Accessibility links

Иранда "полицейлерді өлтірді" деген адамға өлім жазасы кесілді


Ирандық полицейлер сопылық тариқатының өкілдерімен қақтығыста қаза тапқан полицейді жерлеу рәсімінде. Тегеран, 22 ақпан 2018 жыл.
Ирандық полицейлер сопылық тариқатының өкілдерімен қақтығыста қаза тапқан полицейді жерлеу рәсімінде. Тегеран, 22 ақпан 2018 жыл.

Иранда өткен айда Тегерандағы сопылық діни топ өкілдері мен полиция арасында болған қақтығыста үш полицейдің өліміне кінәлі деп танылған ер адамға өлім жазасы кесілді.

Иран мемлекеттік БАҚ-ының 19 наурыз күні хабарлауынша, өлім жазасы кесілген Мохаммад Реза Салас сот үкіміне 20 күн ішінде шағымдана алады.

Дәруіштер атанып кеткен Гонабади сопылық тариқатының өкілдері 19 ақпан күні Тегеранның солтүстік бөлігінде көтерілген еді. Салас сол күні болған қақтығыста автобуспен топ полицейді қағып өткен.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, сот процесінде Салас полиция қызметкерлерін қасақана өлтірмегенін бірнеше рет мәлімдеген.

Гонабади сопылық тариқатының өкілдері топ мүшелерінің қамалғанына және өздерінің 90 жастағы жетекшілері Ноурали Табандені полиция ұзамай тұтқындайды деген сыбысқа қарсылық танытқан.

Иран билігінің мәліметінше, қақтығыстан үш полицей мен Ислам революциясын қорғау сақшылары корпусымен байланысы бар жартылай әскерилендірілген құрылымның екі қызметкері қаза тапқан. Қақтығыстан соң тариқаттың 300-ге тарта өкілі тұтқындалғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG