Accessibility links

Белсенді Ардақ Әшімді емханаға еркінен тыс жатқызған


Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл
Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл

Наурыздың 31-і күні таңертең Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртылған шымкенттік азаматтық белсенді Ардақ Әшімді облыстық жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызған. Бұл туралы сенбі күні түстен кейін Азаттық тілшісі емдеу мекемесіне арнайы барып кездескен кезде белсендінің өзі айтты.

- Тергеуші Бақытжан Сыздықовтың шақыруымен бүгін таңертең сағат 10 кезінде облыстық ішкі істер департаментіне бардым. Тергеуші мені мәжбүрлі түрде жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы сот қаулысы шыққанын хабарлап, сосын қарулы полицейлер жедел жәрдем көлігімен осында алып келді. Өз еркімнен тыс, күйеуім мен қызымның келісімінсіз мені осында жатқызды, - деді ол.

Белсенді өзін жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы сот қаулысы қашан шыққанын білмейтінін айтады.

- Тергеуші маған ол қаулыны көрсеткен жоқ, өзі оқып беріп, соңында: "Шалға неге тиісе бересің? Сен қоғамға зиян келтіріп жүрсің!" деп қана айтты. Мені азаматтық белсенділігім үшін қудалап отыр деп санаймын, - дейді Ардақ Әшім.

Облыстық жүйке аурулары диспансерінің кезекші дәрігері Азаттық тілшісіне Ардақ Әшімнің бұл жерге күндізгі сағат 11:50 кезінде түскенін ғана растап, өзге сұрақтарға дүйсенбіде жұмысқа шығатын бөлім меңгерушісі жауап беретінін айтты.

Сенбі күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті мен Шымкенттегі Абай аудандық сотынан Ардақ Әшімге қатысты комментарий алу мүмкін болмады.

Осыдан екі апта бұрын полиция қызметкерлері Ардақ Әшімнің Шымкенттегі үйін тінткеннен кейін оны ОҚО ішкі істер департаментіне апарған. Белсендінің айтуынша, тергеушілер одан Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және одан наурыздың 21-і мен 24-і аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған соң босатқан.

Бұған дейін Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев сот тергеуі кезінде Ардақ Әшім есімді қолданушы Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жарияланғаны анықталғаны", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғаны туралы хабарлаған болатын.

Ардақ Әшім бұдан өзге жергілікті белсенді Сүйін Абулданың оған қарсы берген шағымы негізінде, Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша қозғалған тағы бір іс бойынша айыпталушы ретінде сотқа тартылып жатыр.

XS
SM
MD
LG