Ұлыбританияда жүйкені жансыздандыратын заттан уланған Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипальдың беті бері қарады деп хабарлады Reuters. 66 жастағы Скрипаль наурыздың 4-і күні Солсбери қаласындағы саябақтағы орындықтан қызы Юлиямен бірге ес-түссіз күйде табылғалы бері ауруханада ауыр халде жатқан.
Дәрігерлер Сергей Скрипальдың халі "тез жақсарып келе жатқаны" туралы мәлімдеген.
Бұған дейін Юлия Скрипальдың да денсаулығы тәуір бола бастағаны туралы хабарланған. Бейсенбі күні ол алғаш рет мәлімдеме жасап, осыдан бір апта бұрын ес жиғанын, енді өзін жақсырақ сезінетіні туралы айтқан.
Лондон әкелі-балалы Сергей және Юлия Скрипальдарды "Новичок" атты жүйкені жансыздандыратын затпен улауға қатысы бар деп Ресейді айыптайды. Мәскеу бұл айыптарды "еш дәлелі жоқ, жалаң сөз" деп жоққа шығарады.