Accessibility links

Кремльсіз өтетін "стан"- саммит


Орталық Азия басшылары: (жоғарыдан солдан оңға қарай) Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Орталық Азия басшылары: (жоғарыдан солдан оңға қарай) Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Орталық Азия елдері басшылары наурыздың 15-і күні Астанада кездесіп, бірінші рет мәселелерді өзара талқыламақ.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан президенттері және Түркменстан парламенті жетекшісі қатысады деп хабарланған Орталық Азия елдері басшыларының Астанадағы кездесуінің күн тәртібі әзірше белгісіз. Бұған дейін бұл елдер ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, Ислам конференциясы ұйымы, БҰҰ немесе ЕҚЫҰ тәрізді ірі ұйымдар аясында жиналатын, оның бәрінде Ресей де қатысатын. Ал бұл жолғы кездесу Ресей басшысының қатысуынсыз өтпекші.

Бес мемлекеттің өзара кездесуін аймақтың дербестікке бетбұрысы және жаңа күш құруға талпынысы деп қабылдауға бола ма? Орталық Азия басшыларының бұл жиыны осы аймақты әркез өз мүддесі үшін пайдаланып келген Ресейге қыр көрсетудің нышаны ма?

Қазір АҚШ-та тұратын өзбек саясаттанушысы Рафаэль Саттаров Ресейдің бұл саммитке шамданатын жөні жоқ дейді, себебі Орталық Азия елдері қазіргі таңда қандай да бір тәуелсіз одақ құруға қауқарсыз.

"Ресейден қалай бөлінеді? Қауіпсіздік мәселесінде бәрібір онымен ынтымақтас болады, одан ешқайда қашып құтылмайды. Ешбірі Ресей сияқты аймақтық қауіпсіздікпен айналыса алмайды. ТМД аясында аймақта әуе шабуылына қарсы қорғаныс ортақ, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан әскерилерін жаңарту қажеттігі қатты байқалады, оларға қаруды Ресейден алған тиімді", - дейді Саттаров.

Оның пікірінше, кездесу Ресей және өзге ойыншылар – АҚШ пен Қытайдың мүддесіне қайшы келмейді.

"Қазір президенттер өзара кездесіп, бітімге келіп, сыртқы инвестицияларды тартуды ойлағаны дұрыс. Өзара тату болмаса оларға ешкім елеулі қаржы салмайды", - деді ол.

Қырғызстандық саясаттанушы Эдил Байсаловтың пікірінше, Орталық Азияға ықпалының зор екеніне сенімді Ресей аймақ ісіне Қытайдың да жиі араласа бастағанына қызғаныш танытып жүр. Оның ойынша, Кремль аймақ елдері басшыларының жақындасуына айтарлықтай наразы болмайды, керісінше, оны Қазақстан мен Қырғызстан мүше болып кірген ЕЭО жобасын кеңейту үшін пайдаланады.

Эдил Байсалов
Эдил Байсалов

"Ташкентте басшылық ауысқан соң қозғалыс болатынын білдік, бірақ президент Мирзияев құшағын осынша кең ашып, ынтымақтастық көпірін орнатуға тырысады деп ешкім ойламапты. Енді бұл аймақтық интеграцияның қаншалықты алысқа барарын болжау қиын. Бір-бірімізді сағынып қалдық, бейбітшілік, ынтымақтастықты дамытып, өзара пайда тапқымыз келеді. Өзбекстан мен Тәжікстан ЕЭО-ға кіруі мүмкін. Егер кірмей жатса, іштеріндегі үлкені Назарбаев жаңа аймақтық жоба ұсынуы мүмкін. Орталық Азияда еркін нарық болмаса олардың ешбірі үлкен табысқа жетпейтіні белгілі", - дейді Байсалов.

Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиева (Қазақстан) аталған мәселеге Ресейдің алаңдайтынын айтты.

"Ресейдің позициясы әртүрлі болуы мүмкін, Орталық Азия елдері қандай стратегияны ұстануды ойлауы керек. Кремль қазір ашық агрессия танытпайды, бірақ бәрібір алаңдайтын жағдай. Орталық Азия республикалары басқа ірі ойыншылармен белсенді қарым-қатынас жасаған кезде Ресей әркез бақылап отырады. Қазіргі президенттердің бірінші кездесуін ресейлік БАҚ пен сарапшылар көз алмай бақылайды", - дейді ол.

Толғанай Үмбеталиева
Толғанай Үмбеталиева

Үмбеталиеваның пікірінше, Кремль сайлауалды науқанға мән беріп жатса да, аймақты қадағалап, өз жауабын дайындап отырады. Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіндегі күн тәртібі мен оның нәтижесіне қарай Ресей оған араласуды немесе бақылаушы болып қалуды шешеді.

Тәжікстанда күнделікті шығатын "ИмрузNews" газетінің бас директоры Муним Оламов Ресей президентінсіз өтетін кездесуді егемендікті таныту үшін маңызды қадам санайды.

"Қазіргі кезде Ресей Батыспен, Еуропамен шиеленісті қарым-қатынас жасап отыр. Орталық Азия елдері өз мәселесін жеке шеше алатынын көрсеткені дұрыс, егер Ресей бұл кездесуге келсе, бәрін Мәскеу басқарып отыр деген түсінік қалыптасар еді", - дейді ол.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің журналисі Зафар Абдуллоевтың мақаласы орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG