Accessibility links

Түркіменстанда тағы қайталанған тапшылық


Ашғабат дүкеніндегі нан өнімдері. (Көрнекі сурет.)
Ашғабат дүкеніндегі нан өнімдері. (Көрнекі сурет.)

Түркіменстанда ұн мен жұмыртқа тәрізді негізгі азық-түлік тауарларының тапшылығы екінші жыл қатарынан байқалып отыр. Тәуелсіздік алғанына 26 жыл болған мемлекет аса ауыр экономикалық дағдарысқа тап болғалы екінші жылдан асты. Азық-түлік тапшылығына қоса елде жұмыссыздардың көбейгені туралы дерек бар.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАПШЫЛЫҒЫ

Бес миллионға жуық тұрғыны бар Түркіменстан табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орын алады. Түркіменстанның алғашқы президенті Сапармұрат Ниязов 1991 жылы ел тәуелсіздік алған кезде "екінші Кувейт боламыз, тұрғындардың бәрі Мерседеспен жүретін болады" деп мәлімдеген. Бірақ қыс тақағанда негізгі азық-түлік өнімдерінің тапшылығы осымен екі жыл қатарынан сезіліп отыр. Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлық) желтоқсанның 12-сі (1995 жылы БҰҰ ресми түрде Түркіменстанды бейтарап мемлекет деп таныған күн) қарсаңында тұрғындармен сөйлесті. Олар елдегі жағдайды екінші Кувейт болуға әлі ерте деп сипаттады. Түркіменстан билігі "Азат Еуропа / Азаттық" радиосына қырын қарайтыны және оған сұхбат бергендерді қудалайтыны себепті, Азаттықпен сөйлескен адамдардың аты-жөнін жарияламаймыз.

Азатлық сұхбаттастарының бірінің айтуынша, салмағы 450-500 грамм тартатын, ең арзан шөректің (дөңгелек нан) бағасы солтүстіктегі Дашогуз облысында бұрын бір манат (0,28 доллар) болса, желтоқсанның басынан бері 1,40 манатқа көтерілген. Азатлықтың ақпараты бойынша, елдің батысындағы Балқан облысында әлгіндей нан қазір 1,5 манат тұрады. Оңтүстіктегі Мары облысында да осындай жағдай.

Ашғабаттағы супермаркетте ұн өлшеп салып тұрған әйел.
Ашғабаттағы супермаркетте ұн өлшеп салып тұрған әйел.

Жергілікті әйелдің сөзінше, ел астанасы Ашғабаттағы мемлекеттік дүкенде тауық сирағының килограмы 8 манат тұрады, бірақ бір адамға бір келіден артық бермейді. Әлгіндей сирақты жеке меншік дүкеннен қалауыңша алуға болады, бірақ бір келісі 10 манаттан сатылады. Ашғабатта жұмыртқа да қат тауарға айналғаны туралы хабарланды.

Тағы бір адамның айтуынша, ел астанасындағы сапалы ұннан пісірілген нан бағасы желтоқсанның басында екі манат тұрса, Бейтараптық күні қарсаңында 3,5 манатқа дейін қымбаттаған.

Бұған дейін Азатлық Мары мен оңтүстіктегі Ахал облыстарында қарашаның соңында ұн тапшылығы сезіліп әрі қымбаттап жатқаны туралы хабарлаған еді. 50 келі тартатын қаптағы жоғары сұрыпты ұнның бағасы 50 манаттан 100 манатқа дейін өскен, бірінші сұрыпты ұнның қабы 44 манаттан 90 манатқа көтерілген. Ұнның бағасы күрт қымбаттағаннан кейін жұрт жаппай қор жасауға ұмтылып, салдарынан тапшылық пайда болғанға ұқсайды. Тіпті, желтоқсанның 1-іне қарай бүкіл елде ұн тапшылығы байқалды, соның кесірінен нан бағасы да өсті.

Әзірше жағдай бір жыл бұрынғы күйге жеткен жоқ. 2016 жылғы желтоқсанда тұрғындар жергілікті дүкенге қант немесе өсімдік майы түскенінен хабардар болу үшін күнібұрын тізімге тіркеліп қоятын. Былтыр желтоқсандағы азық-түлік проблемасы да ұнның тапшылығынан басталған болатын.

