Accessibility links

Лавров: Сириялықтарға көмек көрсетуді тоқтатпаймыз


Түркия сртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу (солдан оңға қарай), Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Иран сыртқы істер министрі Мохаммед Жавад Зариф. Астана, 16 наурыз 2018 жыл.

Астанада өтіп жатқан Сирия келіссөзіндегі гарант елдер "қандай да бір қарсылыққа қарамастан, Сирия билігіне көмектесуді жалғастыра беретінін" мәлімдеді. Келіссөзге Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу және Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф қатысты.

Кездесуден соң Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров министрлер Сириядағы дағдарысты саяси жолмен реттеуге көмектесе беруге, оның ішінде конституциялық комитет құрып, оның жұмысын таяуда Женевада бастауға келіскенін мәлімдеді. Лавровтың сөзінше, сириялықтар сырт күштердің килігуінсіз, өзара келісім жасасуы тиіс.

Ресей министрі кейбір батыс елдерінің "терроршылар ықпалын сақтап қалуға ұмтылып отырғанын" айтты.

"Дамаскіні үнемі атқылау, гуманитарлық жүк тиелген конвойлар жолын бөгеу, Сирия билігі мен Ресейді негізсіз айыптауға себеп болып отыр. Шығыс Ғутаға қатысты көтерілген дауға қарамастан біз Сирия билігіне көмекті тоқтатпаймыз" деді Лавров.

Сирия армиясы ақпан айында Шығыс Ғута аймағын үздіксіз бомбалап, аймақтың Дамаск іргесіндегі көтерілісшілер бақылайтын бөлігін бақылауына алған. Батыс елдері Ресейді Сирия армиясының Шығыс Ғутаға шабуылын тоқтатуына ықпал етуге шақырған.

24 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сирияда гуманитарлық бітім орнату туралы қарар қабылдаған. Бұдан соң Шығыс Ғутада бейбіт тұрғындарды, жаралылар мен науқастарды эвакуациялау үшін және гуманитарлық жүк жеткізуге гуманитарлық дәліз ашылған. Бірақ бітім осы күнге дейін орындалмай отыр. Соғысушы тараптар бір-бірін қақтығысты тоқтату режимін бұзды деп айыптайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG