Accessibility links

Трансгендерді кемсіту видеосы олардың жағдайын көрсетті


habartm.org сайтында мамырдың 16-сы күні жарияланған видеодан скриншот.

Түркіменстан билігін жиі сынайтын веб-сайт трансгендер адамды мазақтап, қорлап жатқандардың видеосын жариялады. Веб-сайт бұл видеоны түркімен полициясындағы тергеу көрінісі деп сипаттайды.

Еуропада орналасқан habartm.org сайтында мамырдың 16-сы күні жарияланған 90 секундтық видеода түркімен полициясындағы тергеушілер деп сипатталған бірнеше адам әйел киімін киген кісіні келемеждеп, қорлап жатыр.

- Еркек ретінде тәніңді ақшаға сатасың ба? Менімен бірге барасың ба, 50 манат (6 доллар – ред.) беремін, - дейді видеодағы ер адамның дауысы.

"Жоқ" деген жауапқа қанағаттанбаған олардың бірі әлгі адамның "әуретті жерін теуіп көру керек" деген ұсыныс айтады. Содан соң әлдебір жерге апарып, "қинап сөйлеткіземіз" деп қорқытады.

habartm.org сайтында мамырдың 16-сы күні жарияланған видеодан скриншот.
habartm.org сайтында мамырдың 16-сы күні жарияланған видеодан скриншот.

Түркіменстан билігі туралы сыни материалдарды түркімен, орыс, ағылшын тілдерінде жариялап отыратын habartm.org веб-сайтының жазуынша, төрт адам қатысқан бұл тергеу Ашғабаттағы полиция бекетінде болған.

Видеода бейнелері көрінбейтін тергеушілер әйел киіміндегі адамға түркімен тілінде ар-намысына тиетін сұрақтар қойып, күледі. Олардың сөздері орыс, ағылшын тілдерінде субтитрмен берілген. Ұзын көйлек киіп, әшекей таққан, басына шәлі байлаған адамның қиналып, қорқып тұрғаны аңғарылады.

Тергеушілер оның жынысын анықтау үшін "етегіңді көтер" деп бұйырады.

Содан соң "Досың бар ма?", "Саған жігіттер қырындай ма?" деген тәрізді адамның шамына тиетін сұрақтар қояды.

- Бәрін қазір айтып бер, сонда ғана сені босатамыз, - дейді кадр сыртындағы дауыстар.

- Ешкімім жоқ, - дейді трансгендер.

Азаттық радиосы бұл видеоның қай жерде, қашан түсірілгенін анықтай алмай отыр. habartm.org сайты видеоның редакцияға келіп түскенін айтумен шектелген.

Ашғабат көшесіндегі полиция қызметкері. (Көрнекі сурет.)
Ашғабат көшесіндегі полиция қызметкері. (Көрнекі сурет.)

Әлемдегі ең репрессиялы мемлекеттердің бірі саналатын Түркіменстанда адам құқықтары өте жиі бұзылады. Бұл елде, әсіресе, жыныстық азшылық топтардың өкілдері жиі қысым көреді. Түркіменстан заңдарына сәйкес гомосексуалдық қарым-қатынас қылмыс түріне жатқызылған және ондай айып тағылғандар екі жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының мәлімдеуінше, Түркіменстанда "қалыптасқан біржақты көзқарас бойынша, гомосексуалдар ауру жан деп саналады және медицина мекемелері мен сот органдары да осы ұстанымды қолдайды".

Бұл отбасы принциптеріне сүйенетін түркімен халқының мәдениеті мен менталитетіне қайшы келеді, сондықтан заңға мұндай өзгерістер енгізу мүмкін емес.

Адам құқықтарын қорғайтын ұйымның соңғы есебінде "Түркіменстан құқық органдары мен медицина қызметкерлері содомиямен айналысты деп айыпталып, ұсталғандардың гомосексуалдық қарым-қатынасқа барып жүргеніне көз жеткізу үшін оларды күштеп тексереді" деп жазылған.

Түркіменстан басшылығы БҰҰ адам құқықтары агенттігінің гомосексуализмді қылмыс қатарынан алып тастау туралы ұсынысына "бұл біздің халықтың мәдениетіне жат" деп қарсылық білдірген.

"Бұл отбасы принциптеріне сүйенетін түркімен халқының мәдениеті мен менталитетіне қайшы келеді, сондықтан заңға мұндай өзгерістер енгізу мүмкін емес", - деген Түркіменстан үкіметінің өкілі Шемшат Атажанованың сөзі биыл наурызда habartm.org веб-сайтында жарияланды.

Түркіменстанның мемлекеттік демократия және адам құқықтары институтында лауазымды қызмет атқаратын Шемшат Атажанова бұл пікірді биыл наурыздың 8-інде Женевадағы БҰҰ адам құқықтары комитетінің отырысында айтқан.

XS
SM
MD
LG