Accessibility links

Ақсу қаласының белсендісі митинг қарсаңында 17 күнге қамалды


Митинг өтеді деген жерді күзетіп тұрған полиция. Азаттық архивіндегі фото.
Митинг өтеді деген жерді күзетіп тұрған полиция. Азаттық архивіндегі фото.

Павлодар облысы Ақсу қалалық соты жергілікті белсенді Емберген Құрмановты 17 күнге қамады. Полиция Құрмановтың үстінен 29 сәуірде хаттама толтырған, сол күні сот шешімі шықты.

Полиция Емберген Құрмановты "бейбіт жиын өткізу тәртібін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта бұзды" (488-бабы 12-бөлігі) деп айыптады.

Сот материалдарында Емберген Құрманов "16-17 сәуірде Facebook-те тікелей эфирге шығып, Ақсу қаласы тұрғындарын 2024 жылғы 1 мамырда қала әкімдігінің алдына жиналуға шақырған" деп жазылған. Сот мұны рұқсат етілмеген митингіге шақыру деп бағалады. Құрманов ол жиын жөнінде әкімдікке хабарламаған дейді айыптаушы тарап.

Сотта белсендінің адвокаты тағылған айыпқа келіспейтінін айтып, Құрмановтың іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзу белгісі болмауына байланысты істі доғаруды сұраған. Сот айыпталушының кінәсі дәлелденді деп ұйғарып, белсендіні қамауға алу жөнінде шешім шығарған.

Бейбіт наразылық акцияларына байланысты белсенділерді ұстау және қудалау жайттарын бақылайтын "БелсенділерЭкстремистЕмес" құқық қорғау тобы бір күн бұрын Емберген Құрманов тікелей эфир жүргізіп жатқанда ұсталды деп хабарлады. Белсенді заңсыз ұсталғанын айтып, наразылық ретінде аштық жариялайтынын мәлімдеп үлгерді.

Өткен аптадан бері Қазақстанда кемінде үш оппозициялық белсенді қамалды. Сот оларды "бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 күнге қамауға алды.

Бұған дейін де Қазақстанда митинг қарсаңында белсенділерді полицияға шақыртқан, ұстаған, қамауға алған жайттар болған. Мысалы, биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында бірнеше белсенді әкімшілік қамауға алынған.

  • Қазақстан 2020 жылдың мамырында "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" жаңа заң қабылдаған. Оған сәйкес, бейбіт жиынды не пикетті ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы билікке жиын өтетінін кемі бес жұмыс күн бұрын жазбаша түрде хабарлауы шарт. Құқық қорғаушылар бұл заңды іс жүзінде бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдіктің рұқсатын алуға міндеттейтін бұрынғы талап сол күйі өзгерген жоқ деп сынаған.
  • NotExtremists телеграм-арнасының жазуынша, Петропавл, Қостанай, Шымкент, Семей, Ақтөбе және Орал қалаларында жергілікті әкімдіктер белсенділерге биыл 1 мамырда бейбіт жиын өткізуге келісім бермеген.
  • Топтың мәліметінше, 2020 жылғы 30 шілде мен 2024 жылғы 23 сәуір аралығында Қазақстанның 22 қаласы мен елді мекендеріндегі жергілікті билік органдары бейбіт наразылық, шеру не пикет өткізу жөнінде алдын ала берілген 640 хабарламаны алғанымен, іс-шара өткізуге рұқсат етпеген, биыл белсенділер митинг өткізетіні жөнінде 62 рет алдын ала хат тапсырған, бірақ билік рұқсат бермеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG