Accessibility links

Орталық Азиядағы ұнасымды елдер қатынасындағы өзгеріс


Қазақстан аумағына кіру үшін шекара бекетінде кезекте тұрған адамдар. 13 қазан 2017 жыл.

Аяқталып отырған аптада Орталық Азияда Қазақстан мен Қырғызстан бір-бірін тағы да айыптаса, Тәжікстанда Иранға қарсы науқан жалғасты. Ал Өзбекстан басшысы ұзақ үзілістен соң Түркияға сапарлады.

ҚОЛПАШТАУ БІТІП, АЙЫПТАУ БАСТАЛҒАН КЕЗЕҢ

Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан президенті туралы 7 қазандағы мәлімдемесінен кейін Қазақстан екі ел шекарасына блок-постар орнатып, тексеруді күшейтті. Оны Астана әуелде "жоспарлы шара", сосын 15 қазанда өтетін президент сайлауы алдындағы қауіпсіздік қамы ретінде жариялағанымен, соңынан Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) шарттарымен түсіндіруге тырысты. Әдетте, сайлау өтетін ел шекара күзетін күшейтіп жататын. Сондықтан қазақ-қырғыз шекарасындағы қауіпсіздік шаралары Қырғызстанда емес, Қазақстанда сайлау өтетіндей әсер қалдырған.

Қазанның 25-інде Ереванда өткен Еуразия экономикалық одағының жиынында Қазақстан премьері Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанды Қытайдан әкелінген тауарларды жасырып, ЕАЭО-ның кедендік және салықтық заңнамасын бұзып отыр деп айыптады.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев (оң жақта) пен Қырғызстан премьері Сапар Исаков екі ел делегациясымен бірге отыр. Ереван, Армения, 24 қазан 2017 жыл.
Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев (оң жақта) пен Қырғызстан премьері Сапар Исаков екі ел делегациясымен бірге отыр. Ереван, Армения, 24 қазан 2017 жыл.

Ал қазанның 27-сінде елшілерден сенім грамотасын қабылдау кезінде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Еуразия экономикалық одағынан көңілі қалғанын білдіріп, тасымалға қолайлы болу үшін Қазақстанды айналып өтетін теміржол салу мәселесіне тоқталды. Бұрын біресе өзі қолдап, біресе өзі қарсы болып жүрген Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол желісі жобасын қолға алу керек деген Қырғызстан басшысы "экономикалық даму тұрғысынан ЕАЭО-ға тым үлкен үміт артудың қажеті шамалы екенін" айтқан.

- Өйткені, әлемдегі ең ұлы адам болса да, бір адам ойына келгенін жасайтын одаққа сенуге болмайды, - деген президент Атамбаев.

Ол 2014 жылы Астанаға алғаш рет ресми сапары қарсаңында Қазақстанның мемлекеттік арнасына берген сұхбатында Қазақстанды Алтын Орда мемлекетінің "тікелей мұрагері" екендігін айтып, Назарбаевты қолпаштай сөйлеген еді. Кейін осы ресми сапары кезінде, 2015 жылы ЕАЭО шеңберінде кедендік шекараны ашу рәсімі кезінде де Атамбаев Қазақстан басшысын "ағай" деп атап, үнемі ізет танытумен болды. Сонда ол екі ел арасында "шлагбаум болмауы керегін" айтқан.

Алайда биыл Назарбаевтың Қырғызстан президенттігіне кандидат, Атамбаев жақтырмайтын Омурбек Бабановпен кездесуі қазір шлагбаум тұрмақ, шекарадағы шараның күшейтілуіне себеп болды. Қырғызстанның жаңа президенті Сооронбай Жээнбеков қызметіне кірісіп, өз саясатын жариялағанға дейін екі ел шекарасындағы өткізу мәселесі осы күйінде қала беретінге ұқсайды. Ал 10 қарашада Қырғызстан екі ел шекарасындағы ахуал бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымында арнайы баяндама жасамақшы.

Алмазбек Атамбаевтың президенттік қызметі 1 желтоқсанда аяқталады. Желтоқсанның 1-і Қазақстанда "тұңғыш президент күні" ретінде атап өтіледі. Екі ел ЕАЭО-ға дейін-ақ екеуара одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойған.

ТӘЖІКСТАНДА ТАҒЫ ДА ИРАНДЫ АЙЫПТАДЫ

Тәжікстанда 2015 жылы тыйым салынған Исламдық жаңғыру партиясы басшысы Мухиддин Кабиридің сол жылғы Иранға сапарынан кейін салқындай бастаған Тәжікстан-Иран қатынасында соңғы кездері діни мәселелер жиі айтыла бастады. Тәжікстан президенті жанындағы исламтану орталығы сайтында жарияланған дінтанушы Қамар Нурулхақовтың "Шиизм: идеология және практика" атты көлемді мақаласы өткен аптада жиі талқыланған тақырыптардың бірі болды.

Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи (сол жақта) мен Тәжікстан Исламдық жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабири. Иран, 30 желтоқсан 2015 жыл.
Иранның жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеи (сол жақта) мен Тәжікстан Исламдық жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабири. Иран, 30 желтоқсан 2015 жыл.

