Accessibility links

БАҚ: Трамп адвокаттары тергеуді аяқтау жайлы келіскілері келеді


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамптың адвокаттары арнайы прокурор Роберт Мюллермен 2016 жылғы Америка президенті сайлауына Ресейдің ықтимал араласуы туралы іс бойынша куәгер ретінде жауап беру шарттары жайлы келісімге келуге тырысып жатыр. Бұл туралы дереккөзіне сілтеме жасап америкалық Wall Street Journal хабарлады. Басылым әңгімелескен адамның айтуынша, Трамптың заңгерлері кездесуді ұйымдастырудың қарымтасына тергеудің неғұрлым тез аяқталғанын қалайды.

Wall Street Journal басылымының жазуынша, Трамп егер Мюллер тергеудің президентке қатысты бөлігінің нақты уақытын атайтын болса арнайы прокурордың сұрақтарына жауап беруге келіскен. Бұған қоса, Трамп адвокаттары куәлік беру кезінде қойылатын сұрақтар аясын шектеуді қалайды. Олар Мюллер Федералдық тергеу бюросының бұрынғы директоры мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесінің қызметтер босатылуына назар салуы керек деп санайды.

Басылым дереккөзінің сөзінше, Мюллер әзірше Трампты куәлік беруге шақырмаған. Бірақ адвокаттары әңгіменің жақын айларда болатындығын растаған. Бұған дейін АҚШ президентінің адвокаттары өз клиентінің арнайы прокурормен кездесуін кейінге қалдырғылары келетіні туралы ақпарат тараған. Ал Трамптың өзі болса Мюллермен кездесуге және өзінің сайлауалды штабының Кремльмен ықтимал байланысы туралы тергеу сұрақтарын жауап беруге әзір екені туралы мәлімдеген.

АҚШ-та 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуы туралы іс бойынша тергеу жүріп жатыр. 2017 жылдың тамызында арнайы прокурор Роберт Мюллер "Ресейдің сайлауға килігуін" тергеу үшін үлкен жюри алқасын жинаған. Мюллер жетекшілігіндегі тергеу тобы 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауы кезінде Республикалық партия кандидаты Дональд Трамптың сайлауалды штабы Демократиялық партиядан ұсынылған кандидат Хиллари Клинтонның позициясын әлсірету мақсатымен Кремльмен астыртын ауыз жаласқан жоқ па деген сауалға жауап іздейді. Бұған дейін Трамп Ресеймен астыртын байланысы болмағаны туралы бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG