Accessibility links

Трамп Тайваньмен байланыс туралы заңға қол қойды


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық ресми тұлғаларға Тайвань жетекшілерімен кездесу үшін аралға баруға мүмкіндік беретін заңды мақұлдады деп хабарлады "Америка дауысы".

Ақ үй бұл заң тіпті президенттің мақұлдауынсыз да сенбі күні күшіне енер еді деп түсіндірген. Трамп мақұлдаған заң АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етуі ықтимал.

Жұма күні Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Пекиннің бұл заңға қарсы екендігі және АҚШ билігін "біртұтас Қытай" саясатын ұстанып, Тайваньмен ресми қарым-қатынасты доғаруға шақыратыны туралы мәлімдеген.

Пекин "біртұтас Қытай" саясаты – бұлжымас принцип екені және ол талқыланатын тақырыпқа жатпайтыны жөнінде АҚШ-ты бұған дейін де ескерткен.

АҚШ Тайваньмен дипломатиялық байланыс орнатпаған, бірақ бұған дейін қабылданған заңға сәйкес, Тайваньға қорғаныс саласында көмек көрсетуге міндеттеме алған. Тайвань әскери қару-жарақтың негізгі бөлігін АҚШ-тан сатып алады.

XS
SM
MD
LG