Accessibility links

Қырғыз-өзбек саудасында сұрақ көп


Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков алғашқы ресми сапарында өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзияевті "Дәнекер" орденімен марапаттады. Ташкент. 13 желтоқсан, 2017 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков алғашқы ресми сапарында өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзияевті "Дәнекер" орденімен марапаттады. Ташкент. 13 желтоқсан, 2017 жыл.

Жаңа президенттері кездескен Қырғызстан мен Өзбекстан өзара сауда қатынасын дамытуға мән берді. Сарапшы Сапарбай Жобаев Азаттыққа берген сұхбатында екі ел саудасының ерекшеліктеріне тоқталды.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 13 желтоқсанда өзінің алғашқы ресми сапарын Ташкенттен бастады. Өзбекстан президенті Ислам Каримов қайтыс болар алдында екі ел шекарасындағы Үңгіртау мәселесі шиеленісіп, кейін Мирзияев билікке келгенде тыншыған. Жээнбековтің Ташкентке екі күндік сапарында құны 139 миллион доллар болатын келісімдерге қол қойылды.

Қазан-қараша айларындағы экс-президент Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан және Қазақстанның тәуелсіздіктен бері ауыспаған президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы мәлімдемесінен кейін Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы дау Жээнбеков билікке келген соң реттелген. Президент Жээнбековтің алғашқы ресми сапарын Өзбекстаннан бастауы осы тұрғыдан алғанда назар аудартқан оқиға болды. Сооронбай Жээнбековті Ташкентте Ислам Каримов әуежайында премьер-министр Абдулло Арипов қарсы алып, қайтарында президент Шавкат Мирзияев шығарып салды. Кездесуде екі ел арасындағы сауда айналымы жыл соңына дейін 280 миллион долларға жетуі мүмкін екені айтылды. Қырғыз президентінің Ташкент сапарынан туындаған Азаттық сұрақтарына экономист Сапарбай Жобаев жауап береді.

Шавкат Мирзияев Сооронбай Жээнбековті әуежайдан шығарып салды. Ташкент. 14 желтоқсан, 2017 жыл.
Шавкат Мирзияев Сооронбай Жээнбековті әуежайдан шығарып салды. Ташкент. 14 желтоқсан, 2017 жыл.

Азаттық: - Қырғызстан президентінің ресми сапарында Өзбекстан Қырғызстанға 100 миллион долларлық кредит беретін болып келісті. Осы арқылы ілгеріде Қазақстан Қырғызстанға береді деген, бірақ соңынан шекара дағдарысы кезінде денонсацияға ұшыраған 100 миллион доллардың орны толғандай болды. Қырғызстан үшін Өзбекстан Қазақстанның орнын алмастырады деп ойламайсыз ба?

Сапарбай Жобаев: - Жоқ. Өйткені экономика жағынан алғанда, ішкі өнім мөлшерін салыстыра келгенде, Өзбекстанның дамуы Қазақстаннан бір жарым – екі еседей төмен. Девальвациядан кейінгі бұл көрсеткіш одан да төмен болуы мүмкін. Қырғызстан үшін Өзбекстан экономикасы Қазақстанның орнын толтыра алмайды. Түсінікті болу үшін мына жайларға да тоқталайын.

Біріншіден, Қырғызстан Қазақстан үшін Қытай өнімдерін жеткізетін өткел болатын. Екіншіден, Тәжікстан, Өзбекстан Ферғана аңғарында өндірілген ауылшаруашылығы өнімдері де Қазақстанға Қырғызстан арқылы жеткізіледі. Ал Өзбекстан болса, осының бәрін өзі шығарады. Және Қытай өнімін де Өзбекстан Қырғызстансыз тікелей өзі тасып әкеледі.

Мұндайда мына мәселені де ескерген дұрыс сияқты. Өткен 25 жылдың ішінде су, энергетика және газ мәселесінде Өзбекстан-Қырғызстан арасында біраз шиеленістер болған еді. Шекара маңында тұратындарды Өзбекстан мен Қырғызстан қысқа уақытқа ғана визасыз өткізетіні болмаса, екі ел арасындағы визалық тәртіп толықтай алынып тасталған жоқ. Бұл тиісінше қарым қатынасқа да кедергі келтіреді. Виза тәртібінің жойылса ғана байланыстан оң әсер күтуге болады. Сонда ғана екі ел өнімдері бір-біріне ағылуы мүмкін. Сондықтан Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы Қазақстан-Қырғызстан арасындағыдай болмайды. Мәселен, Қазақстан өндіретін металл өнімдерін Өзбекстан шығармайды. Қырғызстанға бидай өнімдері де Қазақстаннан барады. Энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдері, құрылыс материалдары тәрізді ең қажетті товарларды да Қырғызстан Қазақстаннан алады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Минск. 30 қараша, 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Минск. 30 қараша, 2017 жыл.

Азаттық: - Шекарадағы дауға дейін Қырғызстаннан да Қазақстанға ағылып тұрған өнімдер болды ғой?

Сапарбай Жобаев: - Қырғызстаннан Қазақстанға Қытайдың халық тұтынатын арзан өнімдері келетін. Соңғы оқиғадан кейін Қырғызстанға Еуразия экономикалық одағының шарттарына сәйкес Қырғызстаннан Қытаймен арадағы баж салығын басқа елдердегідей деңгейге көтеру керек деген талап қойылды.

Азаттық: - Қазақстанға келетін Қырғызстанның сүт өнімдері ше?

Сапарбай Жобаев: - Қазақстанға Қырғызстанның солтүстігінде өндірілген сүт өнімдері ғана әкелінеді. Шынтуайтқа келгенде, Қырғызстанның өзі сүт өнімдерінің көбін сырттан импорттайды.

Азаттық: - Ташкенттегі кездесулерінде шекаралас аймақтардың байланысына да мән берілді. Ілгеріде Өзбекстан президенті Мирзияев Орталық Азияда шекаралас аймақтар басшылары қауымдастығын құру бастамасын көтерген. Мирзияев билікке келгенде бірден Қырғызстан мен Тәжікстанға шекаралық облыстардан делегация аттандырып, өзінің қай бағытта қимылдайтынын көрсеткен. Қырғызстан мен Өзбекстанның шекаралас облыстарында өзара саудаға лап етіп әсер ететіндей өнімдердің түрін атап берсеңіз?

Сапарбай Жобаев: - Өзбекстанның ауылшаруашылық өнімдерінің еңбек өнімділігі жоғарырақ та, баға арзанырақ. Қырғызстан мен Өзбекстан Ферғана аймағы арқылы шектеседі. Қырғызстан үшін тау бөктерінде көкөніс, жеміс-жидек өндіру қымбатқа түседі. Бұл өнімдерді терістікте өзбек диқандары арзанға өндіреді. Қырғызстанның Ош және Джалалабад базарларында Өзбекстанның жеміс-жидегі мен көкөнісі жақсы өтеді. Қырғызстан болса, Өзбекстанды ет өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Ал мемлекеттік деңгейде энергетика мен газ сауданы қыздыратын негізгі салалар болып келеді. Қырғызстанда - электр энергиясы, ал Өзбекстанда газ көп.

Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасындағы шекаралық базар. 2013 жыл..
Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасындағы шекаралық базар. 2013 жыл..

Азаттық: - Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы жобасы туралы көптен бері айтылып келеді. Президент Жээнбековтің сапары соған қозғау салды. 25 желтоқсанда осы жоба бойынша жұмысшы тобының алғашқы отырысы өтпек. Сегіз жыл салынады деген жобаның Қырғызстан учаскесіндегі құнының өзі бес миллиард доллар деп шамаланады. Теміржол бойында 28 тоннель және сексеннен астам көпір салынуы мүмкін. Бұл қаншалықты жүзеге асатын жоба?

Сапарбай Жобаев: - Әрине, таулы жерде теміржол салудың өз қиындығы болады. Дегенмен бұл жобаның перспективасы бар деп есептеймін. Жоба өте көп мөлшерде инвестицияны қажет етеді. Қытайдың Оңтүстік Шыңжаңды Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстанмен байланыстыру ниеті болса, оны Қытай қаржыландыра алады. Бәлкім, халықаралық қаржы ұйымдары жәрдем беретін шығар.

Оқи аласыз: Атамбаев қазақ шекарасынан өтпейтін жол туралы айтты

Азаттық: - Өзбекстан Еуразия экономикалық одағына мүше емес. Бұл фактордың Қырғызстан-Өзбекстан сауда қатынасына әсері қандай болады?​

Сапарбай Жобаев: - Қазақстанға Қытайдың арзан өнімдері Қырғызстан арқылы келіп отырса, Өзбекстан ондайға жол бере қоймайды. Кедендік төлемдер, импорттық қосымша салықтары бар. Өзбекстан сауданы өркениетті жолмен жүргізуді талап етеді. Өзбекстанның одаққа мүше емесін ескергенде, Ташкенттің екіжақты саудаға қояр талаптары тіптен қатаң болуы да ғажап емес.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет!

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG