Accessibility links

Путин: Кемероводағы өрт салғырттықтан шыққан


Ресей президенті Владимир Путин сауда орталығындағы өрттен қаза тапқандарды еске алатын орынға гүл қойып тұр. Кемерово, 27 наурыз 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин сауда орталығындағы өрттен қаза тапқандарды еске алатын орынға гүл қойып тұр. Кемерово, 27 наурыз 2018 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 27 наурыз күні таңертең Кемерово қаласына ұшып барды. Ол өртенген "Зимняя вишня" сауда орталығында құрбан болғандарды еске алатын орынға гүл қойды. Екі күн бұрын бұл сауда орталығында болған өрттен ресми мәлімет бойынша 64 адам қаза тапқан.

Путин қайғылы оқиғаға "салғырттық пен ұқыпсыздық" себеп екенін мәлімдеп, "ақшасыз анықтама алу мүмкін емесін" және "ақшаға кез-келген құжатқа қол қойдырып алуға болатынын" айтты. "Бұл әскери іс-қимыл емес, шахтадағыдай кенеттен метан жиналып қалатын оқиға емес қой. Тұрғындар мен балалар демалуға барды. Біз демография туралы айтамыз, ал осыншалықты адамнан неге айырылып отырмыз? Бұл қылмыстық салақтықтан, немқұрайлылықтан болып отыр" деді Путин.

Кемеровода бүгін жүздеген тұрғын Советов алаңында стихиялы митингке шықты. Олар Кемерово облысының губернатооры Аман Төлеевтің отставкаға кетуін талап етті. Акцияға Төлеевтің өзі келмеді. Наразылық танытушыларға губернатордың орынбасары Сергей Цивилев шықты. Ол тұрғындардың қаза тапқандардың толық тізімін көрсету талабына сауда орталығындағы өрттен соң із-түзсіз жоғалған таныстары мен туыстары туралы полицияға хабарлауға кеңес берді.

"Зимняя вишня" сауда және ойын-сауық орталығында өрт 25 наурыз күні күндіз басталған. Ресей Тергеу комитетінің мәліметі бойынша, өрттен 64 адам қаза тапты. Бірақ куәгерлер іс жүзінде құрбандар саны "бұдан әлдеқайда көбін" айтады.

Оқи отырыңыз: Кемероводағы өрттен ондаған адам қаза тапты

Путин Кемеровоға барардан бір күн бұрын Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков президенттің жұмыс кестесінде бұл қалаға бару жоспары жоғын айтқан.

XS
SM
MD
LG