Accessibility links

Қызылордадағы атысты "бұзақылық" деп тергеп жатыр


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қызылордада 27 наурыз күні күндіз болған атыстан бір адам жараланып, ауруханаға түсті деп хабарлады жергілікті билік өкілдеріне сілтеген ақпарат агенттіктері. Полиция "жеті-сегіз адамнан тұратын топтың бұзақылық жасағаны" анықталғанын мәлімдеді.

Жергілікті ақпарат агенттіктері таратқан видеода қаланың орталық көшелерінің бірінде жас жігіттің артынан қуған топ адамнан қашып бара жатқаны, сәлден соң қолына қаруға ұқсас зат ұстап, оларға қарай жүгіргені көрінеді. Сосын қуғыншылар кері қашып, атыс үні естіледі.

Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев 27 наурыз күні кешке күдіктілердің ұсталғанын хабарлады. "Аталған бұзақылықты жасаған күдікті адамдар ұсталды, қазір олар тергеліп жатыр. Олардың жеке бас мәліметтері тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайды" деді Анарбаев журналистерге. Ол бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 259-бабы 3-бөлімі ("Бұзақылық") бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Анарбаев облыстық медициналық орталыққа дене жарақатымен түскен адамның жергілікті тұрғын екенін айтады.

Облыстық медициналық орталық директорының міндетін атқарушы Қанат Жундабеков ауруханаға түскен адамның кеудесіне оқ тигенін айтады. "Операция жасалып жатыр, жағдайы кейінірек белгілі болады" деді Жундабеков.


XS
SM
MD
LG