Accessibility links

АҚШ өкілі Ресейді Оюб Титиевті қамаудан босатуға шақырды


Құқыққорғаушы Оюб Титиев сот залында. Грозный, 6 мамыр 2018 жыл
Құқыққорғаушы Оюб Титиев сот залында. Грозный, 6 мамыр 2018 жыл

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы (ЕҚЫҰ) АҚШ миссиясы Ресейді құқыққорғаушы Оюб Титиевті қамаудан босатуға шақырды. "Мемориал" құқық қорғау ұйымының Шешенстандағы бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиев "есірткі сақтаған" деген айып бойынша тұтқындалған. Құқыққорғаушылар Титиевке күмәнді айып тағылып отыр деп санайды.

ЕҚЫҰ-дағы АҚШ миссиясы Ресейдің Шешенстан аймағында "негізсіз ұсталып, тергеліп жатқан" Оюб Титиевтің тағдырына қатты алаңдап отырғанын мәлімдеген.

"Титиевтің арнайы қызмет өзіне әдейі тастаған есірткінің "жоғалып" кеткені туралы сөзін растайтын, тіпті оны ақтауға негіз болуы мүмкін видеофильмдер туралы хабарды естіп алаңдап отырмыз. Титиевтің ісін оған тұзақ құрған деп айыпталып отырған тергеу мекемесіне емес, федералдық деңгейдегі орындар қарауына беруден биліктің бас тартуы қатты қынжылтады", - деп мәлімдеген Венада ЕҚЫҰ тұрақты кеңесінің отырысында АҚШ өкілі Гэрри Кэмиан.

Наурыздың 6-сы күні Шешенстан соты Оюб Титиевті қамауда ұстау мерзімін тағы екі айға – мамырдың 9-ына дейін ұзартты. Сот Титиевті "есірткі сақтаған" деп таныса, ол 10 жылға түрмеге қамалуы мүмкін.

АҚШ тарабының пікірінше, Оюб Титиевтің ісі барған сайын нашарлап бара жатқан "Шешенстандағы адам құқығының сұмдық жағдайын" көрсетеді.

Сонымен бірге АҚШ Ресей билігін биыл қаңтарда Ингушетиядағы "Мемориал" құқыққорғау ұйымының кеңсесіне жасалған шабуыл және Дағыстандағы "Мемориал" ұйымының көлігін өртеу, құқыққорғаушыларға дөң-айбат көрсету оқиғаларына "жедел, мұқият және бейтарап тергеу" жүргізуге шақырған.

XS
SM
MD
LG