Accessibility links

Путин Бердімұхамедовті марапаттауға барды


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов кездесу алдындағы салтанатты рәсім кезінде. Ашғабат. 2 қазан, 2017 жыл.

2 қазанда Ресей президенті Владимир Путин Түркіменстанға ресми сапармен барды.

Бұл - түркімен әріптесі Гурбангулы Бердімұхамедовтің шақыруымен барған Ресей президентінің Түркіменстанға соңғы бес жылдағы алғашқы сапары.

Екі президенті кездесуінің жай-жапсары әзірше белгісіз. Кремльдің баспасөз қызметі келіссөз барысында түрлі салалар бойынша екі жақты ынтымақтастық мәселелері қаралады деп хабарлаумен ғана шектелді.

Түркіменстанның ресми БАҚ-тарында да жалаң хабарлама жарияланды. Мысалы Түркіменстанның мемлекеттік ақпарат агенттігі «Жоғары деңгейдегі кездесу барысында мемлекетаралық байланыстардың маңызды мәселелері талқыланатын болады» деп хабарлады.

Бұған қоса, мемлекеттік ақпарат агенттігі «кездесу қорытындылары бойынша екі жақты көптеген құжаттарға қол қойылады деп жоспарланған, бұл Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Ресей Федерациясы президенті Владимир Путиннің кезекті кездесуінің маңызын арттыра түседі» деп болжайды.

СЫПАЙЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ "ҚҰРМЕТТІ АҚСАҚАЛ"

2016 жылдың басында Ресей түркімен газын сатып алуды тоқтатқаннан бері Ашғабат пен Мәскеу арасындағы екі жақты қатынастарды тығыз деп айту қиын. Газ саудасы екі ел арасындағы негізгі ынтымақтастық саласы болғаны белгілі.

Сол кезден бері екі жақ сыпайы сәлемдесуден аспай жүрген. Биыл сәуірде президент Гурбангулы Бердімұхамедов Ресей либерал-демократиялық партиясының «шатақшыл» төрағасы Владимир Жириновскийді «Түркіменстанның құрметті ақсақалы» атағымен марапаттаған.

Президент Гурбангулы Бердімұхамедов 2017 жылдың сәуірінде ресейлік саясаткер, ЛДПР жетекшісі Владимир Жириновскийді «Түркменістанның құрметті ақсақалы" атағымен марапаттады.
Президент Гурбангулы Бердімұхамедов 2017 жылдың сәуірінде ресейлік саясаткер, ЛДПР жетекшісі Владимир Жириновскийді «Түркменістанның құрметті ақсақалы" атағымен марапаттады.

Путиннің Түркіменстанға сапары жарияланған күні, яғни 29 қыркүйекте «Түркіментелеком» ресейлік МТС ұялы байланыс компаниясының қызметін өшіріп тастауы да назар аудартады.

Кейінгі жылдары екі ал арасындағы тауар айналымы үздіксіз азайып барады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ол 687,2 миллион доллар болды, бұл 2015 жылға қарағанда 30,4 пайызға аз.

2016 жылдың басында ресейлік «Газпром» түркімен газын сатып алудан бас тартып, келісім-шартты біржақты бұзған болатын. Бұл тәуелсіз Түркіменстан тарихындағы ең ауыр экономикалық дағдарыс себептерінің біріне айналды. Әлемдік нарықта қуат көздерінің бағасы онсыз да құлдырап жатқанда «Газпромның» түркімен газынан бас тартуы кіріс бөлігі көбінесе газ экспорты есебінен құралатын Түркіменстан бюджетіне ауыр соққы болды.

Кейінгі 5-6 жылда Түркіменстан табиғи газ экспортын әртараптандыруға тырысып көрген еді. Қытайға Өзбекстан мен Қазақстан арқылы өтетін газ құбыры тартылды. Бірақ Азаттықтың Түркімен қызметінің ел үкіметіндегі дереккөздерінің мәлімдеуінше, Қытай құбырын тартуды көбінесе Пекин қаржыландырған, ал әлгі келісім шарттарына Қытай салған ақша газ бағасын белгілеуде ескеріліп, Түркіменстанның Қытайға қарызын жабатын рента енгізілген.

