Accessibility links

Түркіменстанда семіз шенеунік билікке жақпайды


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің әскери жаттығуда нысана көздеп тұрған сәті. (Мемлекеттік телеарна видеосынан скриншот.)

Түркіменстанда артық салмақ денсаулыққа зиянын тигізіп қана қоймай, қызмет мансабының өсуіне де кедергі келтіреді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов не нәрсенің болсын сыртқы пішін-келбетіне баса мән бергенді жөн көреді. Оны Ашғабат пен Каспий теңізінің жағалауындағы курорттық аймақ Авазада пайда болған аппақ мәрмар ғимараттардан көруге болады. Бердімұхаммедов ел астанасын және аймақтарды аралаған кезде жолдың бойы жарқырап, жайнап тұруы тиіс.

Бердімұхаммедовтың сырт келбетке ерекше мән беруі жеке имиджінен де байқалады. Оның өзі де, мемлекеттік баспасөз құралдары да президентті нағыз ерге тән қызығушылығы мол қаһарман етіп сипаттауға барынша тырысады.

Гурбангулы Бердімұхамедовтің әскери өнері жайлы видео:

Телеарналар біресе оның арнайы жасақ жаттығуында жүргенін көрсетсе, енді бірде ол атпен шауып келе жатады, тағы бір көріністе жарыс көлігінің рөліне отырып зымырай жөнеледі.

Телекөрермендер алдына ол яхташы әрі велошабандоз болып шығады (бос уақытында кітап жазып, ән шығаратыны тағы бар).

Енді Бердімұхаммедов қарауындағы шенеуніктерінен де сондай дайындықты талап ететін тәрізді.

Қаңтардың 8-інде Түркіменстан президенті кадрлар ауыстырды, кей аймақ басшыларын қызметінен алып, орнына басқаларды тағайындады. Үміткерлердің бірі "сырт пішіні қалыпқа сай келмегендіктен" қызметке алынбаған. Бұл жайында сол үміткердің туысы Азаттықтың Түркімен қызметіне баяндады. Әлгі азамат елдің батысындағы Балқан уәлаятында шенеунік болғысы келген екен.

Азаттыққа сұхбат берген адамның айтуынша, лауазымға үміткерлерді медициналық тексерістен өткізген, ең алдымен олардың денсаулығы мен салмағына мән берген. Азаттық олардың аты-жөнін атамайды, себебі сұхбат берушілер басымызға проблема болады деп қорқады.

"Арықтау үшін екі ай бойы тек тауықтың сорпасын ішті. Бірақ денесі өте толық болғандықтан жеткілікті салмақ тастай алмай, президенттің стандартына сай келмеді. Сұрыптаудан өтпей қалды", - дейді аудан басшысы лауазымына үміткер болған адамның туысы.

Оның айтуынша, жақында биліктегілердің барлығына "Арықтаңдар!" деген бұйрық түскен. Былтыр қыркүйекте Ашғабатта өткен Азия ойындары кезінде стадиондағы тәртіпті бақылайтын полиция қызметкерлерін осылай дене пішініне қарап таңдаған. Кейін автоинспекторлар мен басқа да күш құрылымдары өкілдері салмақ тастауға мәжбүр болған.

Гурбангулы Бердімұхаммедов бірнеше жылдан бері азаматтарды "сымдай тартылып тұруға" шақырып келеді. Түркіменстанда сәуір айы – "денсаулық айы" немесе "денсаулық пен бақыт айы" деп аталады. Деректерге сенсек, сәуірде ел тұрғындары жаппай далаға шығып, дене жаттығуын жасауға тиіс.

Бердімұхаммедовтың дене сымбатына қатысты талабы мен денсаулыққа мән беруі оның атына сирек айтылатын халықаралық мақтау әкелді. Алайда ол халық алдындағы жауапкершіліктен гөрі жеке қалауына көбірек мән беретінге ұқсайды. Ол мемлекетті де өзі елестеткен күйде көргісі келетін тәрізді.

(Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG