Accessibility links

ЕО Скрипаль ісіне қатысты Ресейдегі елшісін кері шақыртты


Франция, Ұлыбритания, Германия жетекшілері Брюсселдегі саммитте. 22 наурыз 2018 жыл.
Франция, Ұлыбритания, Германия жетекшілері Брюсселдегі саммитте. 22 наурыз 2018 жыл.

Еуропа Одағы жетекшілері Ресейдегі ЕО елшісі Маркус Эдерді ақылдасу үшін кері шақыруды ұйғарған. Бұл туралы Брюсселдегі келіссөздер қортындысы туралы пікір білдірген Швеция премьер-министрі Стефан Левен айтты.

ЕО жетекшілері Ұлыбританияда Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия уланып қалған соң осындай қадамға барған. Бұған дейін ЕО жетекшілері Ресей Скрипальды өлтіруге әрекеттенуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте бұл Лондон мен Мәскеу арасындағы дау кезінде Лондонға қолдау білдіру екенін атап өтті. AP ақпарат агенттігіне берген пікірінде Рютте бұл шешімнің "санкция" емес, "шара" екенін, дипломат Ресей астанасынан уақытша шақырылғанын айтқан.

Германия канцлері Ангела Меркель Скрипаль ісіне қатысты Ресейге шара қолдану мүмкін екенін айтып қалды. Бірақ қандай да бір шара қолданар алдында Брюссель Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улағанда қолданған удың сараптама қортындысын күтеді.

21 наурызда Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымы сараптама басталғанын, нәтижесі екі-үш аптада шығатынын мәлімдеген.

Англияның Солсбери қаласындағы сот ауруханада ес-түссіз жатқан Скрипаль мен оның қызының қан анализін алуға ресми түрде рұқсат берген. Дәрігерлер қанды Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымға жіберген.

Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия 4 наурыз күні ауруханаға түскен. Тергеушілер пайымдауынша, олар Ресейде жасалған "Новичок" деген жүйке жүйесі уымен уланған. Ұлыбритания бұл әрекетке Ресейді кінәлайды. Мәскеу бұл айыпты жоққа шығарады.

14 наурызда британиялық премьер-министр Тереза Мэй 23 ресейлік дипломатты еліне қайтаратынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG