Accessibility links

Кіші Бердімұхамедов басшылар жиынына қатыса бастады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Түркіменстан парламенті комитетінің төрағасы, осы елдің президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп отыр. Астана, 15 наурыз 2018 жыл

Астанада өткен Орталық Азия басшылары кездесуінде бұрыннан билікте келе жатқан басшылар мен жаңа президенттер жүздесті. Кезінде Тегерандағы көрші елдердің "Наурыз жиынынан" қалмайтын Түркіменстан басшысы бұл жолы Астанаға өзі келмей, ұлын жіберді.

15 наурызда Қазақстан астанасында өткізілген Орталық Азия елдері басшыларының жиыны толық құрамда өтпеді. Ресми түрде бұл шара "консультативтік жұмыс кездесуі" ретінде хабарланды. Президенттер кеңесіне Түркіменстан парламент басшысы деңгейінде қатысты. Басқосуға Түркіменстаннан мәжіліс спикері Акджа Нурбердыева қатысқанымен, жиын соңындағы ортақ суретке тек президенттер қана түсті. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бұған дейін аймақ деңгейіндегі басшылардың алты рет өткен жиынның бәріне қатысып үлгерген еді.

АСТАНА ЖИЫНЫ КІМГЕ АРНАЛДЫ?

Тоғыз жылдан кейін өткізілген Орталық Азия басшыларының жиынына жаңа президенттер – Қырғызстан жетекшісі Сооронбай Жээнбеков пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев бірінші рет қатысты. Өзге басшыларға қарағанда бұл екеуі әзірге "Ұлт көшбасшысы" (Қазақстан, Тәжікстан), "Арқадағ" тәрізді жергілікті атақ жамап үлгермеген жасамыс президенттер.

Қазақстан басшысы Назарбаев жиын барысында бірінші кезекте екі жас президентке көпшік тастап, аймақ елдерімен және Қазақстанмен қатынасты дамытуға қосқан үлестерін айтып отырды. Бұған қоса Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс жиыны келесі жылы Өзбекстанда өтетін болып келісілді. "Келесі кездесу алдағы жылы, Наурыз қарсаңында Ташкентте өтеді. Біз кезек-кезекпен әрбір астанада кездесіп отыруға уағдаластық. Наурыз біздің мейрамымыз және символдық мәні бар", - деген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Орталық Азия елдері басшыларының жиыны. Астана, 15 наурыз 2018 жыл
Орталық Азия елдері басшыларының жиыны. Астана, 15 наурыз 2018 жыл

Жиын барысында басқосудың өзбек президентінің бастамасымен өткізілгені және оның Наурыз мерекесіне орайластырылғаны бірнеше мәрте айтылды. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков президент болып сайланған соң бірінші ресми сапарын Өзбекстанға арнаса, екінші ресми сапарында Астанаға келіп қайтқан болатын. Ал Өзбекстан президенті Мирзияев Астана басқосуы алдында Тәжікстанға сапарлап, Каримов тұсында тоқыраған екіжақты қатынасты қайтадан бастауға қадам жасады. Билікке келген бір жарым жыл ішінде Орталық Азияның барлық еліне сапарлаған Мирзияев аймақ деңгейіндегі интеграцияға бағытталған ұмтылысының алғашқы кезеңін осылай түйіндегендей болды.

Оқи отырыңыз: Орталық Азия басшылары аймақ мәселелерін енді бірге шешпек

Астанадағы жиынның соңы Өзбекстанның Қазақстандағы жылы рәсімінің ашылуына ұласты. Ресми жиыннан кейін Орталық Азия елдерінің басшылары мен өкілдері "Астана опера" театрында өткен Өзбекстан өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Астананың 20 жылдығы туралы да айтылған концерт соңына қарай "Ялла" тобы Қазақстан президенті сөзін жазды делінетін "Үшқоңыр" әнін шырқады. Қазақстанның ресми "Хабар" телеарнасы концертті тікелей эфирден таратып, күнделікті жаңалықтар топтамасын әдеттен тыс кейін шегеріп берді. Өзбекстанның Қазақстандағы жылы рәсімінің ашылуына Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері қатысқаны хабарланып, Түркіменстан өкілдері жайлы айтылмады. Осылайша, Ислам Каримовтің көзі тірісінде Орталық Азиядағы жетекшілікке бақталас саналатын Қазақстан мен Өзбекстан бұл жолы бір-біріне ілтипат таныта қалды. Орталық Азия басшыларының консультативтік жұмыс жиыны да Қазақстан мен Өзбекстанға көбірек арналғандай әсерде қалдырды.

"ЖАС АЛПЫСТАН АСҚАН СОҢ..."

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанаға Орталық Азия елдері басшылары жиыны басталардан бір күн бұрын ресми сапар аясында келіп алған еді. Ол Қазақстан президентімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін пысықтап қана қоймай, соңынан Астанадағы "Назарбаев орталығы" көпфункционалды кешенінің бір бөлігі – Елбасы кітапханасын аралап көрді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 14 наурыз 2018 жыл
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 14 наурыз 2018 жыл

Екі ел басшысының да конституциялық заң деңгейінде "Ұлт көшбасшысы" (тәжікше - Пешвои меллат) атағын иеленуі және өз аттарына қатысты ордендер бекітуі кездейсоқтық болмас. Қазақстанда "Тұңғыш президент қоры" 2000 жылдан бері жұмыс істесе, Тәжікстанда да 2015 жылдан бері осындай қор мен Ұлт көшбасшысының кітапханасы мен мұрағатын құру қолға алынған. Екі елде де Президент күні аталып өтеді.

Оқи отырыңыз: Назарбаев жайлы спектакльден соң Рахмон туралы пьеса жазылды

Тәжікстан мен Қазақстандағы президенттерді дәріптеу әрекеттері ғана емес, екі президенттің осындай ерекше мәртебеге иелену жасы да ұқсас келіп отыр. Қазақстанда мұндай дәріптеу шаралары Назарбаев 60-қа толған 2000 жылы басталса, қазір 65 жастағы Рахмонды ұлықтау соңғы бірнеше жылда қолға алынған.

Тәжікстан президенті мен Түркіменстан басшысы бұрын Махмұд Ахмадинежад Иран президенті болып тұрған кезде Наурыз кезінде Тегеранда өткізіліп келген аймақ елдері басшылары жиынынан қалған емес. Рахмон парсытілдес елдер одағын құру мәселесі көтерілген басқосуларға да қатысып жүретін. Алайда соңғы жылдары Ираннан іргесін аулаққа салған Тәжікстан Өзбекстанда жаңа президенттің сайлануымен қарайлас Орталық Азиядағы аймақтық қатынасқа тартыла бастағаны байқалады.

Қазір Тәжікстанда президенттікке сайлану жасы 30-ға дейін төмендетіліп, заңдастырылған. Бұл 2020 жылы өтетін президент сайлауына Эмомали Рахмонның ұлы, былтыр жасы 30-ға толған Рустам Эмомалидың қатысуына жол ашуы мүмкін деп есептеледі.

БАСШЫСЫНАН ҚОСШЫСЫ МЫҚТЫ ТҮРКІМЕН ДЕЛЕГАЦИЯСЫ

Кезінде Иранда аймақ елдері президенттерінің қатысуымен өткізіліп келген "Наурыз жиынына" Түркіменстан басшысы да тұрақты қатысып жүретін. Бірақ бұл жолы президент Гурбангулы Бердімұхамедов Астанаға келмей, Парсы шығанағы елдеріне сапарлап кетті.

Астанадағы Орталық Азия елдері басшылары кездесуіне қатысқан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан президенттері. Астана, 15 наурыз 2018 жыл
Астанадағы Орталық Азия елдері басшылары кездесуіне қатысқан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан президенттері. Астана, 15 наурыз 2018 жыл

Астанадағы Орталық Азия басшыларының консультативтік жұмыс жиынына Ашғабат атынан қатысқанТүркіменстан мәжілісінің төрайымы Акджа Нұрбердыева ресми басқосуда болмаса, көп көзіне көрінбеді. Жиыннан соң Орталық Азия елдері басшылары түскен суреттерде де Нұрбердыеваның бейнесі кездеспейді. Есесіне басқосу соңында жарияланған "Шуақты Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесінде" өзі қатыспаса да Түркіменстан президенті аталады. Мәлімдеменің бірінші сөйлемі "Біз, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы Президенттері..." деп басталады.

Аймақтағы су ресурстарын пайдалану үшін Совет одағы кезінде құрылған Орталық Азияның бірлескен энергожүйесінен тұңғыш президенті Сапармұрад Ниязовтың көзі тірісінде, 2003 жылы бірінші болып шығып кеткен Түркіменстанда қазір де саяси жағдай көп өзгере қойған жоқ. Ал бірлескен энергожүйенің күйреуі аймақ интеграциясын екінші қатарға ысырған факторлардың бірі болатын.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің (ортада) ұлы Сердар (сол жақта) және немересі Керімқұлымен бірге түскен суреті
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің (ортада) ұлы Сердар (сол жақта) және немересі Керімқұлымен бірге түскен суреті

Бұл жолы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің Астана жиынына мәжіліс спикерін жіберіп тұрып, Қазақстан президентіне арнаған "өз сәлемін" мәжіліс комитетін басқарып отырған баласы Сердар Бердімұхамедов арқылы жолдауы айрықша назар аударарлық оқиға болды. Соңғы кезде көп алдына жиі шыға бастаған кіші Бердімұхамедовті президент Нұрсұлтан Назарбаев бейресми жағдайда қабылдады. Бұдан балалар арқылы "сәлем жолдау" Орталық Азия үшін ерсі емес екені байқалды.

Оқи отырыңыз: Орталық Азияда "сарай балалары" өсіп жетілді

Ал соңғы кезде Қазақстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшыларының балалары билік тармақтарындағы басшылық қызметке араласып, тез өсе бастағаны белгілі. Сондықтан да болар, Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі аймақтағы "ардагер" президенттер, жаңа басшылар және бәлкім, болашақта басшылыққа келуі мүмкін клуб мүшелерінің басқосуына да ұқсап кетіп жатты.

ВИДЕО: Орталық Азия басшыларының жиыны.

Орталық Азия басшыларының жиыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Ал интеграция мен ынтымақтастық үшін аймақтық басқа ұйымдар аясында ұмтылыстар әртүрлі деңгейде жалғасып жатыр. ТМД, Еуразия экономикалық одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы тәрізді нысандарға Орталық Азияның кейбірі елдері елдері мүше, кейбірі мүше емес. Әдетте, аймақ елдері ұйытқысы Ресей немесе Қытай болып табылатын ұйымдарға басымдық береді. Тіпті 2005 жылы Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы құрылғанына үш жыл өтер-өтпесте Еуразия экономикалық қауымдастығына "жұтылып" та кетті. Бұған қоса Орталық Азия елдері түркі елдерінің Парламенттік ассамблеясы тәрізді ұйымдар мен басқа түркі ынтымақтастығы ұйымдары шеңберінде де байланыс орнатып отыр. Ал Совет Одағы ыдыраған соң Түркіменстан мен Өзбекстан әліпбиін латын графикасына көшіріп алған болса, Қазақстан бұл көшке енді ғана ілесе бастады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG