Accessibility links

Мирзияев алғашқы шетел сапарында Каримовті ұлықтады


Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің бюстінің алдында тұрған адамдар. Түркіменабад, 7 наурыз 2017 жыл.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің бюстінің алдында тұрған адамдар. Түркіменабад, 7 наурыз 2017 жыл.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өзінің шетелдік сапарын Түркіменстаннан бастады. Ресейшіл ұйымдарға қосылмайтын Өзбекстан мен Түркіменстан басшыларының кездесуі нені байқатты?

6-7 наурызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өзінің шетелдік ресми сапарын Түркіменстаннан бастады. Өзбекстан басшысы Наурыз мерекесінде Қазақстанға сапарлап, соңынан Ресейге барады деп хабарланған.

ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІ

Өзбекстан мен Түркіменстан – Орталық Азия аймағында Ресей бастаған Еуразия экономикалық одағы және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше емес елдер. Ресей президенті Владимир Путин таяудағы Орталық Азия сапарында Түркіменстан мен Өзбекстанға соқпады. Алайда ол Душанбеде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен бірге түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті. Онда Путин Түркіменстанға «көз жетер болашақта» сапарлайтынын білдіргені хабарланды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 7 наруыз 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 7 наруыз 2017 жыл.

Өзбекстан президентінің Ашғабатқа сапарында Шавкат Мирзияев пен Гурбангулы Бердімұхамедов екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі келісімге қол қойды. Қол қойылған басқа да құжаттарда 2018-2020 жылдарғы арналған экономикалық ынтымақтастық, теміржолды дамыту меморандумы, 2017-2019 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық бағдарламасы, сыртқы істер министрліктері арасындағы, шекаралас облыстар арасындағы қатынас, ауыл шаруашылығы және басқа да саладағы байланысты мәселелер қамтылған.

Екі ел президенттерінің кездесуінде көмірсутек ресурстарын экспорттауды әртараптандыру мәселесі де сөз болған. 2009 жылы іске қосылған Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай газ құбыры мұндайда «үлгі» ретінде аталған. Мирзияев пен Бердімұхамедов Арал теңізі экожүйесін қалпына келтіру және апат аймағындағы әлеуметтік түйткілдерді шешу жайын да талқылаған. Кездесуде Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерге жаңа гидротехникалық нысандар құрылысын келісіммен шешу және өзендердің төменгі ағысы бойындағы елдердің мүддесін ескеру керектігі айтылды. Ауғанстанмен шекараға ие бұл екі ел тиісінше халықаралық терроризм және экстремизм мәселесіне де назар аударған.

Шавкат Мирзияев Түркіменстанға сапарында Ашғабатта «түркіменбашы» Сапармұрад Ниязовтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, соңынан Түркіменабадта Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің бюстінің ашылу рәсіміне қатысты. Ескерткіш тұрғызылған көшеге Ислам Каримовтің аты берілген болатын. Өзбекстан және Түркіменстан президенттері бұған қоса Әмудария үстінен салынған Түркіменабад – Фараб автомобиль және теміржол көпірлерін де салтанатты түрде ашты. Бұл көпірлерді түркімен және украин мамандарының германиялық және норвегиялық технологияны пайдалана отырып салғаны хабарланды.

Шавкат Мирзияев пен Гурбангулы Бердімұхамедов екеуі де елдерінің екінші президенті. Екеуінің бірінші кездесуі ел назарын аудартқан оқиға болғанымен, сапар жайлы кеңінен талқыланбады. Мирзияев те, Бердімұхамедов те биыл жазда алпысқа толады. Алайда 10 жылдан бері президент болып келе жатқан Бердімұхамедов «Арқадағ» (қамқоршы, жарылқаушы) аталып, өзіне алтыннан ескерткіш тұрғызып және былтыр конституциядағы құзырын кеңейтіп үлгерді. Ал Мирзияевтің президент болып сайланғанына әлі жыл толған жоқ.

ВИЗА МӘСЕЛЕСІ ЕСКЕРІЛМЕДІ

Түркиялық сарапшы Еседолла Огуз президент Мирзияев алғашқы шетелдік сапарын Ашғабаттан бастау арқылы Өзбекстанның Түркіменстанмен байланыстың жаңа кезеңін қалыптастыруға мүдделі екенін көрсетті деп есептейді.

- Мирзияев пен Бердімұхамедов – Совет одағынан бері ел басқарып қалған тұңғыш президенттер Каримов пен Ниязовқа қарағанда жасаң басшылар. Олардың халықаралық байланыс туралы пікірлері басқаша болуы мүмкін. Алайда бір ғана түйткіл – Каримов пен Ниязов кезінен қордаланған проблемаларды олардың бір демде, бірнеше айда шеше салуы қиын. Оған уақыт керек болады, - дейді Еседолла Огуз Азаттыққа.

Түркіменстанмен арадағы шекара бекетінде тұрған адамдар. Өзбекстан, 6 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)
Түркіменстанмен арадағы шекара бекетінде тұрған адамдар. Өзбекстан, 6 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Сарапшының айтуынша, Өзбекстан мен Түркіменстан арасында қарапайым азаматтардың барыс-келісіне ыңғайлы болуы үшін визалық тәртіпті алып тастау да уақыт еншісіндегі шара. Бұл әсіресе, шекара бойында тұратын қарапайым адамдарға қолайлы болар еді.

- Түркіменстан Өзбекстанға қарағанда шекараны ашуға дайын емес сияқты, - деген сарапшының айтуынша, Мирзияев сапарында талқыланған Арал мәселесі тек Түркіменстан мен Өзбекстанның көмегімен шешілмейді. Бұл мәселе Аралға құятын су бойындағы және Арал жағасындағы елдердің тұтастай ат салысуын қажет етеді.

- Егер Өзбекстан - Түркіменстан байланысы айтарлықтай дами қалса, Орталық Азия аймағына үздік үлгі болар еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аймақ елдері бір-біріне жақындасуға қадам басқанымен, саяси мәселелер мен бәсекелестік оған кедергі жасады. Соңынан шекара жабылды да елдер бір-бірінен алшақтады, - дейді Еседолла Огуз.

РЕСЕЙ КЕДЕРГІ ЖАСАЙ МА?

Қазақстандық сарапшы Расул Жұмалының Азаттық радиосына айтуынша, өзбек президентінің Түркіменстанға сапары «сарапшылар болжамын бұзды». Өйткені мұның алдында Мирзияевтің президент ретінде алғашқы сапарын Ресейден, Қазақстаннан немесе Қытайдан бастайтыны жайлы пікірлер айтылған.

- Өзбекстанның жаңа президенті ресейшіл бағытты ұстанады деген мәліметті әсіресе, Ресей баспасөзі жиі таратуға тырысты. Бірақ Ашғабатқа сапары арқылы Мирзияев Ташкент басымдықты Орталық Азиядағы көршілеріне беретінін көрсетті. Тиісінше осы арқылы Өзбекстан Ресейдің екінші дәрежелі ел екендігін байқатты, - дейді сарапшы.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Батыс-Шығыс газ құбыры желісі бойындағы газ станциясын ашып тұр. 23 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Батыс-Шығыс газ құбыры желісі бойындағы газ станциясын ашып тұр. 23 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Расул Жұмалының айтуынша, Ислам Каримов кезінде қауіпсіздік, шекара, су-энергетика мәселелері бойынша Өзбекстанның Қырғызстанмен және Тәжікстанмен қатынасында дау туындады. Шекара және сауда мәселесіне орай Қазақстан - Өзбекстан арасында да келіспеушіліктер болды. Газ және шекара мәселесіне қатысты Өзбекстан Түркіменстанмен де жараспай келген.

- Мирзияевтің сапарында Түркіменстанмен өзара инвестиция алмасу, Қытайға газ экспорттау мәселесінің талқылануы маңызды болды. Транзиттік мүмкіндікті пайдалануға да мән берілді. Темір жол арқылы Иранға, тіпті Түркияға шығу жайы талқыланды. Бұл аймақтағы көліктік, дәліздік инфрақұрылымдар мүмкіндігін ашады. Оның кейбірін Қазақстанның қатысуынсыз елестету де қиын, - дейді Расул Жұмалы Азаттыққа.

Оның айтуынша, осы кездесуде Арал мәселесінің талқылануы – оңды қадам.

- Президент Шавкат Мирзияев Түркіменстанға сапары арқылы аймақтық байланысқа дайын екендігін көрсетті, - деген Расул Жұмалы Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған, сыртқы қатынасын қалыптастырған өткен 25 жылда «сыртқы күштер жетегінде кетті» деп есептейді.

Сарапшының айтқанына қарағанда, Қазақстан мен Қырғызстан саяси шешім қабылдарда Ресейге жалтақтап келеді. Кезінде аймақ ынтымақтастығын дамытуға сеп бола ма деген Орталық Азия экономикалық қоғамдастығы да ақырында Еуразия экономикалық одағына жұтылып кетті.

- Ресей алдағы уақытта да аймақ деңгейіндегі байланыстың дамуына барынша кедергі жасап бағады, - деп болжайды Расул Жұмалы.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG