Accessibility links

SIPRI: АҚШ әлемдегі қару-жарақтың үштен бірін экспорттайды


АҚШ-тың F-16 әскери жойғыш ұшағы (Көрнекі сурет).
АҚШ-тың F-16 әскери жойғыш ұшағы (Көрнекі сурет).

АҚШ соңғы бірнеше жыл бойы әлемдегі ең көп қару-жарақ экспорттайтын ел қатарынан түспей тұр. Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) 11 наурызда жариялаған есебі бойынша, соңғы бес жылда әлемде сатылған қару-жарақтың 34 пайызы АҚШ-тың үлесінде. Қару-жарақ экспорттайтын екінші ірі ел - Ресейдің үлесі 20 пайызға жуық.

SIPRI мәліметінше, АҚШ-тың әлемдік қару-жарақ экспортындағы үлесі 2008-2012 жылдары 30 пайызға жуық болған.

"Барак Обама әкімшілігі тұсында қол қойылған келісімдерге сай, АҚШ-тың 2013-2017 жылдары экспорттаған қару-жарақ көлемі 1990 жылдардың соңынан бергі ең жоғарғы көрсеткішке жетті. 2017 жылы жасалған мәмілелер мен келісімшарттарға сүйеніп, АҚШ алдағы жылдарда да ең ірі қару-жарақ экспорттаушы елге айналады деуге болады" деді SIPRI-дің қарулану және әскери шығындар бағдарламасының директоры Ауд Флерант.

SIPRI мәліметіне қарағанда, АҚШ 98 мемлекетке қару-жарақ пен әскери техника сатқан. АҚШ бұл елдерге негізінен әскери және жүк ұшақтарын экспорттаған.

Зерттеу институты Ресейдің 47 елге және Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерге қару-жарақ экспорттағанын айтады. Жалпы алғанда, соңғы бес жылда Ресейдің қару-жарақ экспорты көлемі алдыңғы бес жылмен салыстырғанда жеті пайызға азайған.

Қару-жарақ ең көп экспорттайтын алғашқы бестікке Франция (6,7 пайыз), Германия және Қытай енген.

XS
SM
MD
LG