Accessibility links

Ташкентте Ауғанстан бойынша халықаралық конференция басталды


Ташкентте басталған Ауғанстан жөніндегі халықаралық конференцияның логотипі (Көрнекі сурет)
Ташкентте басталған Ауғанстан жөніндегі халықаралық конференцияның логотипі (Көрнекі сурет)

Ташкентте Ауғанстанға қатысты "Бейбіт процесс, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және аймақтық өзара іс-қимыл" деп аталатын екі күндік халықаралық конференция басталды.

Конференцияның ашылу салтанатында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Ауғанстан президенті Ашраф Ғани сөйлейді деп жоспарланған.

Бұған дейін Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) форумға қатысушылар аймақтық және әлемдік деңгейде Ауғанстан үкіметі мен "Талибан" қозғалысы бір-біріне ешқандай шарт қоймай, тезірек тікелей келіссөз бастау қажет деген ортақ ұстанымда екенін хабарлаған.

"Ташкенттегі халықаралық конференция нәтижесі Ауғанстанда тұрақтылық орнату, бұл елдің орнықты дамуына, ауған халқының әл-ауқатын жақсартып, елді аймақтағы және әлемдегі процестерге тартуға жағдай жасау ісінде маңызды рөл атқарады деп үміттенеміз" делінген СІМ хабарламасында.

25 наурыз күні Ташкентке Ауғанстан бойынша халықаралық конференцияға қатысу үшін АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер бойынша орынбасары Томас Шеннон барған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті бұған дейін Өзбекстан үкіметі ұйымдастырған конференцияда 21 делегация 28 ақпанда Кабулда өткен конференцияда қол жеткен прогреске сүйенетінін хабарлаған.

Өзбекстан СІМ мәліметінше, конференцияға БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш және БҰҰ-ның Ауғанстандағы арнайы өкілі Тадамити Ямамото, Еуропа Одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы комиссары Федерика Могерини және Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Германия, Италия, Франция, Түркия, Үндістан, Иран, Пәкістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері сыртқы істер министрлері қатысады.

XS
SM
MD
LG