ТҮРКІМЕН ГАЗЫ «ТҮРІК АҒЫНЫНА» ҚОСЫЛА АЛА МА?

Түркімен газын Ресей бағытындағы құбыр арқылы тасымалдау тоқтағаннан кейін Гурбангулы Бердімұхамедов 2016 жылғы қарашада Ресейге жұмыс сапарымен барып, Путиннің Сочидегі резиденциясында болған.

Екі президенттің әлгі кездесуінің жай-жапсары жайлы ақпарат екі жақты қатынастар тұрақты деген жалаң хабарламалардан аспағанымен, сол кезде Ресей баспасөзінде «түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Ресей президентінен екі миллиард доллар қарыз сұрады» деген сыбыс тараған.

Сол кезде "Путин Түркіменстанға баруға дайындалып жатыр" делінді. Бірақ қашан баратыны айтылмаған. Путин сапарының нақты күні бірер күн бұрын ғана - Ресей басшысы Түркияға сапармен барған 29 қыркүйекте хабарланды.

Биылғы жылдың басында Азаттықтың Түркімен қызметі үкіметтегі дереккөздеріне сілтеме жасап, Бердімұхамедов Түркия президенті Режеп Ердоғанды түркімен газын экспорттау көлемін ұлғайту мәселесінде қолдауды өтініп жатыр деп хабарлаған. Азаттық дереккөздерінің хабарлауынша, Түркіменстан президенті Түркия басшылығынан 2019 жылдың аяғында пайдалануға беру жоспарланған болашақ «Түрік ағыны» Ресей-Түркия құбыры арқылы қайта сату үшін түркімен газын сатып алу мәселесін шешуге ықпал етуін сұраған.

Өткен жұма күні Ердоған Ресей президентімен түркімен газына қатысты мәселені талқылады ма, жоқ па – белгісіз, бірақ «Түрік ағыны» күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болған.

Түркімен газы «Түрік ағыны» құбырына қосыла ала ма, жоқ па, бұл Бердімұхамедов пен Путиннің Ашғабаттағы кездесуінен кейін анықталады. Бірақ Бердімұхамедовтің идеясы жайлы алғашқы хабарлар тараған жылдың басында Азаттық дереккөздері Түркіменстан үкіметі мүшелерінің көбі бұл - «сандырақ», өйткені жобалық құны 14 миллиард долларға бағаланған құбырды қай елдің болсын пайдалануына Ресейдің келісе қоюы екіталай деп санайды деп хабарлаған.

Путиннің Түркіменстанға алдыңғы сапары 2012 жылғы желтоқсанда болған, ал Бердімұхамедов Ресейге жұмыс сапарымен былтырғы қарашада барған. Биыл екі елдің басшылары телефонмен үш рет сөйлескен.

Путиннің осы жолғы сапарының әлі жарияланбаған күн тәртібіндегі мәселелердің бірі ауған-түркімен шекарасындағы жағдай болуы мүмкін. 744 километр шекара бойындағы жағдай соңғы айларда мазасыз болып барады. Бердімұхамедовтің үкіметі әлдебір қатерді жоққа шығарғанымен, Ресей тарапынан алаңдаушылық күшейіп кейінгі бір жылда, арасында қорғаныс министрі Сергей Шойгу да бар ресейлік әскери шенділер Ашғабатқа бірнеше мәрте барған болатын.

Мақала жарияланар сәтке қарай Путин Түркіменстан астанасына барып, екі басшы арасындағы келіссөз басталып кетті. Сауда-экономикалық ынтымақтастық пен қауіпсіздік мәселелері талқылана ма, жоқ па әлі белгісіз болғанымен, күн тәртібінің кей детальдары анықталды. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Путин Александр Невский орденін Бердімұхамедовке өзі табыстамақ.

Путин Түркіменстанға ресми сапармен соңғы рет 2012 жылғы желтоқсанда барған.

Азаттықтың Түркімен қызметінің мақаласы орыс тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG