Түркіменстанның ресми басылымдарының хабарлауынша, ақпанның 4-і күні Бердімұхаммедов пен ұлы кешенде атпен серуендеген. Түркіменстан президенті "Гуджурлы" (Күшті), ал ұлы Сердар "Мирас" (бұл сөз түркімен тілінде мұрагер деген мағынаны да береді) атты жылқыға мінген.
Мемлекеттік ақпарат агенттігі "Президент Гурбангулы Бердімұхаммедов "Мирас" атты жылқыны тізгіндеген ұлы Сердормен бірге дене шынықтыруды дамыту және спорттағы жетістіктер туралы ой бөлісті" деп жазды.
"Арқадағ" (Жарылқаушы) атағын иеленген президент Бердімұхаммедов 2017 жылы сәуірде "Мирас" атты жылқымен бәйгеге қатысып, жеңіске жеткен. Ресми ақпарат құралдары "президент бәйгеде алған бас жүлдесін керектеріңе пайдаланыңдар деп атбегілерге таратып берді" деп жазған.
Бұған дейін "Мирас" жылқысын президенттің немересі Керимгулы Бердімұхаммедов өзі баптап, бәйгеге дайындағаны хабарланған.
Түркіменстан президенті Бердімұхаммедов отбасы мүшелерімен жиі атпен серуендеп тұрады. 2017 жылы көктемде ол ұлы Сердар және немересі Керимгулымен велосипед және атпен серуендеген. Бұл серуенді жергілікті телеарналардан көрсеткен.
Соңғы жылдары Гурбангулы Бердімұхаммедовтың ұлы Сердар Бердімұхамедовтың белсенділігі артып, жұрт алдына жиі шыға бастады. Ресми басылымдар мен телеарналар Сердарға көп көңіл бөліп, ол туралы жиі ақпарат беріп жүр. Сарапшылар Гурбангулы Бердімұхаммедов өз ұлын болашақ мұрагері ретінде қарайды деп жиі айтады.
Оқи отырыңыз: «Спорт державасы» болғысы келетін елдегі ысырап
Азаттықтың түркімен қызметі дереккөзінің айтуынша, Сердар Бердімұхаммедов 2016 жылы шілдеде Сыртқы істер министрлігіне қызметке тұрған. Бұған дейін де Сердардың бірнеше министрлік пен агенттіктерде жұмыс істегені айтылған. Бұған дейін Гурбангулы Бердімұхаммедовтың ұлы туралы ақпарат аз еді. Тек 2014 жылы техника ғылымдары бойынша кандидаттық, 2015 жылы докторлық диссертация қорғағаны туралы ақпарат болған.
Гурбангулы Бердімұхаммедов2006 жылы Сапармұрат Ниязов өмірден өткен соң биліккен келген. Содан бері ел басқарып келеді. Гурбангулы Бердімұхаммедовтың бір ұлы, үш қызы және төрт немересі бар.
(Азаттықтың Түркімен қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды)