Accessibility links

Өзбекстан Орталық Азиядағы интеграция кілтін ауылдан іздейді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Оңтүстік Қазақстан облысы, 29 сәуір 2017 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Орталық Азия елдері шекаралас аймақтарының басшылары мен кәсіпкерлері қауымдастығын құруды ұсынды. Сарапшылар оның өміршеңдігіне күмәнмен қарағанымен, аймақтағы кейбір мәселені шешуде бірлестік тиімді бола алады дейді.

10-11 қараша күндері Өзбекстанның Самарқан қаласында "Орталық Азия: бір тарих және ортақ болашақ, тұрақты даму мен өзара гүлдену жолындағы ынтымақтастық" халықаралық конференциясы өтті. БҰҰ бастаған халықаралық ұйымдар өкілдері мен аймақ елдері сыртқы істер министрлері бас қосқан "Орталық Азия – Еуропа одағы" форматындағы осы жиында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев бірінші кезекте аймақта сауда-экономикалық байланысты арттыру үшін экономикалық форум ұйымдастырып, Орталық Азия (ОА) елдері шекаралас аймақтары басшылары мен кәсіпкерлері қауымдастығын құруды ұсынды.

САМАРҚАНДАҒЫ ҰСЫНЫСТАР МЕН ЖЕНЕВАҒА ЖЕТКЕН ДАУ

Аталған конференцияда Өзбекстан президенті жалпыаймақтық транспорттық коммуникацияны дамыту бағдарламасын бекітіп, бірыңғай қауіпсіздік бағытында жұмыс істеуге үндеді. Мирзияев ОА-дағы жастардың діни радикалдануының алдын алу бағытында Самарқанда имам Бұхари атындағы халықаралық зерттеу орталығы мен Ташкентте Ислам өркениеті орталығы құрылатынын хабарлап, аймақтағы шекара мен су пайдалану мәселесіне тоқталды.

Өзбекстанның ОА-дағы интеграцияға бағытталған бұл ұсыныстары биыл кезекті президентін сайлаған Қырғызстан мен тұңғыш президенті мызғымай басқарып келе жатқан Қазақстан арасында шекарадағы жүк тасымалы дауы ұлғайған кезде айтылып отыр.

Қазақстанға өту үшін шекарада кезек күтіп тұрған жүк көліктері. Қырғызстан, 19 қазан 2017 жыл.
Қазақстанға өту үшін шекарада кезек күтіп тұрған жүк көліктері. Қырғызстан, 19 қазан 2017 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесінен кейін Қазақстан Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) талаптары деген уәжбен тексеруді күшейтіп, Қырғызстанның кей өнімдерін кері қайтарған. Бішкек бұдан өздерінің зардап шегетінін айтып, ЕАЭО мен Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) шағынған. 10 қарашада Женевада Бүкіләлемдік сауда ұйымында Қырғызстанның шағымы тыңдалды. Қазақстан делегациясы сол жиында да шекарада өткізу қиындағаннан бері айтып жүрген уәжін қайталаған. Яғни, Астана тексеруді "контрабанданың алдын-алумен" байланыстырды. Бішкек болса, Қазақстан жүк тасымалдаушыларға кедергіні қолдан жасап отыр деп санайды.

КАРИМОВТАН КЕЙІНГІ ҚАДАМДАР

Былтыр Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан ОА-дағы көршілерімен байланысты жандандыруға ден қойған. Елде президент сайлауы өтпей жатып Ташкент іргелес Тәжікстан мен Қырғызстанмен шектесетін облыстарына делегация аттандырып, жаңа қатынас сұлбасын талқылауға кіріскен.

Шавкат Мирзияев президент болып сайланғаннан кейін өз саясатында аймақ елдерімен байланысқа басымдық беретінін жариялады. Ол алғашқы ресми сапарында да Түркіменстанның Өзбекстанмен шектесетін Лебап облысына барып, Түркіменабад - Фараб автомобиль және теміржол көпірлерінің ашылу рәсіміне қатысты.

Қырғыз-өзбек шекарасындағы "Достық" бақылау-өткізу бекетінің ашылу рәсіміне жиналған адамдар. Қырғызстан, 6 қыркүйек 2017 жыл.
Қырғыз-өзбек шекарасындағы "Достық" бақылау-өткізу бекетінің ашылу рәсіміне жиналған адамдар. Қырғызстан, 6 қыркүйек 2017 жыл.

Анклавқа толы Орталық Азияда биылғы жазда бұрын жабылған бірнеше шекара бекеті, автожолдар мен темір жол желісі қайтадан жұмыс істей бастаған болатын.

Самарқандағы жиында президент Мирзияев көтерген шекаралас облыстар басшылары мен кәсіпкерлерінің қауымдастығын құру және аймақаралық форум өткізу бастамалары ОА-дағы кейбір елдер үшін аса жаңалық емес. Қазақстан мен Ресей арасында осыған ұқсас аймақаралық форум биыл 14-мәрте өткізілген. Мұндай жиын жыл сайын Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының орталықтарында кезектесіп ұйымдастырылып тұрады. Аймақаралық деп айдарланғамен бұл жиындар екі ел басшыларының қатысуынсыз өткен емес.

"АЙМАҚТЫҢ ӨЗ ӘЛЕУЕТІН ПАЙДАЛАНУ"

Шекаралас облыстар байланысы арқылы ОА-дағы ынтымақтастықты арттыруды көздейтін Өзбекстанның ұсынысы жайлы қазақстандық сарапшылар төмендегідей пікір білдірді.

Саясаттанушы Гүлшат Нұрымбетова бұған дейін де Орталық Азиядағы интеграцияны дамытуға қатысты қадамдар жасалғанын, бірақ соның аймақ елдерінен қолдау таппай, тығырыққа тіреліп отырғанына назар аудартты. Ол мұндайда 2002-2005 жылдар аралығында жұмыс істей бастап, соңынан ЕАЭО-ға жұтылып кеткен Орталық Азия ынтымақтастық ұйымын мысал ретінде келтірді.

- Бұрын Өзбекстан аймақтағы ынтымақтастықты дамыту бастамаларына қосылмай қалыс қалып отыратын. Енді осындай ұсыныстарды Өзбекстанның өзі қозғайтын болды. Соңғы ұсынысты аймақ елдері қаншалықты қолдайды – оны уақыт көрсетеді, - дейді Гүлшат Нұрымбетова Азаттыққа.

Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлері мен Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини (ортада) "ЕО - Орталық Азия" сыртқы істер министрлері конференциясы кезінде. Самарқан, Өзбекстан, 10 қараша 2017 жыл.
Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлері мен Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини (ортада) "ЕО - Орталық Азия" сыртқы істер министрлері конференциясы кезінде. Самарқан, Өзбекстан, 10 қараша 2017 жыл.

Саясаттанушы қазіргі қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға меңзеп, Қазақстан мұндай қауымдастыққа қарсы болмайды деп есептейді.

- Бітімгершілік алаңы болып отырған Қазақстан Қырғызстанға қатысты мәселеде орынды қадам жасайтын шығар. Қазақстан Өзбекстан ұсынған қауымдастыққа да қарсы болмайды. Бірақ қауымдастық мәселелерді шешуде қаншалықты тиімді деген тағы бір сауал туындайды, - дейді саясаттанушы Гүлшат Нұрымбетова.

Орталық Азия мәселелері бойынша сарапшы Расул Жұмалы Өзбекстанның шекаралас аймақтар басшылары мен кәсіпкерлері қауымдастығын құру ұсынысы дер кезінде жасалды деп есептейді.

- Аймақтағы ынтымақтастық бұрыннан маңызды болатын, алайда түрлі себеппен дамымай отыр. Президент Мирзияевтің Каримовпен және Назарбаевпен салыстырғанда Ресей, Қытай сияқты үшінші бір елдерге жалтақтамай аймақ мәселесін реттеу туралы мәлімдемелері мен шешімдері үміт ұялатады. Бұл ОА аймағының өз әлеуетін пайдалану тұрғысынан маңызды, - деді Расул Жұмалы Азаттыққа.

Оның айтуынша, ОА-да орналасқан экономикалық, мәдени тұрғыда бір-бірін толықтырып тұратын мемлекеттердің жергілікті аймаққа тән өз ерекшеліктері де бар.

- Экономика, су, ауыл шаруашылығы мәселелері жергілікті жерде реттеледі. Жергілікті жағдайды сол жердің әкімдері мен жергілікті кәсіпкерден артық білетін ешкім жоқ. Сондықтан мұның арты нақты әрекетке ұласатын болса, құба-құп, - дейді сарапшы.

Ол Өзбекстан ұсынысының ОА-да қаншалықты қолдауға ие болатынын саяси элитаның ұстанымы мен ерік-жігеріне байланысты екенін айтады.

- Саясаткерлер түрлі мәлімдемелер жасауы ықтимал. Мәселен, Қазақстанның президент Атамбаев айтты екен деп шекарадағы қысымды күшейтуі дұрыс шешім болмады, - деген Расул Жұмалы аймақтағы жағдайға ОА-да саяси салмағы және экономикалық әлеуеті басым Қазақстан мен Өзбекстан өзінің жауапты екенін сезінуі тиіс деп санайтынын білдірді.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG