Accessibility links

Түркіменстан әр шетелдік туристі гид жалдауға міндеттеді


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің музейіндегі заттармен танысып жүрген ер адам. Ашғабат, 17 ақпан 2017 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің музейіндегі заттармен танысып жүрген ер адам. Ашғабат, 17 ақпан 2017 жыл.

Түркіменстан билігі биыл елге ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен Азия ойындарын (AIMAG) көруге келетін шетелдік туристерге "түркімен гидті жалдап, үнемі соның қасында жүру керектігін" ескертті.

БІР ТУРИСТКЕ БІР ГИДТЕН

Түркіменстан ресми орындары биыл қыркүйекте Ашғабатта өтетін Ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен Азия ойындарына (AIMAG) ондаған мың турист келеді деп болжап отыр. Жақында ел билігі шетелдіктерге "жергілікті гидті жалдап, одан бір елі қалмай жүру керектігін" ескертті.

"Түркіменстанның ішін аралағанда туристердің қасында үнемі гид болуы тиіс. Барлық шығындарды туристің өзі төлейді" деп жазылған AIMAG веб-сайтында.

Ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен Азия ойындарына дайындық аясында басталған 500 күндік салт атты шеруге қатысушылар. Ашғабат, 5 мамыр 2016 жыл.
Ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен Азия ойындарына дайындық аясында басталған 500 күндік салт атты шеруге қатысушылар. Ашғабат, 5 мамыр 2016 жыл.

Орталық Азиядағы томаға-тұйық бұл елге келетін шетелдіктер бұрын да жергілікті гидті жалдауға міндетті болатын, енді бұл ереже ресми веб-сайтта ашық жарияланып отыр. Әлемдегі ең жабық елдердің бірі саналатын, кей кездері жұрт Солтүстік Кореямен қатар атайтын Түркіменстанда виза алу процесінің онсыз да күрделі машақаты одан сайын қиындай түсті.

Түркіменстан мемлекеттік туризм комитеті "әлемнің түкпір-түкпірінен 150 мыңға тарта көрермен келеді" деп күтіп отыр. Бұл – соңғы кездері қаржылық қиындыққа ұшыраған ел үшін үлкен демеу бола ма деген үміт бар.

AIMAG ойындарын ұйымдастырушылардың айтуынша, Ашғабаттағы жарысқа 62 елден бес жарым мыңға жуық спортшы келеді. Олардың қасында 1200-ге тарта жаттықтырушы мен ресми делегация мүшелері бар. Ашғабатты аралап көргісі келген спортшылар мен жаттықтырушылар да, ресми делегация мүшелері де бір-бір гидтен жалдауы керек пе, әлде олардың өз бетімен жүруіне рұқсат беріле ме - ол жағы әзірше белгісіз қалып отыр.

"КҮНІ БОЙЫ БІРГЕ ЖҮРЕДІ"

Жергілікті гидтер шетелдіктердің тек басшылық нұсқаған орындарға баруын, кедей-кепшіктер тұратын нашар аудандарға аяқ баспауын қадағалайтын ресми бақылаушы рөлін де атқаруы мүмкін.

Ашғабатта жүрген шетелдік туристер. 20 мамыр 2013 жыл.
Ашғабатта жүрген шетелдік туристер. 20 мамыр 2013 жыл.

Жақында Азаттықтың Түркімен қызметіне сұхбат берген ашғабаттық аудармашы-гид үкіметтен клиенттерінің қайда барып, қайда тоқтағаны туралы үзбей хабарлап отыру туралы пәрмен берілгенін айтты.

Шетелдік мейманның қасында күні бойы бірге жүруіміз керек, әрі күніне кемінде үш рет барлау органдарына оның іс-әрекеттері туралы есеп беріп отыруға тиіспіз.

- Біз, турист гидтері, шетелдік мейманның қасында күні бойы бірге жүруіміз керек, әрі күніне кем дегенде үш рет барлау органдарына оның іс-әрекеттері туралы есеп беріп отыруға тиіспіз, - деді аты-жөнін атамауды сұраған гид.

Оның сөзінше, шетелдіктерді тек гидтер ғана аңдымайды. Сонымен бірге "ұлттық қауіпсіздік министрлігі қызметкерлері бөлек көлікпен туристерге ілеседі, олар базарға барғанда қастарында бірге еріп жүреді". Гидтің айтуынша, Түркіменстандағы гидтер мардымсыз жалақы алатындықтан, шетелдіктер төлейтін "шайлық" ақшаға қатты үміт артады.

AIMAG веб-сайтында туристерге еріп жүретін гидтердің гонорар көлемі туралы ешқандай ақпарат жоқ. Дүниежүзілік банктің ақпараты бойынша, 2015 жылы Түркіменстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші 7400 АҚШ долларына тең болған. БҰҰ есебі бойынша, елдегі жұмыссыздық он пайызға жуық, ал кейбір зерттеулерде жұмыссыздар саны бұдан да көп деген болжам айтылады.

Ашғабатта көше сыпырып жүрген әйел. 1 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)
Ашғабатта көше сыпырып жүрген әйел. 1 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Жақында түркімен оппозициясының веб-сайты Түркіменстанда биылғы сәуір-қыркүйек айларында мұнай-газ секторында жұмыс істейтін қызметкерлер жалақыларының 15-20 пайызын мемлекет Ғимараттағы спорт және жауынгерлік өнер түрлері бойынша Азия ойындарын (AIMAG) ұйымдастыру жұмыстары үшін ұстап қалатыны туралы ақпарат жариялады.

Түркіменстан үкіметі халықаралық спорт додасын өткізуге қаражатты аяған жоқ. Оның бюджеті Олимпиада ойындарының шығындарынан да асып түсті. Сонымен бірге, үкімет арнайы инфрақұрылым салу үшін жүздеген тұрғын үйді сүріп тастады.

XS
SM
MD
LG