Accessibility links

Түркіменстан парламенті сайлауына сайлаушылардың 91,7 пайызы дауыс берді


Ашғабадтағы Түркіменстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық сайлау комиссиясы (Көрнекі сурет).
Ашғабадтағы Түркіменстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық сайлау комиссиясы (Көрнекі сурет).

Түркіменстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық сайлау комиссиясы парламент пен халық кеңестері сайлауына сайлаушылардың 91,7 пайыздан астамы қатысқанын хабарлады. Сайлау 25 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00 мен 17:00 аралығында өткен.

Ал Азаттықтың Түркімен редакциясының бір-біріне тәуелсіз, Ашғабадтағы кем дегенде бес сайлау учаскесінде болған бірнеше дереккөзі сайлаушылар белсенділігі әлдеқайда төмен болғанын айтты. Олардың сөзінше, Ашғабадтағы сайлау учаскелерінде әр 10-15 минутта бірді-екілі ғана сайлаушы дауыс берген.

"Түркіменстан меджлисі депутаттарын сайлауда сайлаушылардың 86 пайызы дауыс берді" деп хабарлады орталық сайлау комиссиясы.

Авторитарлы президент Гурбангулы Бердімұхамедов басқаратын елде парламент сайлауына түсіп жатқан үш партияның өкілдері мен бірнеше тәуелсіз кандидаттың барлығы президенттің жүргізіп отырған саясатына толық қолдау білдіреді.

Түркіменстан парламентіндегі 125 орынға бұл жолғы сайлауда 284 үміткер тіркелген.

Кандидаттар арасында президенттің жалғыз ұлы 36 жастағы Сердар Бердімұхамедов те бар. Ол бұған дейін 2016 жылы қарашада өткен аралық сайлауда алғаш рет депутат болып сайланып, парламент комитетін басқарған. Тәуелсіз бақылаушылар Сердер Бердімұхамедовті биліктегі әкесінің ықтимал мұрагері деп санайды.

Оқи отырыңыз: Президент ұлының билікке өрлеуі

Вашингтонда орналасқан Freedom House үкіметтік емес құқық қорғау ұйымы қаңтар айында жариялаған есебінде Түркіменстанды азаматтық және саяси еркіндіктерді басып-жаншитын әлемдегі "ең нашар" 12 елдің қатарына енгізген.

Батыс бақылаушылары Түркіменстанда осы кезге дейін өткен бір де бір сайлауды әділ және еркін деп мойындаған емес. Биыл ақпанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 97 пайызы қолдау білдірген Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші мерзімге президент болып сайланған.

XS
SM
MD
LG