Accessibility links

Қырғыз-өзбек шекарасынан өткізу үш есеге артты


Қырғызстанның Өзбекстанмен шекарасындағы өткізу бекетінде. 12 мамыр 2017 жыл.

Қырғызстан шекара қызметі Өзбекстан шектеулерді алып тастағаннан кейін қырғыз-өзбек шекарасындағы тексеру бекеттерінде жолаушылар мен көліктерді өткізу үш есеге көбейгенін айтады.

Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің өкілі Салкын Абдыкариеваның сөзінше, бұрын "Достық-Автожол" тексеру бекеті арқылы шекарадан айына 40 мың адамға дейін өтіп келсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 150 мыңға жеткен.

"Қазір ешқандай шектеу жоқ. Күндіз Өзбекстан жағынан да, Қырғызстан жағынан да адамдар жиналып қалады, бірақ адам қарасы көбейсе ғана. Қырғызстан жағынан өткен азаматтардың құжатын тексеру 1,5 минут, көлік құралдарын тексеру - 5 минутқа дейін уақыт алады", - деді Салкын Абдыкариева.

Жуырда Ташкентке бара жатып қырғыз-өзбек шекарасынан өткен азаматтық белсенді Акылай Каримова Өзбекстанмен шекарадан өту әлдеқайда жеңілдегенін байқаған.

- Бұрын шекарадан өту ұзақ процесс болатын. Біріншіден, сөмкеміздің ішін тексеріп, сұрақтың астына алатын. Өзімен бірге әлдебір техникаң, мысалы, компьютерің болса, Өзбекстан шекарашылары оны ақтарып-төңкеріп қарайтын, ал қазір ондай жоқ, мүлде жеңілдетіп қойыпты. Алдарына барған бетте бізге толтыруға қағаз берді. Оны әп сәтте толтыра салдық, бәрі оп-оңай болды, - дейді ол.

Қырғыз-өзбек шекарасындағы "Достук" бекеті қайта ашылды:

Белсендінің сөзінше, Өзбекстан жақтағы бекетте ұзын-сонар кезек болған, көбінесе сөмке арқалаған, бала ерткен әйелдер өткен. "Құдды, ақырзаман орнап, өзіңді жан сауғалап қашып бара жатқандай сезінеді екенсің. Кезек жүйесін реттесе дұрыс болар еді, өйткені қарақұрым адам ұйлығып алады, ал ең пысықтары мен білек күшіне сенгендер бірінші боп өтіп кетеді. Кезектегі әйелдер "қайта жолымыз болды, өйткені жұма, жексенбі күндері тіпті ығы-жығы болады" деп айтып тұрды. Демалыс күндері жұрт туыстарымен жүздесу үшін Өзбекстанға ағылады екен" дейді ол.

Акылай Каримованың айтуынша, Ташкентке барар жолдағы тексеру бекетінен ары қарай тағы төрт бекет орнатылған.

- Жергілікті болсаң, жаппа шатырдың астымен өтесің. Егер шетел азаматы болсаң, тоқтамай ары өтесің де, жолдың бойында тұрған, ішінде сарбаздар отырған будкаларға барасың. Олар компьютерден төлқұжатыңды тексеріп, базаға тіркейді. Қайда, не үшін, қанша күнге бара жатқаныңды сұрайды да, қоя береді, - дейді ол.

Қазір қырғыз-өзбек шекарасында төрт теміржол және төрт автожол бекеті жұмыс істеп тұр, олардың екеуі – халықаралық ("Достық-Автожол", "Маданият"), екеуі екіжақты ("Қызылқия" және "Баймақ") мәртебесі бар бекеттер.

Қыркүйектің 5-і және 6-сы күндері Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қырғызстанға мемлекеттік сапармен барып, шекарадағы тексеру-өткізу бекеттерінің жеңілдетілген режиммен жұмыс істеуін қайта жаңғырту туралы келісімге қол қойған болатын. Екі елдің өзара келісімімен шекараның 85 пайызы нақтыланған.

АЛ ҚАЗАҚСТАН ШЕКАРАСЫНДА...

Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі "25 қазанда түс кезінде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру-өткізу бекетінде 500-ге жуық жүк көлігі жиналып тұр" деп хабарлаған. "Ақжол-Автожол" бекетінде жергілікті уақыт бойынша күндізгі сағат 12-де 47 жеңіл, жолаушы және жүк көлігі жиналып қалған. Адамдар шекарадан еркін өтіп жатыр. Талас облысындағы "Чоң-Капка" бекетінде 70-тей көлік кезекте тұр. Қалған бекеттерде кезек байқалмайды.

Екі үкімет фермерлерді қалай зар қақсатты? (17 қазан 2017 жыл)

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, шекарадағы жағдай туралы мәлімет әр үш сағат сайын жаңарады. Кей бекеттерде әлсін-әлсін кезектер пайда болады.

Қазақстан шекарадан өткізу тәртібін күшейткен 10 қазаннан бастап тексеру-өткізу бекеттерінде бәленбай километрге созылған кептелістер пайда болған еді. Әсіресе тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін таситын үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері көп зиян шеккен.

Астанада өткен келіссөз кезінде екі елдің үкімет жетекшілері 19 қазаннан бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан.

Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасында жиналып тұрған жүк көліктері. 16 қазан 2017 жыл.
Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасында жиналып тұрған жүк көліктері. 16 қазан 2017 жыл.

25 қазанда Армения астанасы Ереванда Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков Қазақстан үкіметінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаевпен тағы келіссөз жүргізген. Екеуі үкімет делегацияларының жол картасы жобасын құруға қатысты келіссөздерінің нәтижелерін талқылаған. Сосын кездесу екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен қайта жалғасқан.

Тараптар ынтымақтастық мәселелері мен 48 тармақтан тұратын әрі екі елдің арасында туындаған бүкіл түйткілді шешуді көздейтін жол картасы жобасын талқылаған. Көрші екі елдің үкімет жетекшілері тиісті министрліктер мен ведомстволарға жол картасы жобасын тездетіп пысықтауды тапсырғаны хабарланды.

Жол картасын құру туралы келісімге Қырғызстан мен Қазақстан премьер-министрлерінің 18 қазанда Астанада өткен кездесуінде қол қойылған еді. Екі елдің үкімет жетекшілерінің бірінші орынбасарлары басқаратын салалық министрліктер мен ведомство басшыларының жұмыс тобы да сол кезде құрылған. Астанадағы кездесу екі ел шекарасындағы жағдай шиеленіскеннен кейін өткен болатын.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Жылдыс Ороспакованың мақаласы орыс тілінен аударылды.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG