Accessibility links

Ratel.kz редакторлары ұсталғаны хабарланды


Марат Әсіпов, Ratel.kz сайтының редакторы.
Марат Әсіпов, Ratel.kz сайтының редакторы.

Алматыда Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіпов, орынбасары Сапа Мекебаев және журналист Анна Калашникова ұсталды деп хабарланды сайттың Facebook-тегі парақшасында.

Бүгін түске таман Ratel.kz және Forbes Kazakhstan журналының редакцияларын полиция тінте бастағаны хабарланған. Forbes Kazakhstan журналының шығарушысы Арманжан Байтасовтың хабарлауынша, тінтуге келгендердің бір тобы журнал бас редакторының орынбасары Александр Воротиловты алып кеткен.

Екі редакцияда тінтудің не үшін жүргізіліп жатқаны әзірге белгісіз. Марат Әсіпов телефон қоңырауына жауап бермей тұр. Алматы қалалық ішкі істер департаменті журналистердің ұсталғанына және тінтуге қатысты комментарий бермеді.

2017 жылы Алматы соты бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжанов пен ұлы Илхалид Кәкімжановтың пайдасына Forbes Kazakhstan және Ratel.kz-тен 50 миллион теңге өндіріп беру туралы шешім шығарған.

Ratel.kz пен Forbes.kz журналистік зерттеулерінде "Зейнолла Кәкімжановтың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар" деген тұжырым жасаған. Сот сонымен қатар Forbes.kz сайты мен оның әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан 10 мақаланы жоюға және тағы тоғыз мақалада келтірілген мәліметтерді терістеуге міндеттеген. Ratel.kz сайты сот "шындыққа сәйкеспейді" деп тапқан 13 мақаланы жойып, терістеуге міндетті болған.

Сот шешімімен келіспеген басылым журналистері оған шағымданатынын мәлімдеген. 30 наурызда Алматы соты Ratel.kz сайтын бұғаттау туралы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG