Accessibility links

Су басқан үйлердің алды құлай бастады


Нөсерден кейін су жайылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

ВИДЕО: Нөсерден кейін су жайылды

Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында үйлерді су басып қалды. Еріген қардан және нөсер салдарынан жайылған су түндегі суықтан кейін қайта қата бастаған. Су басқан ескі үйлердің алды құлап жатыр.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында еріген қар суы мен нөсерден кейін 40-қа жуық үйдің су астында қалғаны белгілі болған.

«СЫРТТАҒЫ СУ ҚАТҚАНЫМЕН, ҮЙДЕГІ СУ БЕЛОРТАДАН»

Наурыздың 10-ы күні кешке Аягөз ауданы Бауыржан Момышұлы көшесінде тұратын Сәуле Мұхамеджарованың үйінің айналасына су жайыла бастады. Сәуленің айтуынша, жергілікті әкімдіктен жіберген екі көлік суды сорғанымен сай-саладан ағып келген су бой бермей қойған.

- Арнайы техника түнгі бірге дейін жүрді. Олар сорған суларын төгіп қайтып келгенша орны қайтадан суға толып кетеді. Сосын олар кетіп қалды. Наурыздың 11-і күні су көтеріліп кетіп үйдің ішіне кіре бастады. Шамамыз келгенше киім-кешектер мен жүктерді сыртқа, туыстардың үйіне тастадық. Таси алмай қалған жүктер су астында қалды, - дейді Сәуле Мұхамеджарова Азаттыққа.

Сәуленің айтуынша, бір көшенің бойында тұратын он үй түгелімен су астында қалған. Қазір ондағы адамдардың барлығы туыс -туғандарының үйін паналап жүр. Жергілікті тұрғындар жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысы арықтарды жауып тастағанын, соның кесірінен төтенше жағдайдың орын алғанын» айтып отыр.

ВИДЕО. Су жайылған соң құлаған үй.

Су жайылған соң құлаған үй
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

- Жаңа әкімдікке барып келдік. Қазір комиссия құрылады. Барып тексереді деді. Сырттағы су қатып қалғанымен үйдегі су әлі белортадан. Үйдің іші құлап жатыр. Бұл Аягөзге алғаш теміржол құрылысы түскен кезде салынған ескі үйлер ғой, - дейді Сәуле.

Ал Желтоқсан көшесіндегі 254 үйде тұратын Назгүл Ибазарова «өзінің үйімен бірге көршісі 258 үйдің де құлап қалғанын» айтады.

- Біздің үйлер 1952 жылы балшық кірпіштен салынған ескі үйлер ғой. Бірақ тұрақты жөндеуден өтіп келе жатқан, жағдайы жақсы үйлер еді. Кешегі судан кейін опырылып төбесі ортасына түсті. Қазір он үш жасар қызыммен көршінің үйінде тұрып жатырмын, - дейді.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанды су басты.

40 жастағы Назигүл жалғыз басты ана екен. Үлкен ұлы әскерде. Өзі жеке меншік балабақшада күтуші болып қызмет істейді.

ӘКІМДІКТІҢ УӘЖІ

Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаевтың сөзінше Бауыржан Момышұлы көшесінің бойындағы үйлермен қатар Гагарин көшесінде орналасқан қырықтай үй де су астында қалған.

- Ақпан айында қар аралас жаңбыр жауып, кейін сай-саланың бәрі мұз болып қатып қалған болатын. Жердің тоңы бір жарым-екі метр. Ал Наурыздың 9-ы және 10-ы күні күн аяқ асты жылынып, содан пайда болған су. Негізінен су астында қалып отырған - Кіші Аягөз өзенінің бойында орналасқан үйлер. Әйтпесе күзде арықтарды тазалап, су алудың алдын алу жұмыстарын жүргізген едік, - дейді Азаттыққа.

Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Медет Мырзакешовтің айтуынша, сенбі күні су көтерілгенімен аса үлкен қауіп болмаған. Екі үйге ғана су кірген және оны сору жұмысы жүргізілген.

- Қазір 40 шақты үйге су кірді деп отырмыз. Комиссия құрылып, су кірген үйлерді анықтау жұмыстарын жүргізе бастадық. Ел ішінде айтылып жүрген «дамба жарылды» деген - жалған ақпарат. Қазір су деңгейі түсті, - дейді ол.

Әкімдік өкілдері «құрылған комиссия әзірге тек су басқан үйлерді анықтап, суретке түсіру жұмыстарымен ғана айналысып жатқанын, кешеге дейін 20 үйдің құлағаны анық болғанын» айтады.

Аягөз ауданында наурыздың 12-сіне ауған түні қар жауып, күн суып кеткен. Сырттағы су қатып, жайылған су тоқтаған. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаев «Мыңбұлақ ауылында да бір үйдің ауласына су кіргенін» айтты. Аудан бойынша 400 шамалы адам эвакуацияланған. Олардың арасында 30 шамалы бала да бар.

«ОБЛЫСТА 70 ШАМАЛЫ ҮЙ СУ АСТЫНДА ҚАЛДЫ»

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Аягөз, Глубокое, Күршім, Зайсан, Үржар ауданы мен Өскемен қаласында су басу қаупі төнген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі өкілінің айтуынша, бүгінге дейін 70-тей үй мен 150-ге жуық аула және 110 бау-бақша су астында қалған.

Шығыс Қазақстандағы су басқан аудандарының бірі. Төтенше жағдайлар комитеті таратқан сурет. 11 наурыз 2018 жыл.
Шығыс Қазақстандағы су басқан аудандарының бірі. Төтенше жағдайлар комитеті таратқан сурет. 11 наурыз 2018 жыл.

- Өскеменде сегіз үй мен 17 аула, Ұлан ауданы бойынша екі үй мен төрт аула, Глубокое ауданында үш үй мен 53 аула және Күршім ауданы бойынша 42 ауланы су басып қалды, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Жадыра Аманғалиқызы Азаттыққа.

Жадыра Аманғалиқызы «төтенше жағдай болған аумақта 1000-ға жуық адам мен 286 техника және 56 жүзу құралы мен 58 су сору құралының жұмыс істеп жатқанын» айтты.

Бұған дейін Алматы облысының бірнеше ауданында да еріген қар суы жайылып, тұрғындардың қора жайы мен үйлеріне кіріп кеткен болатын.

XS
SM
MD
LG