Accessibility links

Биыл Түркіменстанда өтетін парламент сайлауына ел президентінің ұлы Сердар Бердімұхамедов тағы түсіп жатыр. Сарапшылар ол мемлекеттегі екінші лауазымға ие болуы мүмкін деген болжам айтады.

Түркіменстанда осыған дейін өткен парламент сайлауларын бақылап жүргендер биылғы наурыздың 25-іне белгіленген сайлаудың бұрынғылардан ерекшелігі барын аңғарғаны шүбәсіз.

Түркіменстан Орталық сайлау комиссиясы Межлистегі (парламент) 125 орынға 284 үміткерді тіркеген. Кандидаттардың көбі ресми тіркеуде бар үш саяси партияның – Түркіменстан Демократиялық партиясының (бұрынғы Коммунистік партия), 2012 жылы құрылып, парламент сайлауына алғаш рет қатысып отырған Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер партиясының және 2014 жылы құрылған Аграрлық партияның мүшелері. Бұлардың арасында қоғамдық ұйымдар ұсынған азғантай үміткер бар.

Соңғы аталған екі партия саяси ұйымдар арасында бәсеке бар екенін көрсету үшін құрылған дейді сарапшылар. Екеуі де қазіргі ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың саясатын қолдайды. Өздігінен ешқандай бастама көтеріп көрмеген бұл екі партияны тек сайлау жақындағанда ғана болмаса, басқа кездері мемлекеттік ақпарат құралдарында мүлде атамайды. Түркіменстан Демократиялық партиясы да солай (ТДП).

Түркіменстанда парламент сайлауы әу бастан көзбояушылықты еске салатын. Түркіменстан тәуелсіздік алғаннан кейін үш жылдан соң, 1994 жылы өткен алғашқы парламент сайлауында 50 орынға 51 кандидат "таласты". 2013 жылғы желтоқсанда өткен соңғы сайлауда 125 орын үшін 283 үміткер күресті, олардың 99-ы – ТДП мүшелері болды.

Түркіменстан ақсақалдар кеңесі жиынына қатысушылар президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың суретін ұстап, ән шырқап тұр. Ашғабат, 14 қыркүйек 2016 жыл
Түркіменстан ақсақалдар кеңесі жиынына қатысушылар президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың суретін ұстап, ән шырқап тұр. Ашғабат, 14 қыркүйек 2016 жыл

Сайлауда кімдер жеңетіні бәлендей маңызды емес, себебі Түркіменстан Межлисі президенттің айтқанына бас шұлғып, мөр басып бекітіп беріп отыратын органға айналған. 2018 жылғы ақпандағы президент сайлауынан соң парламенттің мәртебесі тіпті төмендеген. Бүгінде Түркіменстанның ең жоғары заң шығару органы – Ақсақалдар алқасы. Бердімұхамедовтың жарлығына сәйкес, бұл органның құрамына жастардың да кіруіне мүмкіндік берілген.

Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілері көп жылдан бері әр парламент сайлауында халықтан сұхбат алып келеді. Азаматтардың ешқайсысы дерлік өз аудандарынан сайлауға түсіп жатқан кандидаттар туралы ештеңе білмейді.

Ал бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі бар: биыл сайлауға түсіп жатқан бір кандидатты Түркіменстан халқының көпшілігі біледі. Ол – президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың жалғыз ұлы Сердар Бердімұхамедов.

36 жастағы Сердар екі жылдан бері парламент депутаты. Ол 2016 жылғы 20 қарашадағы аралық сайлауда алғаш рет депутат болып сайланған.

Түркіменстан президенті қызметіндегі әкесінің қолынан атасының атындағы медаль алған майор Сердар Бердімұхамедов
Түркіменстан президенті қызметіндегі әкесінің қолынан атасының атындағы медаль алған майор Сердар Бердімұхамедов

Аралық сайлаудың өтетіні туралы қысқаша ақпарат 18 қарашада шыққан. Бірақ ол ақпаратта қай депутаттардың не себептен орын босатқаны да, қандай кандидаттардың сайлауға түсіп жатқаны да айтылмаған. Тек қарашаның 23-інде ғана мемлекеттік БАҚ кіші Бердімұхамедовтың Ахал аймағының Душак сайлау округінен депутат болып сайланғаны туралы хабарлаған.

Сердар Бердімұхамедов биылғы наурыздың 25-іне белгіленген парламент сайлауына қайта түсіп жатыр және оның жеңетініне ешкім шүбә келтірмейді.

Биылғы сайлаудың қызығы мұнымен шектелмейді.

Жақында ғана Сердар Бердімұхамедов Астанаға барып, Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіне қатысып қайтты.

Оқи отырыңыз: Кіші Бердімұхамедов басшылар жиынына қатыса бастады

Президент Бердімұхамедов Астанадағы жиынға өзі қатыспай, Кувейт пен Біріккен Араб Әмірліктеріне жол тартып, Қазақстандағы кездесуге парламент спикері Акжа Нұрбердиеваны жіберген. Нұрбердиева Астанада суретке түссе де, ол суреттер көп жарияланған жоқ. Есесіне, Сердар Бердімұхамедов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен сәтінен түсірілген сурет көбірек таралды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Түркіменстан парламенті комитетінің төрағасы, осы елдің президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп отыр. Астана, 15 наурыз 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Түркіменстан парламенті комитетінің төрағасы, осы елдің президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп отыр. Астана, 15 наурыз 2018 жыл

Түркіменстан конституциясына сәйкес, парламент спикері – елдегі екінші лауазымды тұлға саналады, президент өз міндетін атқара алмаған жағдайда оның орнын парламент спикері басады.

Акжа Нұрбердиева 2007 жылғы 23 ақпаннан бері Түркіменстан парламенті жетекшісі қызметін атқарып келеді (2006 жылғы 22 желтоқсаннан спикер міндетін атқарушы болған). Түркіменстанда жоғары лауазымға тағайындалған қызметкерлердің биліктегі мерзімі көбіне екі жылдан әрі аспайтынын ескерек, бұл – өте ұзақ уақыт.

Нұрбердиеваның жасы Түркіменстандағы әйелдердің зейнет жасынан төрт жыл асып кетті. Ол қазір 61 жаста (не 61-ге енді толады). Нұрбердиева орнын босатқан жағдайда парламент спикері қызметіне Сердар Бердімұхамедов келетін тәрізді. Бұлай болған жағдайда ол конституцияға сәйкес президенттің, яғни "әке тағының" мұрагеріне айналады. Әйткенмен, тәуелсіз Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болғанда "тақ тапсыру" жүйесі жұмыс істеген жоқ. 2006 жылғы 21 желтоқсанда Ниязов өмірден өтті деген ақпарат тарай салысымен парламенттің сол кездегі спикері Овезгелді Атаевтың тұтқындалғаны белгілі болды. Кейін Атаевқа "ұлтаралық араздықты қоздырды" деген айып тағылып, сот оған түрме жазасын кескен.

Ал қазіргі жағдайда әкесі қызметін атқара алмай қалса, не күтпеген жерден өмірден озса, ұлы Сердардың оның орнын иелену мүмкіндігі жоғары. Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдарын қарап жүрген адам бірнеше айдан бері Сердарды жиі жарнамалай бастағанын аңғарса керек. Бұл жолғы парламент сайлауының алдыңғылардан тағы бір ерекшелігі бар. Бұл сайлау 1994, 1999, 2004, 2008 және 2013 жылдары болған бұрынғы сайлаулар сияқты желтоқсанда өткен жоқ. Сайлау мерзімінің неге ілгері жылжытылғанын ресми түрде ешкім түсіндірмеді. Дегенмен, Түркіменстанның 26 жылдан бергі ең қиын экономикалық дағдарысқа тап болғанын ескерсек, басшылық экономикалық өзгерістерді бастамас бұрын (мәселен, көптен бері кейінге қалдырылып келген ұлттық валюта девальвациясы қолға алынуы мүмкін) сайлау өткізіп алуды жөн санап отырса керек.

(Мақалада айтылған пікірлер Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG