Accessibility links

"Зорланған баланың" әжесін полиция "ұстады"


ОҚО ІІД бас кеңсесінің алдында жиналып тұрған белсенділер. Шымкент, 14 наурыз 2018 жыл

14 наурызда ОҚО Сарыағаш ауданы Абай ауылының тұрғыны Шарипа Батырбекова мен оның "сексуалдық зорлыққа ұшырады" деп сипатталған жеті жасар жиенін полицияның ұстап әкеткені хабарланды. Жергілікті қоғам белсендісі Дінмұхамед Артықовтың айтуынша, Батырбекова мен оның жиенін сәрсенбі кешкі сағат 20.00 шамасында Шымкент вокзалынан Алматыға жүрейін деп тұрған жерінен жиырма шақты полицей күштеп алып кеткен. Адвокат Бауыржан Азанов та Азаттық тілшісіне бұл мәліметті растап, нағашы әжесі мен баланың облыстық ІІД бас кеңсесінің ішінде отырғанын айтты. Кеңсенің күзет қызметі бұл мәліметті растады.

Дінмұхамед Артықов, жергілікті белсенді. Шымкент, 14 наурыз 2018 жыл
Дінмұхамед Артықов, жергілікті белсенді. Шымкент, 14 наурыз 2018 жыл

Азановтың айтуынша, қолына сенімхат ұстаған Батырбекова жиенін "сот- медициналық сараптамадан өткізу үшін алып келгенін" жеткізген. Полицейлер екеуін кеңседен шығармай, "тергеушіні күтіп отырғандарын" айтқан.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ОҚО ІІД бас кеңсесінің маңына бірнеше белсенді мен журналист жиналып тұр.

Сарыағаш ауданының Абай ауылында "зорланған" жеті жасар баланы туыстары тәуелсіз мамандарға көрсеткілері келеді. Білім мекемелерінің басшылары "зорлау болғанына дәлел жоғын" айтады. Жергілікті полиция бұл арыз бойынша қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

Бауыржан Азанов, адвокат. Шымкент, 14 наурыз 2018 жыл
Бауыржан Азанов, адвокат. Шымкент, 14 наурыз 2018 жыл

13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттық тілшісіне жеті жасар жиенін былтырғы тамыз айынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан.

Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.

14 наурызда Шымкентте өткен арнайы брифингте Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бастығы Бауыржан Майрихов бұған дейін жүргізілген "сараптама қорытындысы зорлау оқиғасының болмағанын анықтаған" деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды

Сол күні облыстық прокуратура "аталған дерек бойынша биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Сарығаш ауданының ішкі істер бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр" деп мәлімдеді. Прокуратураның ақпаратына сәйкес, тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалардың қорытындылары әлі дайын емес.

Облыстық прокуратураның ресми хабарламасында: "Жасөспірімнің жеке өміріне қатысты мәліметті қорғау мақсатында Қылмыстық-процестік кодекстің 96-бабына сәйкес қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Оңтүстік Қазақстан облысының уәкілетті органдарының өкілдері, психологтар жасөспіріммен және оның туысқандарымен кешенді психологиялық жұмыс жүргізуде. Қылмыстық істің тергелу барысы облыс прокурорының бақылауында. Тергеудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуі қамтамасыз етіледі" деп жазылған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG