Accessibility links

Ресей Сириядағы адам құқығы жайын БҰҰ-да талқылатпады


Шығыс Ғутадағы "гуманитарлық дәліз" арқылы қақтығыс аймағынан кетіп бара жатқан тұрғындар. Сирия, 16 наурыз 2018 жыл.
Шығыс Ғутадағы "гуманитарлық дәліз" арқылы қақтығыс аймағынан кетіп бара жатқан тұрғындар. Сирия, 16 наурыз 2018 жыл.

Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Сириядағы адам құқықтарының сақталуы мәселесіне арналған жиынды болдырмай тастады деп хабарлады Reuters агенттігі.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Геннадий Кузьмин Мәскеу адам құқығы - Қауіпсіздік кеңесінде қаралатын мәселе емес болғандықтан мұндай жиын өткізуге ілік жоқ деп білетінін мәлімдеді.

"Мұндай мәселені талқылайтын Женевада Адам құқықтары жөнінде кеңес бар" деді ресейлік дипломат. Ресейді Қытай, Қазақстан және Боливия қолдады.

Сириядағы адам құқығы жайын талқылауды Франция мен кеңеске мүше алты ел – АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Польша, Кувейт және Перу ұсынған.

Соңғы апталарда Сирия үкімет әскері Дамаск маңындағы 2012 жылдан бері қарулы оппозиция бақылауында болған Шығыс Ғута аймағына шабуыл жасай бастаған. Сириялық Syrian Observatory for Human Rights (SOHR) ұйымының мәліметінше, Асад күштері осы кезге дейін аймақтың 80 пайызын қайта бақылауына алған.

Батыс елдері мен БҰҰ Сирия билігі мен оның одақтастарын, оның ішінде Ресейді мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан шабуылды тоқтатуға шақырған. БҰҰ есебінше, шабуылдан Шығыс Ғутадағы нысандардың 70 пайыздан астамы қираған. Қала гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік тиеген жүк көліктері кескілескен ұрыс жүріп жатқандықтан анклав шекарасынан бірнеше рет кері қайтып кеткен.

XS
SM
MD
LG