ҚЫСҚАРТУ

Түркіменстан экономикасының құлдырау көрсеткіштері негізгі тауарлар бағасының қымбаттауы және тапшылығымен ғана шектелмейді. Қарашаның соңында Азатлық Түркіменстан экономикасының негізі саналатын мұнай-газ саласында қысқарту болатыны туралы хабарлаған. Атап өтер жайт, жұмыстан қысқаратындардың көбі ұңғыма қазу мен оны ұстауға қатысты жұмыс атқаратындар, соған қарағанда, елдегі газ бен мұнай қоры сатылуға қажетті шамадан көп болса керек.

Галкыныш газ кенішіндегі салтанатты рәсіміне қатысып тұрған жұмысшылар. (Көрнекі сурет.)
Галкыныш газ кенішіндегі салтанатты рәсіміне қатысып тұрған жұмысшылар. (Көрнекі сурет.)

Бірақ мамырдың 13-і күні Азаттық құқық органдарында қысқарту болады деп хабарлаған. Елдің шығысындағы Лебап облысында тұратын, жағдайдан хабардар бір адам: "2018 жылдың қаңтарында мыңға жуық полиция қызметкері қысқартылады" деген еді.

Ішкі істер министрлігі қызметкерлерін, мәселен, Лебап облысында қысқартылатыны туралы ақпаратты тағы бір дереккөз растаған, бірақ қанша адамның қысқартуға түсетіні туралы білмейтінін айтқан. Оның сөзінше, Түркіменстанның өзге де аймақтарында ішкі істер органдарында қысқарту жүруі мүмкін, кейбір полиция қызметкерлері қылмыспен күрес бөлімі толықтай жойылуы мүмкін екені жайлы айтты.

"Жаңа жылдан соң мемлекеттік қызметкерлердің 30 пайызы жұмыссыз қалады екен" деген де сыбыс тарады.

Қара базарда 2017 жылдың басында 1 АҚШ доллары 5-6 манат тұрса, желтоқсанның бас кезінде 10 манаттан асты, бірақ ресми бағам 2015 жылдың ақпанындағы деңгейде 3,5 манат болып тұр.

"Азат Еуропа / Азаттық" радиосының Qishlaoq Ovozi блогы Түркіменстанның экономикалық қиындықтары, үкіметтің барлық мүмкіндіктері сарқылуға жақын екені туралы шамамен екі жылдан бері айтып келеді. Бірақ енді дағдарыстан шығуға деген үміт сәулесі пайда болған тәрізді.

ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒАР ЖОЛ

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 2018 жылы "әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды табысты жүзеге асыруға" көмектесу үшін Тұрақтандыру қорын пайдалануға болатыны туралы мәлімдеген. Qishlaoq Ovozi бұған дейін президент Бердімұхамедовтің өзіне дейінгі президент Ниязовтың шетелдік банктерге салған миллиардтаған долларды Тұрақтандыру қорын құруға пайдаланғаны туралы жазған болатын. Және Бердімұхамедовтың өзі де газ сатудан түскен миллиардтаған долларды сол қорға қосты деген күдік бар. Ондағы қаржыны Бердімұхамедов өзіне қалдырмақ деп санайтындықтан Түркіменстанда ол қор туралы ешкім тіс жармайды. Ал енді президенттің әлгі қордағы ақшаны 2018 жылы мемлекет бюджетін толықтыруға пайдалану туралы айтқан сөзі экономикалық жағдайдың өте қиын екенін аңғартты.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Сонымен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауда да ілгері қадам жасалғаны туралы хабарланды. Соның арқасында Түркіменстанның Транскаспий газ құбырын (ТКҚ) толық салып бітуіне жол ашылады. Бұл құбыр арқылы Түркіменстан Еуропаға 30 миллиард текше метр газ жібере алады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылмайынша, аталған құбыр жобасына соңғы жиырма жыл бойы қарсылық танытып келген Ресей мен Иранның оны жүзеге асыруға келісім беретіні айқын болмайды.

Транскаспий газ құбыры әйтеуір салынып, "ертеңіміз бүгінгіден жақсы болады" деп қарамағындағы елді уәдемен үміттендірудің өзі Бердімұхамедовтың билікте отыруына мүмкіндік беріп тұр. Әзірше түркімен халқы алыстау боп көрінетін ертеңгі күннің елесіне сенбей, болашақта тағы айналып соғуы ықтимал тапшылыққа ерте қамданып, негізгі азық-түлік қорын жинап қоюға тырысады.

Материалды әзірлеуге Азатлық директоры Фарух Юсупов қатысты.

Мақала авторының пікірі Азаттықтың ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG