Accessibility links

Теміртауда "экологияны оңалту" жоспары таныстырылды


Теміртауда жауған қара түсті қар. Қарағанды облысы, 7 қаңтар 2018 жыл.
Теміртауда жауған қара түсті қар. Қарағанды облысы, 7 қаңтар 2018 жыл.

Теміртауда билік пен бизнес өкілдері, экологтар мен тұрғындар кездесіп, өндіріс орындары көп қаланың экологиясын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелерін талқылады. 27 наурызда өткен кездесуде қала экологиясын оңалтудың кешенді жобасы таныстырылды. Бірақ жоспар кездесуге қатысқандардың бәрінің бірдей көңілінен шықпады. Қоғам өкілдері мен кейбір экологтар өздерінің біраз ұсынысы әлдебір себеппен бұл жоспарға кірмей қалғанына қарсы болды.

- Ұсынылған жобаға біздің қала экологиясын жедел сауықтыру жоспарымыз енгізілмей қалыпты. Біз балалар ойнайтын алаңдар мен мектеп аулалары, қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үй аулаларындағы ластанған топырақ қабатын алып тастауды ұсынғанбыз. Топырақтың беткі 10 сантиметр қабатын алып, оны қалдықтар полигонына шығарып тастаса жергілікті. Орнына жасанды шөп төсеуге болады. Бұл шара ластанған топырақтан арылтады, - деді "Қарағанды облыстық экологиялық мұражайы" қоғамдық қорының директоры Дмитрий Калмыков.


Кездесуде қаланы ластайтын негізгі өндіріс саналатын "АрселорМиттал Теміртау" металлургиялық компаниясы автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуі керек деген мәселе қозғалды. Сарапшылардың пікірінше, ол жүйе шенеуніктер мен қоғам өкілдерінің ауаның нақты ластану деңгейін онлайн түрінде бақылап отыруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар экологиялық төлемдер мен айыппұлдан түскен қаржы қалада қалдырылып, Теміртаудың экологиялық проблемаларын шешуге жұмсалса деген ұсыныс та айтылды.

- Теміртаудағы экологиялық жағдай оңып тұрған жоқ: қара түсті қар жауады, тұрғындардың көбі қаладан кетіп жатыр. Экологияны жақсартуда ешнәрсе істеп жатқан жоқпыз. Компанияларға экологиялық төлемдер төлеп отыру тиімді. Премьер-министрге бұл қаржы республикалық бюджеттен өтелсе деген ұсыныс білдірмекпіз. Сонда ғана қаржы экологиялық проблемаларды реттеуге жұмсалады, - деді Республикалық тау-кен және металлургия кәсіпорындары ассоциациясының директоры Николай Радостовец.

Кездесуді Қарағанды облыстық әкімдігі мен "Қазақстанның экологиялық ұйымдары ассоциациясы" ұйымдастырып отыр.

Биыл қаңтардың басында Теміртауда жауған қар қара түсті болып, тұрғындар наразылық білдірген. Қаладағы бастамашыл топ "қара қарға қарсы" петицияға бес мыңнан астам адамның қолын жинаған. Петиция Астанадағы Әлия Назарбаева басқаратын "Экологиялық ұйымдар ассоциациясы" заңды тұлғалар бірлестігіне жолданған.

Оқи отырыңыз: “Қара қардың” себебін “Теміртаудың өз ішінен" іздейді

Депутат Айгүл Соловьева таныстырылған жоспарды сынап, оны қайта жасауды сұрады. Соловьева жоспардың кейбір тармақтары алға қойылған мақсатқа сай келмейтінін мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG