Accessibility links

Орталық Азияда "сарай балалары" өсіп жетілді


Дариға Назарбаева (сол жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевтың (оң жақта) тағы бір президент сайлауындағы жеңісін тойлап тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Орталық Азияда ел басшылары балаларының лауазымды қызметте ғана емес, шен-дәреже және ғылыми атақ жағынан да тезірек өсіп келе жатқаны байқалады.

Орталық Азияда әкелері ұзақ жыл билікте отырған балалардың қызметі тез өзгеріп, жедел өсіп келе жатқандары бар.

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН ЖАНҰЯ

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон таяуда үлкен қызы Озода Рахмонға мемлекеттік әділет кеңесшісі шенін табыс еткен. Бұл - әділет және прокуратура органындағы ең жоғарғы шен. Озода Рахмон 2016 жылдан бері президент әкімшілігін басқарады. Ол 2012 жылы заң ғылымы саласы бойынша "Тәжікстандағы әйел құқығы мен бостандығына қатысты заңнаманың дамуы" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

Эмомали Рахмон қызы Озода Рахмонға "Құрмет" орденін тапсырып тұр. 28 тамыз 2015 жыл.
Эмомали Рахмон қызы Озода Рахмонға "Құрмет" орденін тапсырып тұр. 28 тамыз 2015 жыл.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, 38 жастағы Озоданың бұдан басқа төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі де бар. Бұрын Тәжікстанның АҚШ-тағы елшілігінде қызмет атқарған ол кейіннен сыртқы істер министрінің бірініші орынбасары, сенат депуаты болды. Озоданың күйеуі Джамолиддин Нуралиев – Тәжікстан ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары азаматтық соғысты өткерген Тәжікстанда билікте 25 жыл тапжылмай отырған Эмомали Рахмонның 29 жастағы ұлы Рустам Эмомали биыл Душанбе қаласының әкімі болып тағайындалып, соңынан қалалық мәжіліс кеңесінің төрағасы да болып сайланды. Ол бұрын кеден қызметі басшысы, коррупцияға қарсы ведомство жетекшісі қызметтерін атқарған.

Тәжік президентінің тағы бірі қызы Рухшона Рахмонова 2016 жылдың қарашасынан бері сыртқы істер министрлігінің халықаралық қатынастар басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Бұрын Ұлыбританиядағы елшілік қызметкері болған ол мамыр айында "Дипломатиялық қызмет негіздері" деген кітап жазып тұсаукесерін өткізген.

Тоғыз баланың әкесі Эмомали Рахмон 1992 жылдан бері Тәжікстанды басқарып отыр. Қазір оның жеті бірдей күйеубаласы ел үкіметінде экономика және қаржы салаларында лауазымды қызметтер атқарады.

ЕЛБАСЫ ОТБАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Орталық Азияның постсоветтік елдері арасында билік басында Эмомали Рахмоннан да ұзақ отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева да мамыр айында педагогика ғылымы бойынша академик атағын алды. Назарбаевтың тұңғыш қызы Дариға Назарбаева - былтырдан бері сенат депутаты.

Дариға Назарбаеваның Қазақстан вице-премьері кезіндегі суреті. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.
Дариға Назарбаеваның Қазақстан вице-премьері кезіндегі суреті. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Бұған дейін бір жыл премьер министрдің орынбасары қызметін атқарған президенттің үлкен қызы экономика және саясаттану докторы, тарих ғылымының кандидаты ғылыми атақтарына ие. Қазір Дариға Назарбаева сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарады.

Ал Қазақстан президентінің немере інісі, ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш биыл мамыр айында Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан генерал-лейтенант атағын алған.

ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін "бұрынғы күйеубала" Рахат Әлиев те атқарған еді. Ол кейін президенттің күзет қызметі бастығының орынбасары, Қазақстанның Австриядағы елшісі, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары болып, 2007 жылы "Рахатгейт" аталып кеткен атышулы оқиғадан соң Венаға кетті. Халықаралық іздеу жарияланып, сол жылы сот Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның некесін бұзу сырттай шешім шығарды. Қазақстан билігі Австрияға Рахат Әлиевті экстрадициялау жайлы бірнеше рет сұраныс жібергенімен, Вена оны беруден бас тартқан. Қазақстанда "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген айыпталған Рахат Әлиевтің ісі құпия күйінде қалды.

Оған 2013 жылы "2006 жылы оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруді ұйымдастырды" деген де айып тағылған. 2014 жылы Австрия құқық органдарына өз еркімен берілген Рахат Әлиевтің сот отырысын күтіп қамауда жатқанда 2015 жылғы ақпанның 24-інде түрмеде мәйіті табылды. Ресми қорытынды Әливтің өз-өзіне қол салғаны туралы хабарлады.

Назарбаевтың екінші күйеубаласы, президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі Тимур Құлыбаев "Атамекен" Қазақстан кәсіпкерлері ұлттық палатасын басқарады. Президенттің кенже қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі Димаш Досанов былтыр мұнай тасымалдайтын "ҚазТрансОйл" компаниясының бас директоры болып тағайындалды.

"АРҚАДАҒТЫҢ" СЕРДАРЫ

Орталық Азияда билікте ұзақ отыруы жағынан Назарбаев пен Рахмоннан кейін үшінші орын алатын Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар туралы бұрын көп айтыла бермейтін. Өткен жылы депутат болып сайланған ол қазір парламенттің заңнама және нормалар комитетінің төрағасы қызметінде отыр.

Түркіменстан президентінің үлкен ұлы Сердар Бердімұхамедовтің (сол жақтан төртінші) Татарстан ресми өкілдерімен бірге түскен суреті.
Түркіменстан президентінің үлкен ұлы Сердар Бердімұхамедовтің (сол жақтан төртінші) Татарстан ресми өкілдерімен бірге түскен суреті.

Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, Сердар Бердімұхамедовтің Түркіменстан делегациясы басшысы ретінде мамыр айында Ресейге сапарлап, Қазан қаласында Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесуі Ашғабаттағы мемлекеттік ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып көрсетілген. Түркіменстан делегациясы осы сапарында "Ресей – ислам әлемі: KazanSummit-2017" экономикалық форумына және мұсылмандар съезіне қатысқан еді.

2010 жылдан бастап "Арқадағ" (қамқоршы, жарылқаушы мағынасында) атағын иеленген президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар депутат болғанға дейін елдегі бірнеше министрлікте және агенттікте қызмет атқарған. Сондай қызметінің бірі – Түркіменстан сыртқы істер министрлігінің шетелдік ақпарат құралдарымен байланыс департаментінің жетекшілігі болатын.

Мәскеу дипломатиялық академиясын бітірген Сердар Бердімұхамедов 2014 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 2015 жылы техника ғылымдарының докторы атағына ие болғаны айтылады.

ӨЗБЕКСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ АХУАЛ

Орталық Азияда президенттік билікте отырғанына әлі жыл толмаған Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевтің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсыновтың президенті әкімшілігі жетекшісі орынбасары болып тағайындалғаны айтылады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен шарада артқы қатарда тұрған Отабек Шаханов. Оның жүзі қызыл шеңбермен белгіленген. Астана, наурыз, 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен шарада артқы қатарда тұрған Отабек Шаханов. Оның жүзі қызыл шеңбермен белгіленген. Астана, наурыз, 2017 жыл.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, президенттің кіші күйеубаласы Отабек Шахановтың да Мирзияевтің шетел сапарлары кезінде кеудесіне президенттің жеке күзетінің қызметкері бейджін іліп алып, қайынатасының желке тұсында жүретіні байқалған. Кейбір мәліметке қарағанда Отабек Шаханов биылғы қаңтар айында президент қауіпсіздігі қызмет бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалған.

Өзбекстанда бірінші президент Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова да кезінде сыртқы істер министрі орынбасары қызметін атқарған болатын.

Ал Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев ұлы мен қызы депутаттыққа сайлана салысымен "қызғалдақ төңкерісінің" нәтижесінде 2005 жылы биліктен кетті. Ол қазір Ресейде тұрады. Ақаевтан кейін билікке келген Құрманбек Бакиев те ұлы мен інісін лауазымды қызметке тағайындаған соң 2010 жылғы "сәуір төңкерісінен" кейін биліктен кетуге мәжбүр болды. Ол Қазақстан арқылы елден шығып, шетелге қашты. Бакиев қазір Белоруссияда тұрады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG