Accessibility links

Шығыс Қазақстанда су басқан аудандардан жұртты көшірді


Құтқарушылар су басқан аулалардан суды шығарып жатыр. 13 наурыз 2018 жыл (Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан сурет)
Құтқарушылар су басқан аулалардан суды шығарып жатыр. 13 наурыз 2018 жыл (Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан сурет)

Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданында құтқарушылар мен өртке қарсы күрес қызметі бөлімшелері су алған аймақтардан тұрғындарды көшіріп жатыр деп хабарлайды "Қазақпарат" ресми агенттігі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке сілтеме жасап.

"Қазіргі уақытқа 107 адам, соның ішінде 12 бала, су басқан үйлерден көшірілді. Тұрғындардың бір бөлігі орта мектеп базасында ұйымдастырылған эвакуациялық орынға жайғастырылды, өзгелері туыстарының үйінде" деп хабарлайды агенттік. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, жергілікті полиция қызметкерлері судың бағытын бұру және бөгетті бекіту жұмыстарын атқарып жатыр. Бұған дейін Шемонаиха ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай тәртібі енгізілген. Оба өзені жағасына жақын орналасқан 40 үй мен 12 аула суда қалған. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ақпараты бойынша, ауданға Өскеменнен Ми-2 тікұшағымен Оба өзенінде мұз жару үшін "Востоквзывпром" кәсіпорны қызметкерлері жіберілген.

Informburo.kz сайты Шығыс Қазақстан облысындағы Зырян ауданында да тұрғындарды эвакуациялау басталғаны туралы хабарлайды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ақпараты бойынша, Соловьев ауылынан 18 адамды көшірген. Березовка өзені арнасынан шығып, бірнеше аулаға су жайылған.

Глубокое ауданында да үйлер мен аулаларды су алған, құтқарушылар тұрғындарды үйді судан қорғауға қамданып, топырақ, құм мен саз салынған қаптар даярлап қоюға шақырған. Глубокое ауданына барған облыс әкімі Даниал Ахметов зардап шеккендерге судан келген шығынды өтеуге уәде берген деп хабарлайды "Қазақпарат".

Ауа райын болжайтын мамандар Шығыс Қазақстан облысы аумағында жауын жауып, күшті жел тұратынын айтады.

Бұған дейін наурыз айында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында ондаған үйді су алған еді.

XS
SM
MD
LG