миллиард 700 миллион долларды қоссақ, Өзбекстанның су электр станцияларын дамыту бағдарламасына 4 миллиардтан артық доллар кететінін көреміз.

Тәжікстан Рогун су электр станциясы құрылысын тездетіп жатыр, оны бітірген кезде шамамен 3600 МВт қуат өндіріледі. Бұл мемлекет энергетикалық тұрғыда тәуелсіз болып қана қоймай, оны экспорттауға кіріспек. Дүние салғаны былтыр қыркүйекте хабарланған Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов Рогун станциясы мен Қырғызстандағы «Қамбар ата-1» су электр станциясын салуға үзілді-кесілді қарсы болған еді.

Жаңадан сайланған Мирзияевтің үкіметі аталған ірі станцияларға қатысты саясатын білдірмеді, сондықтан Тәжікстан Рогун су электр станциясы құрылысын бітіруге кірісіп кетті. Қазанның 29-ы күні олар Вахш өзенінің бір бөлігін бекітті, солайша құрылыс басталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Рогун ГЭС-іне арналған плотина құрылысы басталды

Мамырдың 25-і күні Намояндагон мәжілісінің экономика және бюджет жөніндегі комитетінің төраға орынбасары Баходур Акрамзода Рогун құрылысының жоспарлы алты бөлігінің үшеуі 2018 жылдың соңына қарай іске қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Италияның Salini Impregilo компаниясы 2016 жылдың шілдесінде Тәжікстанмен Рогун су электр станциясын аяқтау туралы келісімге отырды (құрылыс 1976 жылы, Тәжікстан советтік республика болып тұрған кезде басталған еді, 1991 жылы СССР құлап, құрылыс тоқтап қалған).

Өзбекстан президенті Мирзияев Рогун су электр станциясы туралы нақты пікірін айтпады, бірақ Азаттықтың Қазақ қызметі жазғандай, Мирзияев премьер-министр болып тұрған кезінде, 2016 жылдың шілдесінде тәжіктердің Salini Impregilo компаниясымен келісімге отырғанына наразылық білдіріп, Тәжікстан энергетикалық мәселесін «Рогун станциясынсыз да шеше алады» деп мәлімдеген еді.

Шілденің 1-і күні баспасөз құралдары Өзбекстанның Жоғарғы мәжілісі спикерінің орынбасары Бори Алихановтың пікірін таратты. Ол «Өзбекстанның трансшекаралық су көздерін оңтайлы және әділ қолдануын қолдайтынын» айтқан. «Бұл Рогунге де қатысты» деген Алиханов бұл станция құрылысына қатысты Өзбекстан позициясын нақты білдірмеді.

Тәжікстандағы Нүрек су электр станциясын жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына бірнеше ай болды. Бұл станция мемлекетті 70 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Дүниежүзілік банк бұл жобаға 225 миллион доллардан астам қаражат несиесін берді, Азиядағы инфрақұрылым және инвестиция банкі мен Еуразиялық даму банкі де ақша бөлді.

Нүрек су электр станциясынан шығып жатқан су. (Көрнекі сурет)
Нүрек су электр станциясынан шығып жатқан су. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан әзірше «Қамбар ата-1» су электр станциясы құрылысын тоқтата тұратын тәрізді. Бұл станция салынған жағдайда 1900 МВт электр энергиясын өндіретін еді. Бірақ құны 3 миллиард доллар тұратын жобаға шетелдік инвесторлар араласпаса, қырғыз үкіметінің шамасы жетпей отыр.

Оның орнына Қырғызстан елді 40 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз ететін Тоқтағұл су электр станциясын қайта жөндеуге мән беріп жатыр. Мамырдың 13-і күні премьер-министр Сооронбай Жеенбеков Тоқтағұл станциясын жаңарту жөніндегі жобаны іске қосты. Жоба біткенде ол қосымша 240 МВт электр энергиясын шығармақ, су электр станциясын жөндеу құны 120 миллион доллар болатыны айтылды.

Тоқтағұл су электр станциясының жұмысын бітіру өте маңызды, себебі 2015 жылдың желтоқсанында мұндағы төрт турбинаның үшеуі істен шықты, елдің біраз бөлігі жарықсыз қалды. Мамырдың ортасында үкімет 14 шағын су электр станцияларын салуға тендер жариялады. Олардың қуаты 3 пен 20 МВт арасында болмақ, көбі елдің алыс және таулы аймақтарына салынады.

Өнеркәсіп, энергетика және ресурстарды басқару жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Дуйшенбек Зилалиев жақында берген сұхбатында мұндай су электр станцияларының су тасқыны мен селден жиі зардап шегетін таулы аймақтар үшін өте маңызды екенін айтты.

«Қамбар ата-1» су электр станциясына келсек, оны салуға Қырғызстанның ірі инвестор табуы екіталай. Шағын су электр станцияларының құрылысы аса қымбат емес, маусымның 15-і күні аты-жөнін жариялауға қарсы болған бір шенеунік «бұл жобаға алты компания шақырылғанын, оның біреуі ғана шетелдік» екенін айтты.

Қазақстан үкіметі жаңа су электр станциясын салынатыны туралы ақпарат таратпады. Бірақ Астанада ЕХРО-2017 көрмесі өтіп жатыр, ол шара қалпына келетін және экологиялық таза энергия көздерін дамыту тақырыбына арналған.

Өзбекстанға келсек, мемлекет гидроэнергетикалық бағдарламасына 4 миллиард 350 миллион доллар жұмсамақ. «Қамбар ата-1» су электр станциясының құрылысы 3 миллиард доллар тұрады, ал Рогун станциясының құрылысына 3 миллиард 900 миллион доллар кетпек. Өзбекстанның ішкі су электр станциясына жұмсайтын ақшасы «Қамбар ата-1» немесе Рогун станциясын салуға кететін қаражатқа жетеғабыл, бірақ Өзбекстан көршілері бірнеше рет шақырса да бұл жобаларға қосылуға ниет білдірмеді.

2 миллиард 650 миллион доллар қаржы бөлгендеріне қарағанда халықаралық инвесторлардың Орталық Азиядағы гидроэнергетикалық жобаларға қызығатыны байқалады. Бұл қаржының көп бөлігін өзбек қаржы институттары алып отыр, бірақ 572 миллион долларды Қытайдың Эксимбанкі бермек, 181 миллион долларды - Ислам даму банкі, 77 миллион долларды - Азия инфрақұрылым және инвестиция банкі, 98 миллион долларды Азия даму банкі бқледі.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG