Accessibility links

Арқадағ Түркіменбашыны не үшін дәріптей бастады?


Ашғабадтағы Сапармұрат Ниязовқа қойылған ескерткіш.

Түркіменстанның қазіргі билігі елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың қайтыс болған күнін ерекше атап өтті. Гурбангулы Бердімұхамедовтың бұл әрекетіне не себеп болды?

TDH мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Түркіменстанның қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов желтоқсанның 21-і күні елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов атындағы мұражайды ашты. Ниязов 2006 жылы желтоқсанның 21-і күні өмірден өткен еді. Мұражайдың ашылуына ел басшылары, үкімет мүшелері, парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен журналистер, ақсақалдар, студенттер және Ашғабад тұрғындары қатысты.

Еске алу рәсімінде "Арқадағ" атағын иеленген президент Бердімұхамедов сөз сөйлеп, елде Сапармұрат Ниязовты еске алу шаралары өтіп, ас беріліп, аруағына құран бағышталып жатқанын айтты. Бірақ ол Ниязовтың «Ұлы» және «Түркіменбашы» деген ресми атақтарын айтқан жоқ. Ниязовтың бұл атақтары еске алу шараларынан хабар таратқан Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат құралдарында да аталмады.

11 жыл бұрын қайтыс болған тұңғыш президентті ұлықтау шаралары елдегі ауыр экономикалық дағдарыспен тұспа-тұс келді.

Оқи отырыңыз: Түркіменстандағы тағы қайталанған тапшылық

Сарапшыларлардың айтуынша, Бердімұхамедов билікке келген 10 жылдан бері Ниязовтың жеке басына табыну белгілерін жоспарлы түрде жойып, халықты өз жеке басына табыну жолына жетелеп келеді. Ниязов қайтыс болғаннан кейін оған орнатылған ескерткіштер құлатылды немесе жойылды. Солардың бірі - ашғабаттағы 83 метрлік алтын жалатылған Түркіменбашы ескерткіші. «Бейтараптық қақпасы» деп аталып кеткен бұл ескерткішті Ашғабадтың шетіне апарып тастады. Президент Ниязовтың және отбасы мүшелерінің есімдері берілген елдімекен атаулары да өзгертілді.

Олай болса Бердімұхамедов неге талай жыл өткен соң мұражай ашып Түркменбашыны айрықша дәріптеуге көшті?

Азаттықтың Түркімен қызметіне сұхбар берген сарапшылардың бірі «елді экономикалық дағдарыс жайлап барады, сондықтан Бердімұхамедов абдырап қалды. Осы тұста Ниязовты дәріптеу арқылы өзіне таяныш іздеп жатыр» деп жауап берді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Аты-жөнін атамауды сұраған сарапшының пайымдауынша, бұрынғы басшы енгізіп кеткен жеңілдіктерді алып тастаған қазіргі президент Ниязовты қолдағандардың арасынан қолдау тапқысы келеді.

«Жеңілдіктің бәрін алып тастады, тұрмыс қымбаттап, күнкөріс қиындап кетті. Ниязовтың тұсында жақсы өмір сүргенбіз деп оны ризашылықпен еске алатындар көбейді. Сондықтан Бердімұхамедов алдыңғы президенттің саясатын жалғастырып, оның ізімен келе жатқанын көрсеткісі келеді» дейді ол.

Ашғабадтық шолушы әрі жазушы Аманмырат Бугаевтың айтуынша, Түркіменстан азаматтарының арасында бұрынғы президент Ниязов басқарған кезеңді мақтайтындар көп. Олардың арасында бұрынғы нашақорлар мен есірткі сатушылар да бар.

- Түркімендер дәрі ретінде пайдалану үшін бес грамм апиынды бұрын да үйінде сақтай алатын. Ниязовтың «бес грамм апиын үшін халықты мазаламаңдар, ұстамаңдар» деген сөзі елдегі нашақорлар үшін еркіндік декларациясы сияқты көрінетін. Ол жылдары есірткімен ұсталып, жылына төрт реттен сотталғандар рақымшылыққа қайта іліге алатын, - дейді Аманмырат Бугаев.

Сапармұрат Ниязов Түркіменстанды 1985 жылдан 2006 жылғы 21 желтоқсанға дейін басқарды. Оның қазасынан кейін билік бірден Ниязовтың тұсында денсаулық сақтау министрі және үкімет төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген Гурбангулы Бердімұхамедовтің қолына көшті.

Түркіменстан әлемдегі ең жабық елдердің бірі саналады. Табиғи газ қоры жағынан әлемде төртінші орында болса даелдің халқы кедей тұрады.

Азаттықтың түркмен қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG