Accessibility links

Орталық Азия басшылары аймақ мәселелерін енді бірге шешпек


Астанадағы жиынға келген Орталық Азия елдері басшылары. Астана, 15 наурыз 2018 жыл
Астанадағы жиынға келген Орталық Азия елдері басшылары. Астана, 15 наурыз 2018 жыл

Астанада өткен Орталық Азия елдері президенттерінің жиыны алдында Назарбаев Орталық Азия елдерінің проблемасын шешу үшін басқа адамды шақырудың қажеті жоқ екенін, аймақ мәселелерін өздері шеше алатынын айтты.

Астанадағы жиынға келген Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан мәжілісінің спикері Акджа Нурбердыева жылы жүзбен көрісті. Астанаға Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхаммедов келмеді. Өз орнына мәжіліс спикерін жіберген.

Назарбаев жиын алдында Жээнбеков және Мирзияевпен кездесті. Қырғызстан президентімен әңгімеде екі ел арасындағы мәселелер соңғы кездесуден кейін біртіндеп шешіліп жатқанын айтты.

- Орталық Азия елдерінің проблемасын шешу үшін басқа адамды шақырудың қажеті жоқ. Өз мәселемізді өзіміз шеше аламыз. Сол үшін жиналып жатырмыз, - деді Назарбаев Жээнбековпен кездесуде.

Назарбаев Мирзияевті "қатты күттік, сағындық" деп қарсы алды. Қазақстан президенті Өзбекстан билігіне Мирзияев келгелі Қазақстанмен арадағы былтырғы сауда-саттық көлемі екі миллиард долларға жетіп, бұрын болмаған межеге жеткенін, Ташкенттің көршілерімен арадағы тұралап қалған мәселелерінің шешіле бастағанын айтты.

- Былтыр көп жұмыс атқардыңыз, көршілермен қарым-қатынасыңызды түзеп, ондаған жыл шешілмеген шекара, ақпарат алмасу сияқты мәселелерді шештіңіз, - деді Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Астана, 15 наурыз 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Астана, 15 наурыз 2018 жыл.

Назарбаев Орталық Азия елдерінің ішкі мәселесін шешу үшін тұрақты консультативті кездесулер өткізу "Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің ұсынысы екенін" айтты.

Ал Өзбекстан президенті өз кезегінде Назарбаевқа "Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап интеграция жақтаушысы болдыңыз. Барлық кездесулерде ынтымақтасу, сауда-саттық, гуманитарлық тауар алмасу қажеттілігін айтып келесіз. Бірақ бұл мәселе обьективті-субьективті себептерге байланысты қордаланған еді" деді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Кездесуде су мәселесі, аймақ қауіпсіздігі және сауда-саттық мәселелері талқыланды. Назарбаев аймақ елдерінің потенциалын біріктіру Орталық Азияда тұрып жатқан халықтың тұрмысын жақсарту үшін пайдалы екенін, өзара сауда-саттық аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айтты.

- Үлкен екі Амудария мен Сырдария өзендерінің бойындағы елдерде 70 миллион адам тұрады. Су мәселесінде саяси саудаласу болмау керек деп келістік. Барлық елдердің мүддесін ескере отырып, су мәселесін бірге шешуіміз керек. Олардың ішінде гидроқұрылыс, су жіберу, электроэнергия бар, - деді Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Астана, 15 наурыз 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Астана, 15 наурыз 2018 жыл.

Орталық Азиядағы өзендердің бастаулары Қырғызстан және Тәжікстанда шоғырланған. Душанбе энергетикалық мәселесін шешу үшін Рогун су электр станциясын аяқтамақ болған. Бірақ Ташкентпен арадағы туған су дауы әлі толық шешілген жоқ.

Назарбаев жиын кезінде Сирия мен Иракта ДАИШ-тің әлсіреуінен Орталық Азиядан кеткендердің көбі қайта орала бастайтынын, аймақ елдері өте сақ болу керектігін айтты.

- Біздің алғашқы кездесуіміздің Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің мәні бар. Оның үстіне бұған дейінгі кездесу тоғыз жыл бұрын болыпты. Содан бері кездеспеппіз, әрине байланыста болдық. Бірақ мұндай ортақ кездесу болған емес. Қазақстан қашан да барлық көршілерімен, әсіресе Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық байланыс орнатуға ұмтылып келді. Мұндай кездесулердің біздің халықтарымыз үшін пайдасы бар. Енді біз барлық туындайтын мәселелерді бірлесіп шешеміз, - деді Назарбаев.

Тоғыз жылдан бергі Мәскеу қатыспаған алғашқы кездесуде аймақ басшылары Ресей және Қытаймен байланыс әлсіремейтінін айта кетті.

"САЯСИ МАЗМҰНЫ ЖОҚ ЖИЫН" ЖӘНЕ ПУТИНГЕ СӘТТІЛІК

Жиын соңындағы жалпы отырысқа журналистер кіргізілмеді. Баспасөз өкілдері жиынды бөлек бөлмедегі монитордан бақылауға рұқсат алды. Бірақ отырыстың кіріспе сөзі ғана көрсетілді.

Қазақстан президенті кіріспе сөзінде "кездесудің саяси мазмұны жоқ" екенін айта келе наурыздың 18-і күні өтетін Ресей президентінің сайлауына тоқталды.

- Ресейде сайлаудың жақсы өтуіне тілектеспіз. Әрине, барлығымыз Владимир Владимирович Путинге сәттілік тілейміз, - деді Назарбаев.

Назарбаев кіріспе сөзін аяқтап, "журналистер азат" деген соң трансляция да үзілді. Ары қарай жабық жиынға ұласты.

Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі. Астана, 15 наурыз 2018 жыл.
Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі. Астана, 15 наурыз 2018 жыл.

Орталық Азия елдерінің басшылары Совет Одағы құлағалы алты рет кездескен. 1991 жылы Түркіменстан астанасы Ашхабадта бес елдің президенті "Совет одағынан кейінгі қимылдарды" талқылаған. 1993 жылы Орталық Азия елдері аймақтық серіктестік ұйымын құрмақ болған. Бірақ бейтарап саясат ұстануға тырысқан Түркіменстан бірігуді қаламаған.

1995 жылы Түркіменстанның Дашогуз қаласындағы жиында халықаралық ұйымдарға кіру және Арал теңізі мәселесі талқыланған. 1998 жылы төрт елдің президенті Түркіменстан президентінің көңілін сұрап Ашхабадқа барған. 1999 жылы сәуірде сәуірде Ашхабадта қайта жиналып, "Талибанның" аймаққа қатерін талқылаған. 2009 жылы бес президент Арал мәселесіне байланысты тағы жиналған. Бірақ аймақтағы су ресурстарын пайдалану мәселесі шешімін таппаған. Бұл жиындардың барлығына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон қатысып келеді.

Астанадағы жиында аймақ басшылары жыл сайын наурыз мейрамының алдында жиналып тұруға келісті. Келесі кездесу 2019 жылы наурызда Ташкентте өтпек.

Видео: Орталық Азия басшыларының кездесуі

Орталық Азия басшыларының жиыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

XS
SM
MD
LG