Accessibility links

ОҚО: "Зорланған бала" ісі бойынша бірнеше шенеунік жауапқа тартылды


Сарыағаш ауданындағы "зорланған бала" ісіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өткен жиын. Шымкент, 15 наурыз 2018 жыл.
Сарыағаш ауданындағы "зорланған бала" ісіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өткен жиын. Шымкент, 15 наурыз 2018 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы "бала зорлау" ісіне қатысты бірнеше басшы жауапқа тартылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Шымкентте облыстық әкімдікте өткен жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту жарияланғанын айтты. Бұған қоса облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа сөгіс, Сарыағаш ауданының әкіміне қатаң сөгіс жарияланды. Сарыағаш ауданындағы жағдайды "дер кезінде бақылауға алмағаны үшін" Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бердалы Оразгелдиев жұмыстан босатылды.

Жансейіт Түймебаев сонымен қатар Сарыағаш ауданының әкіміне аудан әкімінің идеология бойынша орынбасарына шара қолдану керегін айтты. Бұл оқиғаға байланысты мән-жай анықталғанға дейін №73 және №74 мектеп директорлары қызметінен шеттетілген.

13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттық тілшісіне жеті жасар жиенін былтырғы тамыз айынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан.

Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды

Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан. 14 наурыз күні Батырбекова мен жиенін полиция ұстағаны хабарланған. Жергілікті қоғам белсендісі Дінмұхамед Артықовтың айтуынша, Батырбекова мен оның жиенін сәрсенбі кешкі сағат 20.00 шамасында Шымкент вокзалынан Алматыға жүрейін деп тұрған жерінен жиырма шақты полицей күштеп алып кеткен.

XS
SM
MD
LG