Мақала авторы Иранның Тәжікстандағы азамат соғысы кезіндегі әрекеттеріне меңзеп, Иран тәжік қоғамына саяси ислам мәселесін енгізуге тырысты деп айыптайды. Қамар Нурулхақов Тегеранды Тәжікстан исламдық жаңғыру партиясын қолдау арқылы азамат соғысын тұтандырды деп жазады. Ол Иранның Тәжікстанда шииттік идеяны таратуға ұмтылғанын да айтып өткен.

Иран жағы әзірге бұл мәселеге қатысты тым-тырыс жатыр. Алайда биыл тамыз айында Тәжікстан мемлекеттік телеарнасында 1990 жылдардағы ресми тұлғалардың өліміне "Иран тапсырыс берген" деген пікір айтылған деректі фильмге Тегеран наразылығын білдірген болатын.

Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғанда Иран да алғашқылардың қатарында олардың тәуелсіздігін мойындап, елшіліктерін аша бастады. Оның ішінде Иранмен бір тілде сөйлейтін Тәжікстанға Тегеранның ықыласы ерекше болды. Орталық Азияға ықпалын жүргізуде өзін Түркиямен бәсекелес ретінде танитын Иран Тәжікстандағы соғыс кезінде тәжік студенттерін тегін оқытты. Иранда қанша тәжік студенті оқығаны туралы нақты мәлімет жоқ. Алайда соғыстан кейінгі жылдардың өзінде Қазвин, Тегеран, Мешхед, Кум, Исфахан қалаларында тәжік студенттері жиі кездесетін. Мұның сыртында, ресми билік арнайы шақыртпаса да Иранның сүнниттер қоныстанған Пәкістанмен шекарадағы аймақтарындағы діни оқу орындарына да тәжік студенттері ұшырасатын. Бұған қоса, Тәжікстанның бірқатар зиялылары да қиыншылық жылдары Иранда тұрды. Алайда қазіргі Тәжікстан соның бәрінен "исламдандырудың" сарынын іздестіре бастағандай. Иранда Ахмадинежад президент болып тұрғанда қозғалған парсытілдес елдердің одағын құру мәселесі туралы енді айтып жату – артық.

Биыл Тәжікстанда Ираннның мәдени орталықтары, компания өкілдіктері, зауыттары және қорлары белсенді түрде жабыла бастады. Көктемдегі Орталық Азияға сапарында Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф Тәжікстанды айналып өтіп кетсе, қайтара президенттікке сайланған Хасан Роуханидің инаугурациясына Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон бармады.

ТҮРКИЯНЫ "САҒЫНҒАН" ӨЗБЕКСТАН

Өзбекстан Шавкат Мирзияев билікке келгелі Орталық Азия елдерімен қатынасқа басымдық берген еді. Аймақтағы барлық елге сапарлап, оған "тарихи" деп мән берген президент Шавкат Мирзияевтың делегациясы қазанның 25-інде Түркияға сапармен барып, ондаған құжатқа қол қойып қайтты. Бұл келісім-шарттардың құны үш жарым миллиард доллар деп бағаланды. Арада 18 жылдық үзілістен кейін Түркияға барған өзбек басшысының осы сапары да "тарихи" деп сипатталды. Дегенмен бұл сапарда екі ел арасындағы визасыз қатынас түзу мәселесі ел күткендей деңгейде шешіле қоймады. Алайда түркиялықтар Өзбекстан визасын үш күн ішінде шақыртусыз ала алатын болды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуінде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев "біздің 20 жылда бір-бірімізді қалай сағынғанымыз көзімізден көрініп тұрды" десе, Түркия басшысы өзбек ақынының өлеңін оқып жатты.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 25 қазан 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта) пен Түркия президенті Режеп Ердоған. Анкара, 25 қазан 2017 жыл.

Өзбекстан мен Түркия қатынасы тоқсаныншы жылдардың ортасында өзбек оппозициясының басшылары Мұхаммад Салих пен Абдурахим Пулатов Түркиядан саяси баспана алған соң суып кеткен болатын. Визасыз қатынас тәртібі де сол уақытта алынып тасталды. Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Түркия президенті Өзбекстанға барып қайтқан. Ал таяуда президент Шавкат Мирзияев шетелдегі отандастарын елге қайтуға шақырғанда Түркияда тұрып жатқан өзбек жазушысы Нурулло Отаханов Ташкентке оралған. Өзбекстанға қайтуға бел буған алғашқы өзбек диссиденті Нурулло Отаханов Стамбулдан ұшып келген бетте Ташкент халықаралық әуежайында ұсталып, соңынан босатылған еді.

Каримов кезіндегі Өзбекстан төңірегіндегі елдердің өзімен тығыз қатынастан тартынып келсе, билікке Мирзияев келгелі өзге елдермен байланысты жандандыруға қадам жасай бастады. Президент Мирзияевтің Түркия сапары да соның бір көрінісі.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG