Accessibility links

Әлсіз топтағы тұтқындарды демеу жобасы


Тамақтанып отырған жазасын өтеуші әйелдер мен оларды күзететін әскери қызметкер. Алматы, 27 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Тамақтанып отырған жазасын өтеуші әйелдер мен оларды күзететін әскери қызметкер. Алматы, 27 қазан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Еуропалық Одақтың қолдауымен басталған жаңа жоба Қазақстан түрмелеріндегі әлсіз топтарға жататын тұтқындарға жәрдемдесуді көздейді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, елде осы топқа жататын 5 мыңнан аса тұтқын бар.

ТҮРМЕДЕГІ ӘЛСІЗ ТОП

Наурыздың 1-і күні «Халықаралық түрме реформасы» (Penal Reform International – PRI) ұйымы Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі Астанада Қазақстан түрмелеріндегі әлсіз топтарға жататын тұтқындардың әділ сот жүйесіне қол жетімділігін жақсартуды көздейтін жобаны таныстырды.

Осал топтарға әйелдер мен балалар, этникалық, діни, нәсілдік және жыныстық азшылық өкілдері, мүмкіндігі шектеулі жандар, шетелдік азаматтар, егде жастағы тұтқындар, туберкулез және ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандар, өлім жазасына кесілгендер мен алдын ала қамау орындарында отырғандар жатады.

PRI Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі жетекшісі Азамат Шамбиловтың айтуынша, Еуропалық Одақтың қолдауымен жүзеге асырылатын жоба мақсаты - түрмедегі әлгіндей осал топтағы тұтқындарға халықаралық құқық нормаларына сай көмек алуға жәрдемдесу.

«Біз бүгінде қамау орындарында балаларымен бірге отырған аналармен де жұмысты бастаймыз. Ұзақ жылдар бойы талқыланып келген бұл мәселеде нақты іс атқаратын, сонымен бірге практиканы өзгертетін мезгіл жетті. Қазіргі уақытта тергеу изоляторларында дербес кеңістік қарастырылмаған кәмелетке толмағандармен де жеке-жеке жұмыс істейтін боламыз» деді Азамат Шамбилов.

PRI Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі жетекшісі Азамат Шамбилов.
PRI Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі жетекшісі Азамат Шамбилов.

Құқық қорғаушы келтірген деректер бойынша, қазіргі кезде Қазақстан түрмелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан 36 мың 343 адамның 2 мың 762-сі - әйел, 700-і - егде жастағы азаматтар, 80-ге жуығы - жасөспірім балалар және 1 мың 630 шетел азаматы бар. 140 адам өмірлік түрме жазасын өтеп жатыр, 1 адам өлім жазасына кесілгендерге арналған камерада отыр.

Шамбиловтың сөзінше, Қазақстанда түрмеде отырған осал топтармен жұмыс жасайтын алғашқы жоба екі жылға арналған. Еуропалық одақ жобаны жүзеге асыруға 300 мың еуроға жуық қаржы бөлген.

«Осыған дейін ұзақ жылдар бойы пенитенциарлық жүйе бойынша жұмыс істеп келдік, енді нақты топтарға арналған жобаларды қолға алып отырмыз» деді Шамбилов.

Бұған дейін мұндай жоба әлемнің 20-дан аса елінде жүзеге асырылған. PRI дерегінше, бұрын түрме тұтқындары арасында саны жағынан шамалы осал топтарға жататындар қатары кейінгі жылдары өсе бастағаны байқалып отыр.

РАҚЫМШЫЛЫҚ

Жиында бас прокуратура өкілі Дәулет Рамазанов былтыр Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық 2017 жылғы маусымның 14-іне дейін жалғасатынын хабарлап, рақымшылыққа кімдер ілінетіні туралы айтты.

«25 мың адам деген жобалап алынған сан. Нақты қанша адам босатылатынын тек рақымшылық қолдану кезінде ғана біле аламыз» деді ол.

Түзеу колониясында түскі астан шығып бара жатқан әйелдер. Алматы, 27 қазан 2015 жыл.
Түзеу колониясында түскі астан шығып бара жатқан әйелдер. Алматы, 27 қазан 2015 жыл.

Дәулет Рамазановтың сөзінше, рақымшылыққа кәмелетке толмағандар, аяғы ауыр немесе кәмелет жасына жетпеген балалары бар әйелдер, бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен соларға теңестірілген азаматтар ілінеді. Сонымен бірге, ауыр емес және орта дәрежедегі ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған азаматтар жаза өтеуден босатылады. Ал ауыр дәрежедегі қылмыс жасаған азаматтардың өтелмеген жазасының белгілі бөлігі қысқартылуы мүмкін.

Прокурор келтірген деректерге сәйкес, әлеуметтік осал топқа жататын, ауыр қылмыс түрі бойынша сотталғандардың жазасының екіден бір бөлігі, яғни, жартысы қысқартылады.

«Осы топқа кіретін экономикалық қылмысы үшін сотталғандар мемлекетке немесе жәбірленушіге келтірген залалды толығымен өтеуі тиіс. Сонда ғана олар рақымшылыққа ілігіп, жазасының өтелмеген бөлігі қысқартылады. Аса ауыр қылмыс бойынша сотталғандардың өтелмеген жазасының төрттен бірі қысқартылады. Аталған топқа жатпайтын аса ауыр қылмыс жасағандарға рақымшылдық қолданылмайды» дейді прокуратура өкілі.

Ішкі істер органдары қызметін бақылау мәселелері бойынша қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов.
Ішкі істер органдары қызметін бақылау мәселелері бойынша қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов.

Ішкі істер органдары қызметін бақылау мәселелері бойынша қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов сотталған адамға үкім кескен судья оның кейінгі тағдырын да назардан шығармауы тиіс деген пікір білдірді.

«Қылмыстық заңнамада көрсетілген мерзім келгенде сотталған адам жазасын жеңілдетуге, мерзімінен бұрын босауға, денсаулығына байланысты босауға, т.с.с. үміт арта алады. Яғни, үкім орындалу барысында көптеген мәселелер туындайды. Әрине, осы мәселелердің бәрін үкім оқыған судьяның өзі бақылап отырса дұрыс болар еді» дейді Марат Қоғамов.

Ресми мәліметке сай, соңғы үш жылда Қазақстан түрмелеріндегі адам саны 55 мыңнан 36 мыңға дейін азайған. Осыған байланысты халықаралық түрме рейтингінде Қазақстан түрмеде отырған жан саны бойынша 35-орыннан 68-орынға түскен. Халықаралық стандартқа сәйкес, түрмедегі адам саны 100 мың тұрғынға шаққанда 150 сотталушыдан аспауы керек.

XS
SM
MD
LG