Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті ғимаратында әскери қызметкер әріптесін атып өлтірген. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратта қайғылы оқиға бүгін, наурыздың 31-і күні болғаны айтылған. Төтенше оқиғаға байланысты тергеу басталғаны туралы хабарлаған министрлік әзірше оның жай-жапсары туралы ешқандай мәлімет берген жоқ.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Талдықорғандағы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ғимараты қоршауға алынған. Оқиға болған жерде полиция мен әскери прокуратура қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.