Accessibility links

АҚШ қысымы түркіменнің газ жобасына серпін бермек


"Шығыс-Батыс" газ құбырын ашу рәсіміне келетін Түркіменстан президентін күтіп тұрған түркімен ұлттық киімін киген ұл бала. Шатлык, 31 мамыр 2010 жыл.
"Шығыс-Батыс" газ құбырын ашу рәсіміне келетін Түркіменстан президентін күтіп тұрған түркімен ұлттық киімін киген ұл бала. Шатлык, 31 мамыр 2010 жыл.

Он жылға жуық үзілістен соң АҚШ дипломатиясы Каспийдегі энергетика ойынына қайтып оралды. Бұл өзгеріс Орталық Азия газын Еуропаға шығаруға кедергі болып келген тосқауыл алынар қарсаңда болып жатыр. Еуропаға табиғи отынды Транскаспий газ құбыры жобасы және Қара теңіздің табанымен өтетін "Ақ ағыс" құбыры арқылы жеткізу көзделген.

Бұл өзгеріске тағы бір себеп – Трамп әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі қабылдаған жаңа стратегия, онда АҚШ "тек нарыққа жол ашу үшін ғана емес, ортақ саяси және қауіпсіздік мүдделеріне қол жеткізу үшін ұзақмерзімді қарым-қатынас орнату мақсатында экономикалық байланыстарды нығайтады" делінген. Бұл Ресейдің "Еуропаның бір бөлігі мен Орталық Азиядағы басты энергетикалық және басқа да инфрақұрылымдарға бақылау орнату" мақсатына қайшы келеді.

"КӘРІ" ҚҰРЫЛЫС

1990 жылдардың ортасында АҚШ-тың Bechtel және General Electric-ке қарасты GE Capital компаниялары PSG атты бірлескен кәсіпорын құрып, 1998 жылы Түркіменстаннан Әзербайжанға Транскаспий газ құбырын салуға уағдаласқан. Жоба экономикалық тұрғыдан мығым, жоспары нақты болса да, ол басқа факторлардың кесірінен тоқтап қалды.

Түркіменстанның Лебап облысындағы газ таратушы станция.
Түркіменстанның Лебап облысындағы газ таратушы станция.

Он жыл бұрын Набукко құбырындағы әріптестер экономикалық жағдайын жақсарту үшін Түркіменстаннан жылына 10 миллиард кубометр газ алып көруге тырысқан. Алайда, Ресей мен Иран қоршаған орта мәселесін алға тартып, бұл жобаға саяси тосқауыл қойды. Олар кез келген құбыр жобасын Каспий маңындағы бес ел түгел мақұлдауы керек деген уәж айтты. Десе де, Қазақстан мен Ресей өз жағалауларында бірлескен кәсіпорындар құрып, еркін жұмыс істей берді.

Оқыңыз: Даулы мәселелер аясындағы Каспийдің құқықтық мәртебесі

Мұның барлығы былтырғы жылдың соңында өзгерді. 2017 жылғы желтоқсанда Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров теңізбен шектесетін бес мемлекеттің Каспийде халықаралық құқықтық режим қалыптастыру жөніндегі конвенцияның мәтіні бойынша келісімге келгенін хабарлады. Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов "конвенция жобасында құбыр салу құқығы туралы айтылғанын", және "бұл мәселені [құбыр] өтетін сектордағы мемлекеттер өзара келісіп шешетінін" айтты.

ЕУРООДАҚҚА ТРАНСКАСПИЙ ҚҰБЫРЫ НЕГЕ ҚАЖЕТ?

Еуропаның Ресейден сатып алатын табиғи газ мөлшері барлық импортталатын табиғи газ көлемінің қазіргі 30 пайызынан 2025 жылы 35 пайызға дейін, ал 2030 жылы 40 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Еуропа одағы Транскаспий құбырын Оңтүстік газ дәлізінің құрамдас бөлігі деп ресми түрде мойындайды.

Транскаспий құбырына рұқсат беру – оған қатысушы мемлекеттердің, яғни Түркіменстан мен Әзербайжанның өз шаруасы болып қалды. Демек, оны салуға кедергі болатын тосқауыл жоқ. Былтыр жаз соңында екіжақты саммитте бас қосқан екі ел өкілдері осы принципті алғаш рет қуаттап, тек энергетика тасымалдау ғана емес, транспорт және басқа көп мәселелер бойынша ынтымақтасуға келісті.

Еуропа одағы Транскаспий құбырын "Ортақ мүдде жобалары" тізіміне қосты, соның арқасында Еуроодақтың қаржыландыру мекемелері мен Еуропа банктерінің оған басымдық беруіне жол ашты. Егер жұмыс жылдам жүрсе, онда құбырдың бір тармағы арқылы газ 2020 жылы Италияға, ал екінші тармағы арқылы 2022 жылы Румынияға жетуі тиіс. Грузияның бұл жобаға жауапты министрі Энергетика қауымдастығына осындай жоспарын айтты.

Дегенмен, құбырдың екінші тармағының салынатынына көз жеткізбейінше, Түркіменстан бірінші тармақпен газ жөнелтуге онша құлықты бола қоймас. Ал Транскаспийдің екінші тармағын салу үшін "Ақ ағыстың" екінші тармағы Еуропаға жетуі керек.

ТҮРКІМЕН ГАЗЫН ЕУРОПАҒА ЖЕТКІЗУ ЖОЛДАРЫ

Алғашқы тармақтың басып өтетін жолы нақтыланып, құрылыс жүріп жатыр. Ол алдымен Әзербайжан және Оңтүстік Кавказ құбыры арқылы өтіп, Түркия арқылы Транс-Анатолия газ құбырына қосылады (TANAP), одан соң Транс-Адриат құбырымен (TAP) Грекияны кесіп өтіп, Италияға жетеді. Бұл жүйе газды Транскаспийдің бірінші тармағынан алады, ал екінші тармақтың газын тасымалдауға мүмкіндігі жетпейді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Шығыс-Батыс" газ құбырын ашып тұр. 23 желтоқсан 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Шығыс-Батыс" газ құбырын ашып тұр. 23 желтоқсан 2015 жыл.

Түркіменстан өз мақсаттарына сәйкес жылына 30-40 миллиард кубометр газ экспорттауға дайын екенін аңғартып отыр, сол мақсатта олар өз аумағында Шығыс-Батыс құбырын салып тастады. Бұл ел үнемі өнім көлемін арттырып, табысты ұлғайтудың барлық жолдарын қарастырып келеді. Сондықтан, олар құбырдың бірінші тармағымен газ жөнелтуді бастамас бұрын екінші тармақтың мәселен шешіп алуды көздейді.

Түркіменстаннан Еуропаға газ тартатын екінші бағыттың бір тұсы (және өте маңызды тұсы) жалғаспай қалып отыр. Ол – Қара теңіз түбімен Грузиядан Румынияға салынатын "Ақ ағыс" құбыры. Әзербайжан мен Грузия арқылы келген түркіменнің табиғи газы Қара теңіздің түбіндегі "Ақ ағыс" құбыры арқылы Румынияға жетуі керек. Мұнда экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді терең суда құбыр салу технологиясы пайдаланылмақ. Бұл әдісті алғаш Ресей Түркияға баратын "Көк ағыс" құбырын салуда қолданған.

Еуропа одағына кіретін Румынияға жеткен соң түркімен газы Орталық Еуропаға жол тартады. Бір бөлігі қазір құрылысы жүріп жатқан BRUA (Болгария, Румыния, Венгрия, Австрия) құбырына құйылса, екіншісі Транс-Балқан құбыры арқылы Украинаға (бірнеше жылдан соң Ресей "Газпромының" Румыния мен Украина газ тарату жүйесімен арадағы келісім-шартының мерзімі өтеді), одан әрі Польшаға жетеді және "Братство" құбыры арқылы Словакияға, одан әрі Чехия, Германия және Австрияға барады.

ОҢТҮСТІК ГАЗ ДӘЛІЗІ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБА

АҚШ-тың жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында "одақтастарымыз бен әріптестеріміздің энергияны мәжбүрлеу мақсатына қолданатындарға қарсы тұра алуына" көмектесеміз, "өз елімізде және шетелде энергетика көздерін, оны жеткізу көздері мен тасымалдау жолдарын диверсификациялауға қолдау жасаймыз" делінген. Бұл құжат Транскаспий құбыр жобасын, соның ішінде "Ақ ағысты" нақты дипломатиялық қолдауға негіз болады. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының талаптарына сүйенген АҚШ салыстырмалы түрде аз инвестиция салу арқылы бұл жобадан едәуір пайда көре алады.

Сондықтан АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық энергетика мәселелері бойынша Арнайы өкілі әрі үйлестірушісі міндетін атқарушы Сью Саарни былтыр жыл соңында Оңтүстік газ дәлізін "Түркіменстаннан қосымша өнім қосу арқылы кеңейтуге болады" деген. Соның арқасында бұл "аймақтағы лайықты ынтымақтастыққа негіз болып..., Еуропаның ұзақмерзімді энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдеседі".

Түркіменстаннан келетін газ бәсеке тудырады, ал бұл бағаға да әсер етеді, сондықтан Оңтүстік газ дәлізі Еуропа үшін де стратегиялық жоба болады. Алайда, Еуропаның энергетика нарығы трансформацияланып жатқандықтан, түркімен газының мүмкіндігі біршама шектелуі де ықтимал. Басқа жерге ірі инвестиция салынып жатқан кезде жаңа инфрақұрылым салу қиындап кетуі мүмкін.

Карлтон университетінің Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеулері орталығының аға ғылыми қызметкері әрі Канада Энергетиканы зерттеу институтының ғылыми қызметкері Роберт Катлердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Автордың көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG