Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинді қайтадан президент болып сайлануымен құттықтады. Ақорда ресми сайтының 19 наурыз күні хабарлауынша, Назарбаев Путинмен телефонмен сөйлесіп, сайлауда жеңіске жеткенімен өз атынан және Қазақстан халқы атынан құттықтаған және қызметте жаңа табысқа жетуін тілеген.
Назарбаев Путинге құттықтау жеделхатын жолдаған. "Ресей сіздің тиімді басқаруыңызбен ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізіп, халықтың әл-ауқатын көтеріп, әлемдік және аймақтық проблемаларды шешуге белсенді қатысып отыр. Сіздің екі ел арасындағы ежелден достық және тату көршілік қарым-қатынасқа қосқан үлесіңіз ерекше" делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев бұған қоса Қазақстанның Ресеймен екі жақты форматта және Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясындағы байланысын жалғастыруға ынталы екенін айтқан.
Назарбаев Путиннің "сайлауда сенімді түрде жеңіске жетуі ресейліктер оның елдің дамуы мен ұлттық мүдделерін қорғауға зор үлес қосқанын тағы бір рет жоғары бағалағанын дәлелдейтінін" айтқан.
Ресейде 18 наурызда президент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына қатысқан сайлаушылар дауысының бестен бір бөлігі саналып болғаннан кейін қазіргі мемлекет басшысы Влдимир Путиннің 72 пайызға жуық дауыс жиғанын жариялады. Одан кейінгі орындарға Ресей Федерациясы коммунистік партиясының кандидаты Павел Грудинин (15,9 пайыз), Ресей либерал-демократиялық партиясының жетекшісі Владимир Жириновский (6,9 пайыз), "Гражданская инициатива" тобынан Ксения Собчак (1,39 пайыз) жайғасты.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, президент сайлауына дауыс беруге сайлаушылардың шамамен 60 пайызы қатысқан.
Назарбаев Путинге денсаулық, игілік пен "жауапты мемлекеттік қызметте" жаңа табыс тіледі.