Accessibility links

Алматыда Forbes Kazakhstan және Ratel редакцияларын тінтіп жатыр


Арманжан Байтасов, Forbes Kazakhstan журналының шығарушысы.
Арманжан Байтасов, Forbes Kazakhstan журналының шығарушысы.

Алматыда Forbes Kazakhstan журналы мен Ratel.kz сайты редакцияларын полиция тінтіп жатыр.

Forbes Kazakhstan журналының шығарушысы Арманжан Байтасовтың айтуынша, 2 сәуір күні сағат 12:30 шамасында редакцияға қалалық ішкі істер департаментінің екі жедел тергеу тобы барған. Бір топ редакция кеңсесіне тінту жүргізе бастаған, ал екінші топ журнал бас редакторының орынбасары Александр Воротиловты алып кеткен. Байтасовтың сөзінше, тінтуге келгендер редакция өкілдеріне тінту туралы қаулыны көрсетуден бас тартқан. Тінту жүргізушілер қаулыны редакция заңгеріне ғана көрсеткенімен, оны суретке түсіртпеген. Редакция қызметкерлерін қазір кабинетте ұстап отыр.

Журналист Вадим Борейко да Facebook-те Ratel.kz сайтының редакциясында тінту жүргізіліп жатқанын жазды. Ол кейінірек редакциядан құжаттар мен компьютерлердің тәркіленгенін хабарлады.

Екі редакцияда тінтудің не үшін жүргізіліп жатқаны әзірге белгісіз. Алматы қалалық ішкі істер департаментінен бұған қатысты комментарий бермеді.

2017 жылы Алматы соты бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжанов пен ұлы Илхалид Кәкімжановтың пайдасына Forbes Kazakhstan және Ratel.kz-тен 50 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарған.

Ratel.kz пен Forbes.kz журналистік зерттеулерінде "Зейнолла Кәкімжановтың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар" деген тұжырым жасаған. Сот сонымен қатар Forbes.kz сайты мен оның әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан 10 мақаланы жоюға және тағы тоғыз мақалада келтірілген мәліметтерді терістеуге міндеттеген. Ratel.kz сайты сот "шындыққа сәйкеспейді" деп тапқан 13 мақаланы жойып, терістеуге міндетті болған.

Сот шешімімен келіспеген басылым журналистері оған шағымданатынын мәлімдеген. 30 наурызда Алматы соты Ratel.kz сайтын бұғаттау туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG