Accessibility links

Адвокат: "Зорланған баланың" құқығы бұзылып отыр


"Зорланған баланың" адвокаттары Бауыржан Азанов (сол жақта) пен Құрманғазы Мүсір. Алматы, 16 наурыз 2018 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) Сарыағаш ауданында "зорланған баланың" адвокаттары Бауыржан Азанов пен Құрманғазы Мүсір Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.

Бауыржан Азанов Қазақстан ішкі істер министрлігіне 7 жастағы "зорланған балаға" қатысты істі ОҚО ішкі істер департаментінен өз қарауына алу туралы талап тілек түсіргенін, себебі департаментке сенбейтінін айтты. Олардың сөзінше, полицейлер бала мен оның заңды өкілдерін ішкі істер департаментіне халықаралық және мемлекеттік заңды өрескел бұза отырып жеткізген.

- Олар істі түнде қозғап, оны ешқандай камераға жазбаған. Бұл - заңға қайшы. Жеке басқа күшпен қол сұғу, тиісті құқықтық және басқа да көмекті дереу алу құқығын шектеу, сыртқы әлеммен байланысын үзу сияқты заңға қайшы әрекеттер жасалды, деді Азанов.

Ол бұған қоса бала құқығы жөніндегі уәкіл, депутат Зағипа Балиеваның "баланың адвокаттарын көрмедім" деген сөзіне жауап берді.

- Бізді баспасөз конференциясы өтіп жатқан жерге кіргізбеді. Оның бізді көрмедім деп айтуы, бізбен кездесуге мүмкіндік бермеуі олардың адвокатының беделін түсіру үшін істеліп отыр, - деді Азанов.

Зағипа Балиева бүгін Астанада "зорланған балаға" қатысты баспасөз мәслихатын өткізіп, баланың адвокаты мен заңды өкілін көрмегенін мәлімдеген.

"Мен баланың заңды өкілі деген бір де бір адвокат пен адамды көрмедім. Маған хабарласып, өзін заңды өкілімін деген адамды Шымкенттегі қонақүйде кешкі сағат 8-ден 10-ға дейін күттік" деген Бәлиева.

7 жастағы баланың тағы бір адвокаты Құрманғазы Мүсір 15 қаңтарда балаға қатысты "прокуратура, әкімдікке арыз бергенін", бірақ оған "ешқандай реакция болмағанын" айтты.

13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттық тілшісіне жеті жастағы жиенін былтырғы тамыз айынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан.

Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан. 14 наурыз күні Батырбекова мен жиенін полиция ұстағаны хабарланған.

Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды

Кеше бұл іске қатысты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде арнайы жиын өткізіліп, бірнеше мекеменің басшысы жауапқа тартылған.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

     

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG