Accessibility links

Өмір бойына сотталған азаматтар өмірге ынтызар


Өмір бойына түрмеге кесілгендер колониясы орналасқан Қостанай облысындағы Жітіқара қаласына таяғандағы жазу.
Өмір бойына түрмеге кесілгендер колониясы орналасқан Қостанай облысындағы Жітіқара қаласына таяғандағы жазу.

Жітіқара қаласындағы колонияда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен отырғандар толық деградацияға ұшырап жатыр деуге болады. Астанада өткен конференцияда «Онда адамның тұлғалық қадір-қасиеті жойылады» деген пікір айтылды. Бұл мәселе «өлім жазасын қайта қолдана бастау керек» деген уәжбен қатар көтеріліп жатыр.

Астанада өткен дөңгелек үстелде Орталық Азиядағы «Халықаралық түрме реформасы» (Penal Reform International — PRI) Қазақстанда өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына жүргізген зерттеуінің нәтижесін талқыға салды. Қазақстанда бұл жаза 2003 жылдан бері қолданылып келеді. Дәл сол жылы өлім жазасына мораторий жарияланған болатын.

ТІРШІЛІК БЕЛГІЛЕРІ

Елімізде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген 126 адам бар. Олардың дені - 30 бен 40 шамасындағы адамдар. Сотталғандардың арасында сауалнама жүргізгенде, олардың көпшілігі өмір сүргісі келетіндерін айтқан. Алайда бұл азаматтар 25 жыл түрмеде отырғаннан кейін ғанашартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға арыздана алады. PRI-дың Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбилов:

Жаза адамды түбегейлі құрту үшін емес, оны түзеу, оңалту үшін, адамды қоғамға қайта қосу үшін қолданылуы керек.

- Олардың 92-сінің өмір сүруге құлшынысы бар, өмір сүргілері келеді, олар да біз сияқты тірі адамдар. Иә, олар әртүрлі себеппен, түрлі мақсатпен қылмысқа барды, алайда адамды түзейтін жазалау түрлері бар емес пе? Жаза адамды түбегейлі құрту үшін емес, оны түзеу, оңалту үшін, адамды қоғамға қайта қосу үшін қолданылуы керек, - дейді.

Қылмыстық атқару жүйесінің ұлттық сарапшысы Игорь Мирошниченконың сөзіне қарағанда, Жітіқара түрмесіндегі қазіргі жағдай тым ауыр, отырғандар азап пен қорлық көріп жатыр. Мәселен, ондағы сотталушылар жалғыз кісілік камерада отыр.

Өлім жазасына балама жазаларды пайдалану туралы конференцияда отырған PRI-дың Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбилов (сол жақта). Астана, 28 қараша 2016 жыл.
Өлім жазасына балама жазаларды пайдалану туралы конференцияда отырған PRI-дың Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбилов (сол жақта). Астана, 28 қараша 2016 жыл.

- 25 жыл бойы отырған адамның деградацияға түспеуі мүмкін емес. Менімен алғаш сөйлескенде олар кәдімгі адам болған (Мирошничеко қылмыстық түзету жүйесінде жұмыс істегенде осы түрменің ашылуына куә болған. – Автор), қазір олардың тым қатты деградацияланып бара жатқаны байқалады, тіпті олар қарапайым сөздерді ұмытып жатыр, - дейді ол.

Мирошниченконың сөзіне қарағанда, колонияның ішкі ережелері сотталғандардың білім және медициналық жәрдем алу құқықтарын қатты шектейді.

- Қазір олардың барлығын бірдей жағдайда ұстайды, колония басшылығы олардың жақындарымен ұзақ уақытқа кездесуіне мүмкіндік береді. Бірақ кездесу бөлмелерінде бұл сотталушыларға арнап тор жасап жатыр. Бастапқы бес-жеті жыл бойы қатаң жағдайда ұстап, адамды үйреткен жөн болар еді. Одан кейін олардың жақындарына арнап қосымша тор жасаудың қажеті болмас еді, яғни қатаң жағдайдан жұмсақ жағдайға көшетін анық критерийлер болуы керек, - деді Игорь Мирошниченко.

25 жыл бойы отырған адамның деградацияға түспеуі мүмкін емес.

Ішкі істер органдарының жұмысы бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қоғамовтың айтуынша, 126 сотталушының 8-інде психикалық ауытқу бар. Ал біреуі жазылмас дертке шалдыққан.

Дөңгелек үстелде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын жеңілдету туралы айтылды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Азамат Базылбеков жазаны орындауды ізгілендіру бағытында реформалар жүре береді деді.

ЖАҢА ҮКІМДЕР

Алайда биыл Қазақстанда өлім жазасына салынған мораторийді алып тастап, террорлық актілерді жүзеге асырғандар мен соған азғырғандарды өмірінен айыру қажеттігі айтыла бастады. Бір апта бұрын «КТК» телеарнасы Қазақстандағы бала құқықтары бойынша уәкілетті өкіл Зағипа Балиевамен шағын сұхбат берді. Оның айтуынша, «педофилдерге тағайындалатын жалғыз үкім – өлім жазасы». Аяусыз зорланған ақтаулық алты жасар қыз Виктория Минина қайтыс болды деген ақпарат тараған соң педофилдерге жазаны қатаңдату туралы мәселе көтерілді.

2016 жылы қарашаның 28-і күні Ақтөбе соты маусымдағы терактіге қатысы бар жеті сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айырса, тағы екеуін 22 және 25 жылға соттады. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Ақтөбедегі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімшеге 27 адам шабуыл жасаған. Шабуыл кезінде 20-дан астам кісі оққа ұшты, олардың 13-і шабуылдаушылардың өздері. 38 кісі жарақат алды, олардың көбі – әскерилер. Билік «теракт» деп таныған бұл шабуылды «дәстүрлі емес радикалды діни ағым өкілдері ұйымдастырды» деген тұжырым жасалды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG