Accessibility links

Жоғарғы сот Сейітқазы Матаевтың үндеуіне жауап берді


Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев және адвокат Андрей Петров. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.
Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев және адвокат Андрей Петров. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстан Жоғарғы соты "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы төрайымы Тамара Калеева мен Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың "Әсет Матаевтың ісін жеке бақылауына алуды" сұраған үндеуіне жауап берді.

Алматы облысы Қапшағай қалалық соты 16 наурызда ҚазТАГ агенттігінің бұрынғы басшысы, 33 жастағы Әсет Матаевтың жазасын жеңілдетіп, түрмеден жалпы қоныстану мекемесіне ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Сот 15 тәулік ішінде қайта шағымдануға құқылы екенін ескерткен.

Қазақстандық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Жоғарғы сот Әсет Матаев пен оның адвокаттары заңға сәйкес Қапшағай қалалық сотының шешіміне шағымдана алатынын айтады. Жоғарғы сот сонымен бірге заңда және сот тәжірибесінде "істі жеке бақылауына алу" деген түсінік жоқ екенін ескертеді.

Наурыздың 19-ы күні Сейітқазы Матаев, Тамара Калеева мен Әсет Матаевтың адвокаты Андрей Петров баспасөз мәслихатын өткізген. Жиында олар Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов пен бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа "сот Әсет Матаевқа қатысты негізсіз шешім шығарғанын" айтып, істі өз бақылауына алуға өтініш білдіріп ашық хат жолдаған.

Әкелі-балалы Сейітқазы және Әсет Матаевтар 2016 жылдың ақпан айында Алматыда ұсталған. 2016 жылдың қазан айында Астана соты Әсет Матаевты "қазына қаржысын жымқырды" деп айыптап, бес жылға бас бостандығынан айырған. Әкесі, Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты "қазына қаржысын жымқырды" және "салықтан жалтарды" деп айыптап, алты жылға бас бостандығынан айырған. Былтыр желтоқсан айында 63 жастағы Сейітқазы Матаев мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықты.

XS
SM
MD
LG